Қызылордада өгей қызынан қорлық көрген келіншек елден көмек сұрайды
Жарияланған күні:
Қызылорда қаласының тұрғыны Асия Өмірбек (есімі өзгертілген) бірнеше жылдан бері өгей қызынан қорлық көріп келе жатқанын айтады. Жасы 28-ден асқан келіншек әйелінен жесір қалған азаматқа тұрмысқа шыққан екен. Жарының он жастағы қызы алғашқы күннен өгей шешесін қабылдамай, түрлі әрекет жасап келіпті. NUR.KZ сайтының редакциясына хабарласқан әйел осы жағдайдың кесірінен өз отбасынан айырылып қалудан қорқады.
"Мен болашақ күйеуіммен танысқанымда ол өзінің қызы бар екенін айтқан жоқ. Әйелінен жесір қалған азамат екенін де кеш білдім. Бірақ арамызда махаббат болған соң бұл жағдайға аса мән бермедім.
Үйленуге ұсыныс жасады. Мен қуана қабыл алдым. Өйткені мен де отбасын құрып, сүйікті жар атанғым келді.
Қазір өмірім тозаққа айналып кеткен сияқты. Тығырыққа тіреліп, не істерімді білмей жүрмін", - дейді келіншек.
Асия өзінің өгей қызымен тойдан бұрын танысқан екен. Бірге қалалық паркте серуендеп, жасөспірімді өзіне жақын тартуға тырысқан ол сыйлықтар алып беріп, көңілін аулағысы келіпті. Бірақ ешқандай нәтиже болмаған.
"Той күні Айсұлу фатамды жыртып алды. Мен ол кезде әдейі жасамаған шығар деп ойладым. Бірақ қатты көңіліме алып қалдым. Енем немересінің орнына кешірім сұрап, тездетіп жаңасын әкеліп берді. Күйеуім бұл оқиғадан бейхабар. Кейін тіпті сорақы әрекеттер жасайтын болды", - дейді Асия.
Бүгінде Асияның тұрмысқа шыққанына 3 жылдан асқан. Дүниеге әлі бала әкелмеген келіншек бірнеше рет түсік тастағанын айтады.
"Ең алғаш аяғым ауырлағанда Айсұлу жылап жіберді. Түнімен бөлмесінде жатып жылап шығады. Соның әсерінен бе, екі рет түсік тастадым. Ол менімен мүлдем сөйлеспейді.
Күйеуімнің көзінше, «мама» деп айтқанымен, өзіміз қалғанда «ей» дейді. Мен оған ұрысып немесе қол көтеріп көрген емеспін.
Шыдамым таусылып бара жатқанда ғана күйеуіме ескертемін. Ол ер азамат болған соң ашуланып шығады. Жетім қызға неге тиісе бересің деп өкпелейді",- дейді қызылордалық келіншек.
Асия "Неке туралы куәліктің" бірнеше мәрте қайта жасатқандарын айтады. Белгісіз себептермен бұл құжат өз-өзінен жоғалып, жыртылып, тіпті, өртеніп кете береді екен.
"Күйеуім жаңадан киім алып берсе, бір аптадан соң ол киімді кию мүмкін болмай қалады. Үлкен дақ түседі. Жарымның сыйлықтарын қазір Айсұлуға мүлдем көрсетпеймін.
Әкесін қызғанатынын түсінемін. Анамның орнын басты деп те ойлайтын шығар. Бірнеше мәрте ашық әңгімеге де шақырған болатынмын. Бірақ ол мені тыңдамайды. Барынша жылылық танытып, жақсылық жасауға тырысамын. Жасап берген тамағымды мүлдем жемейді.
Ал әкесі келгенде мені аш қалдырды деп шағым жасайды. Осы жағдайдың кесірінен отбасымызда жанжал көбейді. Күндердің күнінде күйеуіммен ажырасып кетуден қорқамын. Мен жанұямды сақтап қалғым келеді",- дейді Асия Өмірбек.
Асияның енесі немересінің қыңыр мінезін жақсы біледі екен. Бірнеше мәрте Айсұлуды өз қолына алғысы келетінін де айтқан. Бірақ жас келіншектің өзі де, күйеуі де бұған қарсылық білдіруде.
"Егер Айсұлуды енемнің қолына беріп жіберсек, жағдай тіпті қиындайтын сияқты. Ол әкесін "сатқын" атап кетуі де мүмкін ғой. Ертең бойжеткенде осы әрекетімізді кешірмей ме деп алаңдаймын. Бірақ әрі қарай қалай өмір сүру керектігін білмеймін. Мен ана атанғым келеді. Айсұлу мені жақын қабылдамайынша бөпелі бола алмайтын сияқтымын",- дейді келіншек.
Осылайша қиын жағдайда қалған тұрғын көпшіліктен кеңес сұрайды. Асия бірнеше мәрте психологтардың көмегіне де жүгініпті. Бірақ нәтиже болмағанын айтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1762213-kyzylordada-gej-kyzynan-korlyk-krgen-kelinsek-elden-kmek-srajdy/