Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Туған анасы аяусыз соққыға жығып, еркектерге сатқан қызға қатысты жаңа дерек шықты

Опубликовано:

Туған анасы мен әжесінен жылдар бойы адам төзгісіз қорлық көріп, ес-түссіз күйде ауруханаға түскен алматылық жасөспірімнің оқиғасы қазақстандықтарды бей-жай қалдырмаған еді. Анасы еркектерге сатып, оны аяусыз ұрып-соғып келген 14 жастағы қызға қатысты тың дерек шықты. Анасы қыздың денесіндегі жарақаттарды жасыру үшін оны ыстық су толтырылған ваннаға жатқызып, азаптаған деп хабарлайды "Еуразия" арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Көрнекі фото: sobkor02.ru
Көрнекі фото: sobkor02.ru: UGC

Жеткіншек қазіргі таңда қамқоршыларының қолында уақытша тұрып жатыр. Бұдан бұрын, бауыр еті баласын еркектерге 200 теңгеге сатып келген қатігез ананың әрекеті туралы ақпарат әлеуметтік желілерде желдей есіп, көптің ызасын тудырған еді.

Туғандарынан таяқ жеп, өмірден түңілген қыз бала балконнан секіріп өлмек болғанда, көршілері әрең дегенде райынан қайтарған. Сөйте тұра, зардап шегушіні құқық қорғаушылар анасының әңгіртаяғынан құтқара алмай келген еді. Бүгін шырғалаңы көп оқиғаға қатысты тағы бір шындықтың беті ашылды.

Туғандарынан теперіш көрген қыз баланы тасбауыр анасы алып кеткен отбасы бұдан бұрын қыздың үлкен әпкесін де өз үйінде бағып өсіргені белгілі болды. Ал жасөспірім қызды өздеріне беруді сұрағанда, жеткіншектің анасы үзілді-кесілді қарсы болған. 

"Бұл жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Мен бұл қыздың әпкесін де бағып-қаққам, үш айлығында алып, 5 жасқа дейін өсірдім. Оның анасы да балалар үйінде өскен, 26 жасында үлкен қызын босанды. Сондықтан оған бала тәрбиелеу қиын болды. Біз үнемі жанында болдық. Ол кезде ол жақсы ана болатын, үнемі үйге келіп қызына жеміс-жидек, киім - кешек алып келеті. Кейін не болғанын біз білмейміз", - дейді қамқоршының анасы.

Қазір 14 жастағы жеткіншектің анасы қызына қамқорлық танытқан Барсуковтар отбасына беруге дайын екенін айтыпты. 

"Мен баланы беруге дайынмын деді. Ол үшін үйге нотариус, прокурор, тағы  құзырлы орган өкілдерін алып келіңдер, бәрін үйдің ішінде отырып рәсімдеп беремін деді. Ал өзі құзырлы органдарға барудан бас тартып отыр", - дейді ол.

"Дәрігер болып, елдің бәрін емдегім келеді. Өскенде анамды, әжемді алып, солармен көңіл көтеріп, саяхаттағым келеді", - дейді жасөспірім қыз.

Жеткіншек туған анасы мен әжесін жат санайды. Жасөспірім 1,5 жаста болған кезде анасы есірткі таратқаны үшін түрмеге тоғытылып, бүлдіршін сәбилер үйінен бір шыққан. Бес жылдан соң абақтыдан босап шыққан келіншек жатақхананың бір бөлмесіне қол жеткізу үшін ғана қызын балалар үйінен алып кетіпті. Екі айдан соң қыз баланы әжесі аяусыз ұрып-соққан. Бас сүйегі шытынап, миына зақым келген бүлдіршіннің бір құлағының жарты жарғағы жоқ. 

"Мен жуынып жатқан сәтте, анам келіп кілтпен ұрды. Соққыдан құлақ жарғағымның жартысы жұлынып кетті. Кейде денемде соққыдан көгерген іздер болса, ыстық су толтырылған ваннаға жатқызатын. Жұдырықтың ізін жасыру үшін қайнап тұрған суда жатамын деп есімнен танып қалған кездерім болды", - дейді ол.

Анасының бұрынғы құрбысы қыздың қамқоршысы 14 жастағы қыз баланың балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан кезде жолдасы екеуі асырап алмақ болған. Бірақ жоспарлары жүзеге аспапты. Өткен жылы құрбысын кездестірген Надежда жасөспірімнің қиын жағдайда екенін біліп, үш ай үйінде тұрғызған.

Тіпті мектепте үш класс қана оқыған оның, орта білім алуға құжат рәсімдеген. Алайда, мектепке жарамдылығын тексерген дәрігерлер, оның мүгедек екенін айтыпты. Ақ халаттылар жасөспірімнің ағзасында эпилепсия ошағы бар деген диагноз қойған. Мамандар сондай-ақ, жасөспірім қыздың ақыл-есі мен физикалық дамуында ақау бар екенін анықтаған екен. 

"Психолог онымен әңгімелесіп, түрлі сұрақтар қоя бастаған кезде ол, еркектің жыныс мүшесінің қандай екенін білетінін айтты. Сол сәтте менің үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Менімен сөйлескен сәтте мұндай нәрсені айтпайтын. Психолог маған қарап, баланы қайдан алғанымды сұрады", - дейді қызды өз қолына алған әйел.

Қыз баланы тексерген гинеколог, оның жыныс қынабынан бірнеше тыртықтың барын анықтаған. Кейін мамандар жасөспірім қыздың қолына блокнот беріп, үйіндегі бар жайттың бүкпесіз жазуды сұрағанда, жасөспірім өз анасы 12 еркекке 200, 800 теңгеге сатқанын жайып салды.

Қорғансыздың күнін кешкен қызды өз қолдарына алған отбасы қазір құжат жинап, шыр-пыр болып жүр. Баланы асырап алуға ерлі-зайыптылардың екі апта уақыты қалды. Баланың қамқоршысы қазір қыз баланың туған анасын ата-аналық құқығынан айыратын соттың тезірек өтуін армандайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1746841-tugan-anasy-aausyz-sokkyga-zygyp-erkekterge-satkan-kyzga-katysty-zaa-derek-sykty/

pixel