Қарағанды облысында мектеп директоры мұғалімдерге мәжбүрлеп несие алғызған
Жарияланған күні:
Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Ақой ауылындағы орта мектептің мұғалімдері білім ордасының директорынан қысым көріп отырғандарын айтып шағымданды. Олар NUR.KZ порталының 8 747 535 12 98 WhatsApp нөміріне хат жолдап, кімнен көмек сұрарын білмей, шарасыз күй кешіп жүргендерін жеткізген.
Ақой ауылындағы жалпы орта мектептің мұғалімдері түгелдей директор үстінен арызданып, оның жиі ақша жинайтынын, мұғалімдерге дөрекі сөйлеп, қызметін асыра пайдаланатынын айтып отыр. Ол аздай, кей мұғалімдерге мәжбүрлі түрде несие алғызған дейді ұстаздар.
"Сегіз мұғалімнің әрқайсысын кабинетіне жеке-жеке шақырып алып, несие алып беруін сұрады. Оған көнбеген ұстаздарды үнемі тығырыққа тіреп, соңына түсіп алады.
Мектепте екі мұғалім оның айтқанына көніп, банктен несие алып берген. Сосын директор оны төлемей қойып, әлгі ұстаздың отбасында жанжал шыққан. Одан басқа, мұғалімдердің әрқайсысынан 150 мың теңге, 80 мың теңге, кей бірінің айлығын түскен-түскенінше сыпырып алып отырған", - деп зар иледі мұғалім.
Қазір Ақой орта мектебінде жұмыс істейтін 25 ұстаздың 20-сы басшыға қарсы арыз жазып отыр. Айтуларынша, олар бүгінге дейін аудандық білім бөліміне, құқық қорғау органдарына шағымданған. Алайда одан еш нәтиже шықпапты.
"Шет аудандық білім бөлімінің басшысы мектепке келіп жиналыс жасады да, директорға сөгіс жариялап кетті. Біз онымен мүлдем жұмыс істей алмаймыз. Несие алғызғанын, ақша жинағанын біле тұра, сөгістен асып ешқандай шара қолданбады. Директордың заң алдында жауап бергенін қалаймыз", - дейді педагогтар.
Мектеп басшысына ондағы ұстаздар ғана емес, оқушылардың ата-аналары да қарсылық танытып отыр. Баласының білімі мен тәрбиесіне алаңдаған олар жергілікті басшылық тарапынан шара қолдануын талап етіп отыр.
"Осы басшы келгелі мектеп мұғалімдерін де, ата-аналарын да жік-жікке, руға бөліп, жанжалдастырып қойды. Онда балалардың алаңсыз білім алуына мүмкіндік жоқ. Осындай бей-берекетсіздіктер тоқтатылып, директорға шара қолданылмаса, келесі оқу жылында бір ауыздан балаларымызды мектепке алып бармаймыз", - деп ашынды ата-аналар қауымы.
Аталмыш мәселеге байланысты NUR.KZ порталының тілшілері Қарағанды облыстық білім басқармасына хабарласқан. Өңірдегі білім мен тәрбиеге жауапты мекеме Ақойдағы даулы жағдайдан хабардар болып шықты. Алайда олар редакция жолдаған сауалға "уақыт болмай жатыр" деп қана жауап берді.
"Қолымыз тимей жатыр жауап беруге. Бастық та, өзіміз де білеміз Ақойда болып жатқан оқиғаны. Оған тексеріс жүргізіп қойғанбыз. Басшының уақыты болған кезде оған кіріп, ақылдасамыз", - деп қысқа қайырды Қарағанды облыстық білім басқармасындағы Шет ауданына жетекшілік ететін бас маман.
Қызықты жаңалығыңыз болса, NUR.KZ порталыныңы WatsApp нөміріне жолдаңыз: 8 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1735895-karagandy-oblysynda-mektep-direktory-mgalimderge-mzbrlep-nesie-algyzgan/