ШҚО-да "Алтын алқа" иесі өзін "алдап соққан" серіктестіктің былығын әшкереледі
Жарияланған күні:
ШҚО-да мемлекеттік бағдарлама бойынша несие үлестірген серіктестік қызметіне қатысты шу шықты. Осыдан бірнеше жыл бұрын мекемеден несие алып, онысын қайтарған жұрт, енді алған "қарызын" қайтармай, қашып кеткен тұрғындардың несиесін төлеп әлек. Бұған себеп, несие серіктестігінің "құжатқа жалған қол қоюы" болып отыр. Өкініштісі, өзгенің несиесін жауып, жалақысының жартысынан көбін аударып отырғандардың арасында "Алтын алқа" иегері де бар. Даулы мәселенің мән-жайын NUR.KZ тілшісі анықтап көрді.
Аягөздік көп балалы ана Гүлшырын Оразбекова осыдан 6 жыл бұрын мемлекеттік "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасы бойынша несие алып, мал басын көбейткен қарапайым ауыл тұрғындарының бірі. Айтуынша, 2012 жылы "Демеу-қаржы" несие серіктестігінен тұп-тура 3 миллион теңге көлемінде қаржы алған ол, былтыр оны 3 млн 560 мың теңге көлемінде қайтаруы тиіс екен. Алайда, жергілікті несие серіктестігі өкілінің "өсімақыны қолдан" жасауының себебінен, көп балалы ана тіпті 3 млн 724 мың теңге көлеміндегі, яғни бекітілген сомадан 164 мың теңгеге артық ақша төлеуге мәжбүр болыпты.
"Бұл жерде мәселе былай болып тұр. Біз ай сайын алған несиеміздің қаржысын жергілікті несие серіктестігінің шотына аударамыз. Ал олар болса осы қаржыны "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы есебіне аударуы тиіс. Міне мәселенің бәрі осы тұста туындап отыр. Біз несиені уақтылы, келісімшартта көрсетілгендей 0,1 пайызбен қайтарып отырғанымыз не керек, мына серіктестік ол жаққа бізді "уақтылы аудармады, сол себепті 0,5 пайыз мөлшеріндегі өсімақы төлеуі тиіс" деп міндеттеп қойды. Сөйтіп, 160 мыңнан астам артық ақша төлеуге тура келді.
Бұл аздай, аталған қызметке кепілдеме ретінде 300 мың теңге тағы бердік және осы серіктестіктің өкілінің еңбекақысы деп 90 мың теңге ұстатқан едік. Келісімшарт бойынша, аталған 300 мың теңгені несиені қайтару уақыты аяқталған уақытта, олар қайтаруы тиіс еді. Былтыр бермеді, биыл балам мектеп бітіретін кезде ақша керек болып, серіктестік өкіліне аталған соманы қайтар деп тағы бардым.
Ол кезде де қайтармады. Сорақысы сол, бұл мекеме сыртымыздан кепілдеме жасап, оған біздің қолымызды "өз аттарынан" қойып, қарызын қайтара алмаған жандардың несиесін төлетіп отыр. Яғни, ортақ жауапкершілік деген желеумен, несиесін төлемей, қашып кеткен жандардың қарызын қайтартып отыр. Өзім мектепте кітапханашымын, 7 балам бар, ай сайын 31 мың теңге жалақымды аузымнан жырып беріп отырмын. Әділеттілік қайда? Олар несиені алып, қашып кету керек те, біз сияқты бейбақтар олардың қарызын қайтару керек екенбіз?",-деп ашынды көп балалы ана.
Сонымен бірге "Алтын алқа" иегері кепілдемедегі қолдың жалған екенін дәлелдеу үшін, бірқатар құзырлы мекемелерге барғанын айтты.
"Облыстық ішкі істер департаменті қолдың жалған екенін анықтау үшін, оны сараптама орталығына бірнеше рет жіберді. Олар менен бірнеше рет өз жазбам бар парақтарды, тіпті бірнеше дәптерлерді сұратты. Бірақ, қолжазбаны көретін жаңағыдай парақтар саны аз, дәйектер жеткіліксіз деп, өтінішімді қайтарумен болды. Осы мәселе бойынша, бармаған жерім баспаған тауым қалмаған шығар.
Аудан әкіміне де, облыстық прокуратураға да бардым, бірақ мәселенің шешілетін түрі жоқ. Енді бұл жақтан нәтиже шықпаса, Жоғары сотқа дейін бармақпын. Әділеттілік орнауы тиіс, бұлай үкіметтің ақшасымен қалтасын қампайтып, пайда тапқысы келетін серіктестік заң алдында жауап беруі керек",-дейді ашынған тұрғын.
Аталған мәселе бойынша, Аягөз ауданы әкімдігіне хабарласқанымызда, ондағылар "серіктестіктің ішкі жұмысына араласуға құзыреті жоқ екенін, дегенмен тұрғындардың жанайқайын шешу мақсатында бірқатар құзырлы органдарға хат жолдағандарын" айтып берді.
Сонымен бірге, көп балалы ананың жанайайқайына өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да бей-жей қарай алмаған. Олар аталған мәселені тіпті, үкімет деңгейінде де көтеріпті.
"Облыста осы мәселеге қатысты, бірқатар министрліктердің өкілдері, депутаттардың қатысуымен жиын өтті. Сол кезде біз тым құрыса жаңағы өсімақыны артық төлеудің заңға қарама-қайшы әрекет екенін дәлелдеуге тырыстық. Себебі, мемлекет ол қаржыны серіктестің қалтасына емес, елдімекендердегі қарапайым ауыл азаматтарына өз кәсібін ашу үшін берген еді. Сосын, заң алдында несиені төлеп біткендерді емес, керісінше, төлемей қашып кеткендерді жауапқа тарту қажеттігін алға тартқан едік. Бірақ, неге екенін белгісіз, сот шешімі серіктестіктің пайдасына шешілді",-деді Аягөз аудандық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілі.
Аталған мәселеге қатысты, "Ертіс" ӘКК-на хат жолдағанымызда, ондағылар "көп балалы ананың жалған қолға қатысты айтқаны тек жалаң сөз екенін, оны дәлелдеу қажеттігін және сот шешімімен келіспейтін болса, оған қайта шағымдануға құқылы" екенін атап өтті.
Ал, көп балалы ананы шырылдатып, өзгенің несиесін төлеуге мәжбүрлеп қойған "Қаржы-демеу" несие серіктестігінің (авт. бастапқыда несиені үлестірген аудандық жекеменшік мекеме) жетекшісі болса, осы мәселе жөнінде пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты.
Құжаттағы шикіліктің кесірінен жалақысының жартысын несие жабуға беріп отырған Гүлшырын Оразбекова, енді қолдың жалған екенін дәлелдеу үшін, жекеменшік сараптама орталықтарының көмегіне жүгінемін деп отыр. NUR.KZ тілшілері аталмыш мәселені алдағы уақытта да өз бақылауында ұстайтын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1746452-sko-da-altyn-alka-iesi-zin-aldap-sokkan-seriktestikti-bylygyn-skereledi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.