Ақтөбеде мүгедектігі үшін әйелі тастап кеткен ер адам нағыз махаббатын тапты (фото)
Жарияланған күні:
Кеше Ақтөбеде ерекше той өтті. Арбада отырған І топ мүгедегі Ерғұлан Шамшетов өз тағдырласымен бас қосты. 49 жастағы азаматтың арбаға таңылғанына 20 жылға жуықтаған деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
Саудамен айналысқан ер адам 31 жасында пойыздан құлап, жүре алмай қалған.
"Бұрын отбасым болған. Мен жүре алмай қалған кезде-ақ ол келіншек баланы алып, кетіп қалды. Бір қызым бар. Араға 20 жыл салып оңтүстіктің қызын алып келгеніме қуанып отырмын. Екеуміз WhatsApp желісінде мүгедектер отыратын топта таныстық. Өткен айда бауырларымен кездесіп, әкесінің алдынан өттім. Анасы жоқ, бірақ әкесі жақсы адам екен", - дейді Ерғұлан Шамшетов.
Ерғұлан келіншегін Түркістан қаласынан алып келді.
"Жолдасыммен танысқаныма бір жылдан асты. Телефонмен сөйлесіп жүрдік. Тағдырдың өзі қосқан шығар, бүгін бас қосып жатырмыз. Оған "мәңгі бірге боламын" деп уәде бердім. Алладан бақыт сұраймын. Ол кісі алғаш ұсыныс жасағанда сенген жоқпын. Шымкент қаласында кездескенімізде ұсыныс жасады. Бірден келістім. Мені де сүйетін адам бар екен-ау деп ойладым. Бақыттымын", - дейді Зибагүл Әбенова.
Жаңа түскен келін - қолөнер шебері. Моншақтан түрлі бұйымдар жасайды.
"15 жасымда тұмаудан ауырып, дертім асқынғаннан жүре алмай қалдым. Дәрігерлер инфекциядан болғанын айтады. Бұрын тұрмысқа шықпағанмын", - дейді келіншек.
Ерғұланның 79 жастағы анасының қуанышы ерекше.
"Балам екеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Менің зейнетақымды 40 мың теңге пәтерге төлеп, баламның жәрдемақысы тамаққа кетеді. Үкіметтен көмек болып, балама пәтер берсе деген тілегіміз бар. Түбінде өзімізге меншік болып қалатын пәтер ақысын төлеп отырсақ та қуанар едік", - дейді анасы Гүлшат Мұғалова.
Отбасы Ақтөбеге 2005 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1747138-aktbede-mgedektigi-sin-jeli-tastap-ketken-er-adam-nagyz-mahabbatyn-tapty-foto/