Шымкентте ақ жаулықты әжелер тастанды сәбилерді бесікке салды (фото)
Опубликовано:
Шымкенттегі бөбектер үйінде тәрбиеленіп жатқан тастанды бес сәбидің бесікке салу рәсімі өтті, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Шымкенттегі бөбектер үйінің тәрбиеленуші бес сәбиі қазақи дәстүрмен бесікке салынып, оларға ақ жаулықты аналар баталарын берді. Ерекше тебірентерлік сәт, бесікке салынған сәбиді тәрбиешілері "сатып алып", көптің жүрегін елжіретті.
Айта кетейік, баланы бесікке салу рәсімінде қазақи жөн-жоралғының барлығы сақталды. Бесік үстіне тоғыз түрлі бұйым жабылып, баланы бөлеген әйел түбектің тесігінен тәттілерді қатысушыларға үлестіріп берді.

Бөбектер үйінің бас дәрігері Салтанат Әбдіразаққызы өз сөзінде "Тәрбие - тал бесіктен" демекші, сәбилерге қазақи салт-дәстүрді бойына сіңіртуді басты мақсаты еткенін атап өтті. Одан өзге бас дәрігер алдағы уақытта бесікке салынған бүлдіршіндердің тұсау кесер мен тіл ашар тойын өткізуді жоспарлап отырғанын да жеткізді.

Айта кетейік, бесікке салынған сәбилердің барлығы тастанды балалар. Оның екеуі Севи және Сұлтан есімді егіздер.

Жаңалығыңыз болса, порталдың WhatsApp нөміріне жолдаңыз: + 7 747 535 12 98
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1737121-symkentte-ak-zaulykty-zeler-tastandy-sbilerdi-besikke-saldy-foto/