Түркістан облысындағы шипажайдың емделушілері шу шығарды (видео)
Жарияланған күні:
Түркістан облысындағы оңалту-сауықтыру кешеніне келген ем алушылар шу шығарды. Айтуларынша, қол арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандар ем алуға зар боп отыр. Ғимарат ішінде жүріп-тұру азапқа толы. Дәретке шығу үшін арбадан түсіп, жорғалап жетуге мәжбүр деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Мемлекет есебінен берілетін тегін жолдамаға қол жеткіздік деп қуанған емделушілердің бұл қуанышы сенімді ақтамапты. Көңіліне қаяу түсірген жайтты Жамбыл облысы, Сарысу ауданынан келген ІІ-топтағы мүгедек Ескендір Тұрысбеков ашына жеткізді.
Көршілес жатқан облыста тұратын мүмкіндігі шектеулі жан Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы "Ақсу-Жабағылы" оңалту-сауықтыру кешеніне келген күннен бастап жаға ұстатарлық жайтқа тап болған.
Айтуынша, алдымен мүмкіндігі шектеулі жан екеніне қарамастан орталықтағылар оны төртінші қабаттағы бөлмеге орналастырған.
Шағым айтып жүріп астыңғы қабаттағы "Люкс" санатындағы бөлмеге ауысқан ол ондағы жағдай да мәз емес болғанын алға тартты.
"Бізді 20 күнге осында ем алуға жіберген. Дені сау демалушыларға жауап бере алмаймын, өзім секілді мүгедек жандарға ем жоқ. Пандус жоқ, енді жасалынып жатыр, оның өзі ағаштан. Бөлмелердегі әжетханаға қоларба есігі сыймайды.
Арбадан түсіп, мүгедек адам төрт тағандап алты метрдей жердегі унитазды қолмен ұстап тізерлеп бару керек. Одан қайтып шығады да арбасына мінеді. Ал әжетханада не деген микробтар бар мәселен", - деді ол.
Бұдан өзге мүмкіндігі шектеулі жан жуынуға арналған жағдай да қарастырылмаған дегенді алға тартты. Кейбір бөлмелердегі душ қондырғысының тозығы жеткен. Оның өзі еденнен елу сантиметрдей биіктікке қойылған.
"Өзі жүре алмайтын адам оған қалай шығады", - деп сөзін жалғады Ескендір Тұрысбеков.
Ең сорақысы, массаж бөлмесіне кірерде берілуге тиіс бахиланың өзін көрмедім дейді ол. Орнына бір реттік пакет (целлофан) беріп, ем алып шыққан соң "қалталарыңызға салып жүріңіздер" деп айтыпты. Себебі пакетті қайтқанша амалдап, пайдалануы қажет екен.
Көңілінен шықпаған кешендегі түйткілдерді қызметкерлерге жеткізбек болып бір топ ем алушы шағымын айтқанда, ондағылардың берген жауабы тіптен төбеден жай түсіргендей болыпты.
"Дәрігер осынша тамақ ішіп, осындай таза ауа жұтқандарыңызға қанағат етіңіздер деп айтып жатты... Ал басшының орынбасары көпшіліктің көзінше "Төрт жыл шыдаңыздар, бұл жер сүрілуге кетеді. Сосын төрт жұлдызды санаторийде демаласыз" деді. "Төрт жыл менің өмір сүруіме сен кепілдік бере аласың ба?.. Сен сонда төрт жыл мемлекеттің берген ақшасын жеп отырып, бесінші жылы ғимарат саласың ба бұл жерге?" дедім мен" , - деп ашынды ІІ-топ мүгедегі.
Кешен басшылығы ем алушылар тарапынан түскен шағымдардың кейбірін жоққа шығармады. Тіпті жауаптыларды жұмыстан да қуып үлгеріпті.
"Мүгедектер айтқан бір-екі мәселе бар. Барынша қолдан келгенше түзеуге тырысып жатырмыз. Ал ем алуға жете алмай жатырмыз дегені шындыққа сай емес. Өйткені оларға қызмет көрсететін медбике мен медағалар бар...
Қызметкерлер дөрекі сөйледі деген шағымға қатысты айтар болсам, оларды жұмыстан босаттық. Себебі әрбір қызметкер дем алушыларға сыпайы сөйлеуі қажет.
Жуынатын бөлмедегі мәселе: бір-екі бөлмеде боп қалды ондай жағдай. Жедел түрде жөндеуге тырысып жатырмыз", - деді оңалту кешенінің бас директоры Рахымжан Қуанышбек.
Басшының сөзіне сенсек, кешенде дәретхана мәселесі келушілерді мазалап жатқан жоқ. Онда дәретхана бөлмесінің есігіне сыятын арнайы арба қарастырылыпты.
Айтпақшы, сауықтыру кешеніне 20 күнге ем алуға келген Ескендір Тұрысбеков ол мекемеден 10 күн өткен соң қайтып кеткен. Мәселені анықтау үшін Жамбыл облысындағы жауаптыларға шағымын да жеткізіп үлгерген азамат одан нәтиже болмады дейді. Соңғы үміт облыс әкімі Асқар Мырзахметовте деп отыр.
"Жамбыл облысының әкіміне өтінішім бар. Бізді қалай жіберді бұл жерге? Бұл кісілердің біз сияқты мүмкіндігі жоқ азаматтарды қабылдауға ешқандай дайындығы жоқ. Комиссия қайда қарады? Тендерді қалай ұтып алып отыр? Осындай сұрақтарым бар", - деп күйінді жамбылдық тұрғын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1744435-trkistan-oblysyndagy-sipazajdy-emdelusileri-su-sygardy-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.