Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбелік кәсіпкер: Шашын бояп, сырға тағатын жігіттерді атқа мінгізу керек

Опубликовано:

Ақтөбелік кәсіпкер Ғабит Сейтжанов мінезі "былжырап" кеткен ерлерді қазақтың дәстүрімен жолға салу керектігін ашына айтты деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Instagram
"Біз ұлттық дәстүрімізді дәріптеуіміз керек. Атқа шауып, көкпарға шыққан жігітте кең даланың мінезі болады. Қазақтар өз баласының бойына ер мінезділікті осылай сіңірген.

Шашын бояп, сырға тағып жүрген жігіттерді атқа мінгізу керек. Аңға шығып, тазы жүгірткен жігітте рух болады. Сән қуып, айнаның алдынан шықпайтын еркектің мінезі былжырап кетеді.

Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай жігіттер жігерсіз болмайды", - дейді Ғабит Сейтжанов.

Кәсіпкердің өзі 20 жылдан аса уақыт қазақтың жеті қазынасының бірі – тазы өсірумен айналысады. Одан ол ешқандай пайда таппаса да серілік құрып, аңға шыққанда ерекше құмарланатынын айтып берді.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Facebook
"Бала кезімнен тазы ұстаймын. Қолымда қазір жеті тазы бар. Олар қасқырға да түседі. Биыл ғана Байғанин ауданынан екі қасқыр алдық. Негізгі тамағы - қызыл ет. Мал базарынан қалған-құтқанды әкеліп пісіріп береміз.

Бұлар жыртқыш жануар болғаннан кейін арасында шикілей береміз. Себебі, қызылды аңсайды. Айына тамағы үшін 10-15 мың теңге жұмсаймын. Сонымен қатар дәрісі болады, ішіндегі құртын түсіруің керек, күшіктерін ектіресің деген сияқты жұмыстары бар.

Қалтаға ондай көп салмақ салмайды. Оның үстіне сүйікті ісіңнен ештеңе аямайсың. Аңшылықта өзіме екі тазы да жетеді. Тек олардың тұқымын көбейтіп жүрмін. Тазы ұстайтын қазақтар азайып барады", - дейді ол.

Кәсіпқой аңшыдан қазақтың жеті қазынасын қымбатқа сатуды сұрайтындар да бар екен.

"Үлкен тазыларды қымбатқа сұрайтындар бар. Бірақ оларды сатпаймын. Асырап алған жеті тазымның ішінде сыйлыққа келгендер, 100 мың теңгеге сатып алғандарым бар.

Тазының да өз бабы болады. Оларды күнделікті жүгіртіп жаттықтырып отыруың керек. Бұлар байлап қойып, үй қоритын ит емес, аңға салып тұрасың.

15 қарашада аңшылық маусымы басталғаннан, ақпанда біткенге дейін шығамыз. Оңтүстіктің тазылары кішірек, олар қалың қарда жүгіре алмайды. Біздің тазылар ірі. Олар қалың қарға қарамайды, тоңбайды. Және олар ірі аңдарға шабады.

Күніге бір мезгіл ғана кешкілік тойдырып ет беремін. Сосын олар қай уақытта аңға шықсаң да дайын тұрады", - дейді аңшы.

Ақтөбеде өткен тазылар бәсекесінде Ғабиттің екі бірдей тазысы бас жүлдені иеленіп, үздік танылды.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Instagram
"Тазының басқа иттен айырмашылығы - тазайын болады. Жатқан жеріне дәрет сындырмайды, не болса соны жемейді, басқа иттерді жақтырмайды. Басқа иттерді ортасына қоспайды.

Неміс, орыс ұлттарының да тазылары болады. Бірақ олардың қасына іздейтін көмекші иттер алады. Ал қазақы тазылар өздері ізбен, иіспен тұрғызады, өздері қуады.

Аңға шығудың демалысы бөлек. Сондықтан мен қазақтың жігіттерін тазы асырап, атқа мінуге шақырамын", - дейді Ғабит Сейтжанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1767740-aktbelik-ksipker-sasyn-boap-syrga-tagatyn-zigitterdi-atka-mingizu-kerek/

pixel