Қазақстандықтар "Көрген сіздер" бағдарламасына жаппай қарсы шықты (видео)
Жарияланған күні:
Қазақстандағы бірнеше қалалардың тұрғындары жуырда 31 арнада тұсауы кесілетін "Көрген сіздер" деп аталатын жобаға жаппай қарсы шығуда. Олардың айтуынша, бағдарламаның атауын бұлай қою - халыққа деген құрметсіздік деп жазады NUR.KZ.
Жақында көрерменге жол тартатын "Көрген сіздер" деп аталатын ситкомның билбордтардағы жарнамасына ақтаулықтар наразы болып, жарнама аз уақыттан соң алынып тасталыпты.
Ақтау тұрғындарының пікірінше, супер-ситкомның "Көрген сіздер" деп аталуы халықтың намысына тиеді. Тіпті ашуға мінген жұрт арна редакциясына хабарласып, қоқан-лоққы көрсетіп жатқан көрінеді.
Ал жергілікті әкімдіктің айтуынша, олар халықтың пікірімен санасуға міндетті. Сондықтан олар елге қарсы шыға алмаймыз, деп отыр.
Жобаның бұлай аталуына Павлодар мен Алматы тұрғындары да қуана қойған жоқ. Тіпті бұған қатысты бүгін бір топ белсенділер Алматы қаласының баспасөз клубында баспасөз конференциясын да өткізді. Конференция барысында жобаның атауына наразылығын білдірген олар өз наразылығын жеткізді.
31 арнаның Маркетинг жөніндегі директоры Мұрат Ералиев болса, хикая атауына қатысты алаңдаудың қажеті жоқ деген пікірде. Оның пікірінше, атауы айрықша жобаның басты мақсаты - көрерменге ой тастау.
"Бір топ алматылық зейнеткерлер қалада ілінген жоба жарнамасына наразы болып, редакцияға хат жазды. Олар біздің баспасөз конференциясын өткізіп, жобаның атауын неліктен "Көрген сіздер" деп қойғанымызды түсіндіруімізді сұрады.
Екі күн бұрын қаладағы билбордтарға белгісіз біреулер жұмыртқа лақтырып кеткен еді. Сондықтан да біз, баспасөз клубында осы конференцияны ұйымдастырдық. Ақтөбе әкімдігінен де бізге арнайы хат келіп, жобаның атауына қатысты сыни пікірлер айтылды.
Алайда бұл супер-ситком комедиялық жанрда түсіріліп отырғандықтан, оның атауы дұрыс таңдалған деп санаймыз.
Конференцияға келген зейнеткерлер "Көрген сіздер" сөзі халықтың намысына тиетінін, жалпы қазіргі күні жарнамалардың өте орынсыз жасалатынын еске салды. Алайда біз оларға өз нұсқамызды айтып, жобаның не туралы екенін түсіндірдік.
Ситком 2 қазан күні халыққа ұсынылатын болады. Сонда барлығыңыз жобамызды тамашалап, өз бағаңызды берерсіздер деп ойлаймыз. Мүмкін, көрерменнің ойы да өзгереді", - деді Мұрат Ералиев.
Алайда 31 арнаның PR-менеджері Айсұлу Мұстапаева жобаның атауына бұлай мән берудің қажеті жоқ деп отыр.
"Көрген сіздер" - бұл жобаның атауы. Біз оның атауына үлкен мән беріп, халыққа ой салғымыз келді. Бұл өте мағыналы әрі жақсы жоба. Біздің мақсатымыз халықтың намысына тию емес, керісінше, мұның барлығын халық үшін жасап, еңбек етудеміз", - деді ол.
31 арнаның жаңа маусымында халыққа жол тартатын "Көрген сіздер" жобасы жыл жаңалығы болады деп күтілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1755189-kazakstandyktar-krgen-sizder-bagdarlamasyna-zappaj-karsy-sykty-video/