Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мектеп деген аты ғана": ОҚО-дағы жаңа білім ордасы екі жыл өтпей қирайын деп тұр (фото)

Жарияланған күні:

ОҚО, Төлеби ауданындағы су жаңа мектептің берекесі кеткеніне биыл екінші жыл. Балаларымыз жаңа мектепте оқитын болды деп қуанған қараша халық ол нысанның мектеп деген аты ғана бар, ал сапасы сын көтермейді деп дабыл қағуда. Бұл туралы тұрғындар өңірдегі NUR.KZ тілшісіне айтып берді.

ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ
ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ: UGC

Төлеби ауданы, Кеме қалған ауылдық округіндегі "Әңгір ата" жалпы орта мектебінің құрылысына 342 млн теңге жұмсалған. О баста 150 орындыққа лайықталып салынған мектепте 300-ден астам бала оқиды.

Нысанның пайдалануға берілгеніне биыл екі жыл. Былтырдың өзінде ғимараттың сыртқы қабырлағалары түсе бастаған.

ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ
ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ: UGC

Сыннан көз ашпай келе жатқан білім ұясындағы жағдайға алаңдаған халық жауаптылар нысанды о баста қалайша қабылдап алған деп аң-таң.

"Мектептің сыртын былтыр жөндеуден өткізді. Биыл тағы қабырғалары үгітіліп жатыр. Жаңадан салынды деген аты ғана. Сыртын қоя беріңіз, ішіндегі қабырғаларына да сызат түсіп, жарылып жатыр... Мектепке балалар сыймайды. Дайындық бөліміндегілер кешке қалып кетеді", - деді тұрғындар.
ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ
ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ: UGC

Білім ұясындағы бұл кемшіліктерді мектеп ұжымындағылар да жасырмады. Жұмыс орнында директоры болмағандықтан, сауалымызға мұғалім Сейтжаппар Қуанышбаев жауап берді.

"Мектеп 2016 жылы берілді. Қабылдап алынған кезінде кемшілік болмады. Қатты жел соғып, жауған жауыннан соң сыртындағы қабырғалары түсе бастады. Көктем кезінде тіптен үдейе түсті.
ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ
ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ: UGC

Былтыр жазда мердігер компания жөндеп берді де, енді түспейді деп айтқан болатын. Биыл тағы қайталанды. Оған қоса ғимарат ішіндегі қабырғалары да жарыла бастады. Бес кабинеттің еденін бояу мұғалімдерге жүктелген.

Олар өз қалтасынан шығарып істей ме немесе ата-ананы демеушілікке тартады ма, әйтеуір еден жыл сайын боялуы тиіс", - деді мұғалім Қуанышбаев.
ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ
Мұғалім Сейтжаппар Қуанышбаев. Фото: NUR.KZ: UGC

Мектепте оқуға қажетті жабдықтар да түгел емес. Сейтжаппар Қуанышбаев мердігер компания сметада көрсетілген жабдықтарды жеткізіп бергенін, ал химия кабинетіне қажетті жабдықтар қарастырылмағандықтан оқушылар тек теория жүзінде білім алуға мәжбүр екенін айтты. Себебі аудан әкімшілігіндегілер "жабдық келмейді" деген қысқа ғана жауап берген екен.

ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ
ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ: UGC

Кемшіліктен көз ашпай келе жатқан білім ұясының алдағы жағдайына қатысты аудандық құрылыс бөліміндегілерден сұрап білдік.

Мердігер компанияға шаң жуытқысы келмеді ме, әйтеуір шенеунік мектептің сыр бере бастауын жел мен жауыннан көріп отыр.

"Мектеп арнайы экспертизадан өтіп, комиссияның шешімімен қабылдап алынды. Бес жыл кепілдік мерзімі берілген. Енді ауа райы әртүрлі болады, жауын-шашын, жел. Жауған бұршақ салдарынан сыртқы қабырғалары тесіліп, су өтіп, құрамы езіле бастаған.
ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ
ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ: UGC

Мердігер компания жұмыстан қашып отырған жоқ. Кемшілікті мойындап, оны түзетіп беруге дайын. Мамыр айында жөндеп береміз деген, оқу жылы аяқталмаған соң балалардың қауіпсіздігін ойлап, оларды тоқтаттық.

Қазір жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер компания екі апта уақыт сұрады. Біз жазғы демалыс кезінде асықпай, кемшілік келер жылы да қайталанбайтын етіп жөндеп беруін тапсырдық. Қазір біз күн сайын сондамыз, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр", - деді құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Шыңғыс Сейітов.
ОҚО-дағы "су жаңа мектеп". Фото: NUR.KZ
Шыңғыс Сейітов. Фото: NUR.KZ: UGC

Жүргізілетін жөндеу жұмысынан енді кемшілік болмайды деп үміттенген сектор меңгерушісі егер олқылық қайталанса, мердігер компаниямен соттасамыз деп бекініп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1736532-mektep-degen-aty-gana-oko-dagy-zaa-bilim-ordasy-eki-zyl-tpej-kirajyn-dep-tr-foto/