Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атышулы ақтөбелік "Қыдыр ата" емделуге келген халыққа "дискотека" жасап берді (видео)

Жарияланған күні:

Халыққа "Қыдыр ата" деп танылған ақтөбелік емші Жанарыс Жақсылықұлы NUR.KZ порталына сұхбат беріп, еміне дауа іздеп келетіндер туралы шындықты айтты. Атышулы емшінің қандай құдыреті бар? Миллиондаған адамдар одан не сұрап келеді? Емшінің өзін қорқытатын не нәрсе? Бұл туралы төмендегі сұхбаттан оқыңыздар.

Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz: UGC

Материалды көшіріп басуға редакция тарапынан тыйым салынады!

Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген тұрғындар емшінің есігін күн шыққаннан күзетеді. Ол үшін ешкім де реніш білдірмейді. Басқа жақтан келгендер пәтер жалдап, бірнеше күнге аялдайды. Кейбір қазақстандықтар еңбек демалысын алғаннан кейін Қыдыр атаның жүзін көру үшін Ақтөбеге арнайы келетін болып шықты.

Қабылдауға кірудің де өз тәртібі бар. Ол үйден тазарып шығудан басталады. Әйел адамдардан міндетті түрде орамал тағу талап етіледі. Шалбар киюге рұқсат жоқ және ең бастысы сену. Бұл талаптарды келушілерге есік алдындағы көмекшілері түсіндіреді.

Келушілер Қыдыр атаның үйіне жақындағаннан-ақ бас иіп, сәлем салады. Емге сенудің алғашқы баспалдағы қақпаға қос алақаны мен маңдайын тигізіп сүюден басталады. Көзінен жас парлаған халық алақанын жайып, есік алдында сыйынып жүр.

Шатунов, Қайрат Нұртас, Ерке Есмахан…

Ем жүргізу залына бірден 40-50 адам кіргізіледі. Залдың іші қазақ батырларының суретіне толы. Төрге қойылған теледилардан да қазақтың танымал тұлғаларын көруге болады.

«Қан төккен батыр бабаларды сыйламайсыңдар. Олар қазақ елі үшін құрбан болғандар»,-деді келушілерге қарап Жанарыс Жақсылықұлы.

Адам лық толы залда ешкім өтінішін жекелеп не сыбырлап айтпайды. Ерлі-зайыптылар бала сұрап жүргенін, кәрі қыздар жігіт керектігін, жол ашу сұраған ер азаматтар, ем іздегендер мен дуаланғандар халықтың алдына шығып қажетін айтады.

«Ең бірінші адамға психологиялық ем жүргізу керек. Сөзді тауып айту керек. Мақтанбаймын, бірақ тіке айтамын. Алланың нұры деген осы - халық. Мен емші емеспін, халықтың сүйіктісімін. Мен жалғыз адаммын, маған айына бірнеше миллион адам келеді», - дейді Жанарыс Жақсылықұлы.

Ол өзіне келушілердің 80 пайызына ем қонатынын айтты. Алдына келген адамдардың өтінішін тыңдағаннан кейін әртүрлі музыка қосылады. Қайрат Нұртас, Ерке Есмаханнан бастап, шетелдік музыкаларға билейді. Келушілер әуеннің ырғағымен қайғысын ұмытып, ортаның шаңын шығарып билей жөнеледі.

«Осы жерге соғыссыз бейбіт заманда мүгедек болған жандар ағылып келіп жатыр. Несие алғандар мен сотқа барғандар да қиналып осында жүр. Қиналғандарын көріп, басқалары шүкір етеді. Адамдар психологиялық тұрғыда емделеді. Қарғыс та жаман. Сырттан қарғайтындар болады. Бәрі де қайғыдан шаршап жүрген адамдар. Көңілдері көтерілсін деп әртүрлі музыкалар қосып билетеміз, күлдіреміз. Осында келгендердің 70-80 пайызы дертінен» , - дейді Жанарыс Жақсылықұлы.

Сағаттап билеген емделушілер емнің соңында Қыдыр атаның шашқан конфетін тереді. Шашуға таласқандар конфетті дертеріне дәрідей пайдаланады екен. Қыдыр атадан алған конфеттерін дәрет алған соң жейді.

Емшінің өзі халықтың көзінен қорқатынын жасырған жоқ. Көз тиюден арнайы сақтанатынын да айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1747189-atysuly-aktbelik-kydyr-ata-emdeluge-kelgen-halykka-diskoteka-zasap-berdi-video/