"Елге қайтуға асықпаймын": Қазақстандық бойжеткен Қытайға неге кеткенін айтты
Жарияланған күні:
Қарағанды қаласының тумасы Тамирис Смағұлова қазіргі таңда Қытайдың ең танымал университеттерінің бірінде білім алуда. Ару NUR.KZ тілшісіне берген сұқбатында неліктен Қазақстанда өмір сүруге құлшынбайтынын айтып берді.
Бойжеткеннің айтуынша Қытай өзінің сұлулығымен, дамуымен және тың жаңалықтарымен өзіне баурайды.
"Мұнда халық үшін жағдайдың бәрі жасалған. Сондықтан да мүмкіндіктер көп. Тым болмаса маған солай көрінеді", - дейді Тамирис.
Тамирис 21 жаста болса да Мәскеу, Пхукет қалаларында өмір сүріп үлгерген. Сюйчжоу қаласында тұрып жатқанына биыл үшінші жыл болады.
"Білім алып, жұмыс істеуге болмаса, мұнда басқа қызық ештеңе жоқ", - дейді ол.
Орта мектепті бітіргеннен кейін бойжеткен қазақстандық білім беру ордаларынан өзіне лайық университет таппай, бағын Қытай университеттерінен сынаған. Ол Қытайдың кішігірім Сюйчжоу қаласына оқуға түскен.
"Қытайда білім алуыма себепші болған анам мен ағам. Ағам Шанхай қаласында тұрып жатқанына біраз болды. Құжаттарымды жинап, өтінішімді жібердім. Бір аптадан кейін маған грантқа өткенімді хабарлады. Әрине, мұндай мүмкіндікті жіберуге болмайды, сондықтан 2016 жылдың қыркүйегінде мен заттарымды жинап, жаңа өмірге қадам басуға дайындалдым. Мен білім алып жатқан университет Қытайдың үздік университеттерінің бірі. Мұнда "халықаралық сауда" мамандығы бойынша білім алудамын.
Қытайда білім беру жүйесі Қазақстандағыдай емес. Студенттер үшін жағдайлар жасалған, әрбір аудиторияның сыртында лекцияның тақырыбы жазылған экран ілініп тұрады. Дене шынықтыру емтиханын роботтар қабылдайды, ал тамақтанған кезде өтемақысын студенттік картаның көмегімен төйлейсің. Осындай артықшылықтар бола тұра, оқу өте қиын. Себебі тілдік курсты бітіргеннен кейін біз тілді толық меңгермейміз. Тілдік деңгейіміз қытайлық 10 жасар баланың тілдік қорымен пара-пар, ал бұл университетте білім алу үшін жеткіліксіз. Лекцияда айтылған ақпараттың 60 пайызға жуығын түсінбеймін. Сондықтан өз бетімше оқуға тура келеді", - дейді Томирис қазақстандық студенттердің оқуларын аяқтамай кетіп жататыны осыдан екенін айтады.
Сонымен қатар бойжеткен алпауыт елдегі тазалықтың да сын көтермейтінін атап өтті.
"Қытай жылдам дамып жатса да, жергілікті халық елмен бірге дамып үлгермей жатыр. Қытайлықтардың тазалықтары, өздерін ұстау мәдениеті өте төмен" , – дейді Тамирис.
Тамиристің отбасы қазір Алматы қаласында тұрады.
"Ыңғайы келсе Қытайда қалатын едім. Себебі, Қазақстанда тәжірибең немесе таныстарың болмаса жақсы жұмыс табу қиын. Жас кезіңде жұмыс істеп, отбасыңа көмектескің келеді. Ал елімізде ондай мүмкіндік жоқ" , - дейді ару.
Қазақстандық бойжеткеннің айтуынша, Қытайда жүрген студент отандастарының басым бөлігі сол жерде қалудың амалын жасайды екен.
Алайда, Қытайда біржолата қалу Тамиристің жоспарында әзірге жоқ сыңайлы. Қытайда алған білімін бойжеткен болашағының негізгі тірегі деп есептейді.
"Қазақстанға қалыптасқан тұлға ретінде оралғым келеді. Мақсатым жай ғана диплом әкелу емес", - дейді Тамирис.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1755518-elge-kajtuga-asykpajmyn-kazakstandyk-bojzetken-kytajga-nege-ketkenin-ajtty/