Лай суды есекпен тасып ішетін ОҚО тұрғындары елдің жағасын ұстатты (видео, фото)
Жарияланған күні:
Минералды суымен күллі республикаға танымал ОҚО-дағы Сарыағаш ауданының халқы ауыз суға жарымай отыр. Арықтың лай суын есек арбамен тасып ішетін қараша халық жергілікті биліктің қол қусырып қарап отырғанына ашынады. Аурудан ажал құшқанымызды күте ме деп күйінген олар жанайқайын өңірдегі NUR.KZ тілшісімен бөлісті.
Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ ауылының халқы үшін таза су ішу арман болған. Осыған дейін Өзбекстаннан келетін канал суына телміріп келген олар соңғы жылы оған да зар боп қалыпты. Себебі канал суы күн санап тартылып барады.
Ауыл халқының кейбірі каналдан аққан су келіп құятын арықтың суын тұтынады. Лай суды бөшекелерге толтырып, есекпен үйге жеткізіп, содан кейін барынша тұндырып ішеміз дейді. Ал шамасы келетіндер ауыл басындағы құдық суын сатып алады. Кей бірі әр литріне екі теңгеден төлеп, арық суын тазартқыш қондырғыдан өткізіп алады. Осылайша бір айда әр отбасы тазартқыштан өткен мөлдір суды ішкісі келсе, шамамен бес мың теңгедей ақша жұмсайды.
"Билікке шағымымызды айтып шаршадық" деген тұрғындар тіпті, елбасыға дейін хат жазыпты. Сонау Астанадан мәселені шешу бойынша тапсырма келгенімен, басшылық одан да нәтиже шығармады дейді олар.
"Ауыл халқы атынан президенттен араша сұрап хат жаздық. Кейін аудан әкімі келіп, жиналыс өткізді. Бірақ көп ұзамай ол әкім басқа қызметке ауысып, орнына Қайрат Әбдуәлиев әкім боп келді.
Қазіргі аудан әкімі ауылымызға келмейді. Бір-ақ рет келген. Ауыл халқы әкімді сол кезде көрді. Оның өзінде жергілікті басылымда ауыз су туралы мәселе шыққан соң халықпен кездесіп, елден кешірім сұрады. Барлығын істеп береміз деп уәдені үйіп-төкті де, ешнәрсе істемеді",- дейді ынтымақтық зейнеткер Тұрғын Тұрсынбеков.
Шыдамы бітіп, шағым жазудан әбден шаршаған зейнеткер соңғы жылдары ауылда аурудың да көбейіп кеткенін айтып отыр.
"Каналдан келетін сумен егінімізді суғарамыз, әрі ішеміз. Оның ішінде егіннен аққан селитра мен түрлі тыңайтқыштар бар. Осыдан екі жыл бұрын халықтың көбі іш ауруына шалдықты. Емделіп, зорға аман қалды. Қиналып кеттік. Судың қорлығы әбден өтті",-деді Тұрғын Тұрсынбеков.
Тұтастай бір ауылдың басты проблемасына қатысты "халқының өзі сирек көретін" әкімнен пікір алу тілшілерге де бұйырмады. Оның қауырт жұмыстан қолы тимепті.
Ал ауыз су мәселесіне қатысты жауап берген тұрғын үй-шаруашылық бөлімінің бас маманы ауыл халқы лай су ішіп отырған жоқ деп сендіргісі келді.
"Лай су емес, ұңғыма басынан су ішуде халық. Литрі екі теңгеден сатылады. Енді әр тұрғынға жауап бере алмаймын, мүмкін сондай су (автор: арық суы) ішіп жатқандары да бар шығар.
Негізі құдық басында "фильтр" орнатылған. Былтыр Ынтымақ ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жер асты су қорын іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп, биыл сәуір айында қорытындысы шықты. Қазір тиісті құжаттар жинақталуда. Бюджетке ұсыныс енгізген соң, ауылды ауыз сумен қамту шамамен алдағы үш жылға жоспарланған",-деді бас маман Арухан Қайратова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1735483-laj-sudy-esekpen-tasyp-isetin-oko-trgyndary-eldi-zagasyn-statty-video-foto/