Ақтөбеліктерді жаңадан ашылған "мұсылманша" монша шошытты
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласынан ашылған "Мұсылманша монша" көпшіліктің үрейін туғызды. Орталықтың жарнамасы әлеуметтік желіге салынған болатын. Кәсіпкердің ісін қолдаушылар да, даттаушылар да табылды. Көпшілік моншаға ілінген "мұсылманша" деген сөзге түсінбей әлек деп хабарлайды NUR.KZ.
Мән-жайды анықтау үшін NUR.KZ тілшісі кәсіпкердің өзімен тілдестіп қайтты.
"Мұсылмандар тыр жалаңаш шешінітін жерге бармау керек. Ондай жерде жын болады. Әуретті ешкім көрмеу керек. Мұсылмандар моншаға бара алмай жүрген соң осындай жағдай жасауға тырыстық. Шешінетін жерге адамдарға ыңғайлы болсын деп перде жасап қойдық. Ол жерден әуретті жерін жауып жуыну залына барады. Жуынатын жерде де перделер бар. Шайханамызда қымыз, шұбат беріледі", - дейді монша иесі Бауыржан Манғұбасов.
Ақтөбе қаласының қақ ортасында тұрған "мұсылманша" монша тек ер адамдарға арналған. Кәсіпкер болашақта әйел адамдардың да күнін белгілейтінін айтады. Ол күндері моншаға ер адамдар кіргізілмейді екен.
"Біз "бұл жерге тек мұсылмандар ғана кіргізіледі" деп адамдарды бөле алмаймын. Моншаға түскісі келген кез келген адам кіре алады. Тек әуретті жауып жүретін мұсылманша тәртіп сақталу керек. Әйел адамдарда әурет иықтан басталады. Сондықтан қазіргі уақытта оларға лайықты жуынатын киімдер қаралып жатыр", - дейді кәсіпкер.
Ал мешіт қызметкерлері халықты шошытып отырған моншадағы «мұсылманша» деген сөздің алынып тасталатынын айтады.
"Ислам – тазалыққа ерекше көңіл бөлген дін. Аталмыш тазалыққа қол жеткізу үшін адам өмірінде моншаның орны ерекше. Жалпы, шариғат талаптары бойынша қарайтын болсақ, әйел адам да, ер адам да моншаға түскен жағдайда әурет жерлерін (ұятты жерлерін) жауып жүруі тиіс. Яғни, жуыну кезінде жапқыш не шорты киюі қажет. Әйел мен ерлердің шомылатын бөлмелері бөлек болуы немесе белгіленген күндері болуы секілді талаптар сақталғаны жөн.
Сонымен қатар, моншада ішімдік қолданылмауы тиіс. Қысқаша айтқанда кәдімгі монша мен мұсылманша моншаның басты ерекшеліктері осында. Ал, енді атауына келер болсақ, елден ерекшелеп «мұсылманша монша» деп атаудың қажеті жоқ. Моншаның ережелеріне жоғарыда аталған талаптарды жазып қоюдың өзі де жеткілікті. Біз монша басшылығымен сөйлестік. Олар атауындағы мұсылманша деген сөзді алып тастайтын болды. Тек әурет жерлерді жауып тұратын шорты киіп кіру керектігін ережелерінде көрсететін болады",- Ақтөбе облыстық орталық "Нұр Ғасыр" мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Күзенбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1751704-aktbelikterdi-zaadan-asylgan-msylmansa-monsa-sosytty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.