Өзінен 10 жас үлкен әйелді бес баласымен алған жігіт бақытты өмірі туралы айтып берді
Жарияланған күні:
Қазір Еламан жігіт ағасы жасына жетіп, немерелі болып отыр. Алайда бұдан отыз жыл бұрын 23 жасында ол бес балалы әйелге үйленіп, бүкіл ауылды таңғалдырған еді. Сүйікті жарымен бірге бақытты ғұмыр кешіп отырған ол өміріндегі ең бақытты сәтін еске алды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
"Бибігүл ол кезде 33 жаста, мен 23-те едім. Мектеп бітірген соң ауылдағы совхоз гаражында жұмыс істедім. Сол гаражда әдеміше келген келіншек жұмыс істейтін. Басында оны тұрмысқа шыққан деп ойламаппын. Бірақ таныса келе, бес баласы барын естігенде қатты таңғалдым. Оны сырттай ұнатып жүрдім. Бірақ біздің кезімізде тұрмыстағы келіншекке қарау деген мүлдем болмайтын", - деп есіне алады.
Бастапқыда Бибігүл өзін күйеуі тастап кеткені туралы айтпапты. Уақыт өте келе, оның күйеуінен ажырасып кеткенін естиді.
"Бір күні сол жердегі жұмысшылардан Бибігүлді күйеуі бас баламен тастап кеткенін естідім. "Мен сенен де әдемісін әрі жасын аламын" депті ол. Өз басқа әйелдермен көп қыдырған екен. Бибігүлдің өмірі туралы естіп, қатты толқыдым. Мұндай сұлу әрі мінезі көркем әйелді қалай тастап кетуге болады деп таңғалдым. Сөйтіп, оны қамқорлығыма аламын деп шештім", - дейді Еламан.
Ал Бибігүл болса, Еламанның бұл ұсынысына таң қалып, не істерін білмей қалғанын айтады.
"Еламан үйленбеген жас жігіт, мен бес балалы әйелмін. Қалай болар екен деп қатты уайымдадым. Көрікті жігіт еді ғой. 28 жасымда күйеуім тастап кетті. Екінші рет тұрмыс құру туралы ойланбаппын да. Оның үстіне үлкен ұлымды әкесі бермей, алып қалған. Екі ұлым, үш қызым бар. Ұлдарым не дейді деп ойладым. Еламанның ата-анасынан ұялдым", - дейді Бибігүл.
Еламанның әке-шешесі бұл жайтты естігенде, талып қала жазбапты. Бүкіл әулет қарсы шығып, олардың үйленуіне кедергі жасамақ болған екен.
Бірақ ешкімнің сөзіне қарамастан Еламан Бибігүлге үйленіп, басқа қалаға көшіп кетіпті.
"Сөйтіп, туған-туыстарымды үш жылдай көрмедім. Ой басымыздан көп нәрсе өтті ғой. Бір балалы болған соң, үйіме келіп, қызымды ата-анама көрсеттім. Олар басында жылап жіберді. Бірақ кейін немересін де, келінін де жақсы көріп кетті. Қазір сол қызымнан немере сүйіп отырмын. Әйелімнің балалары да қамқор болып, үнемі келіп жағдайымызды сұрап отырады. Оларды өз баламдай көремін. Мен бақыттымын. Бибігүлдей жарым бар. Бұл үшін ешқашан өкінген емеспін", - деп ағынан жарылды ол.
Қазір олар Алматы маңындағы ауылдардың бірінде өмір сүреді. Еламанның жеке кәсібі бар. Бақытты отбасы жуырда шетелге барып, саяхаттап қайтуды ойластырып отыр.
"Бір қартайған шағымызды саяхаттап, ел көріп, жер көріп өткізгіміз келеді. Еламанға ризамын. Осындай жар берген Аллаға ризамын. Менің бес баламды адам қылып, тәрбие берген адамға басымды иемін", - дейді Бибігүл.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1747983-zinen-10-zas-lken-jeldi-bes-balasymen-algan-zigit-bakytty-miri-turaly-ajtyp-berdi/