Күйеуімен ажырасқан атыраулық келіншек манты сатып, байып кетті
Жарияланған күні:
Атыраулық келіншек күйеуімен ажырасқаннан кейін манты сатып, өз күшімен аяққа тұрған. Бүгінде үйі және тұрақты жұмысы бар ол желіде жан сырымен бөлісті деп жазады NUR.KZ.
19 жасында жастықтың буымен өзінен бес жас үлкен адамға күйеуге шыққан келіншек желіде өз оқиғасымен бөлісті. Ол тұрмыс құрғаннан кейін оқуын сырттай бітіріп, екі баланы дүниеге әкелген. Отбасылы болғандарына төрт жыл өткен соң жолдасы аяқ астынан арақ ішуді, темекі шегуді бастайды. Тіпті, бірлесіп жинаған дүние-мүліктің барлығын араққа айырбастап жібереді.
«Мен шыдай алмай, балаларымды алып үйіме кетіп қалдым. Анам зейнет жасында еді, екі баламды бір жарым жыл бойы жалғыз өзі қарады. Мен Астанаға барып жұмыс істедім», - деп жазады ол.
Келіншек алғашқы айлығына мантоварка сатып алады да, тапсырыс қабылдап, манты сата бастайды. Осылайша бір жылдан соң Астанадан екі бөлмелі үй алып, тұрақты жұмысқа орналасып, балаларын балабақшаға бере алатындай жағдайға жеткен.
«Мен үшін сенбі, жексенбі деген күндер болмады. Барынша көп жұмыс істедім, тіпті, бір жылдың ішінде екі есе салмақ тастадым. Балаларымды қзақ уақыт көрмедім», - дейді келіншек.
Айтуынша ол бүгінде тұрақты жұмыс істейді, дегенмен, әлі күнге дейін мантыға тапсырыс қабылдауды тоқтатпаған.
«Әлі күнге дейін манты сатамын, бір түнде 5-6 кг түйемін. Балаларым да көмектеседі. Бұрынғы енем де көмектесіп тұрады. Ал күйеуім болса, мүлде өзгермеді», - деп сөзін аяқтады.
Келіншектің жазбасына желі қолданушылары қолдау білдіріп, оның ынта-жігеріне тәнті болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1747216-kjeuimen-azyraskan-atyraulyk-kelinsek-manty-satyp-bajyp-ketti/