Бір ай комада жатып көз жұмған алматылық келіншектің туыстары шу шығарды
Жарияланған күні:
Өз-өзіне қол жұмсады делінген Сайрангүл Лайысқызының туыстары қылмыстың ашылатын түрі жоқ екенін айтып, наразылығын білдірген. Бұл туалы КТК арнасы хабарлайды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің алдына жиналған марқұмның жақындары тәртіп сақшыларының сылбырлығы шаршатқанын айтады.
"Тергеушілер бұл жерде ешқандай жұмыс істемеген. Отырған үйінен көрпеден қан болған. Соның барлығы ашылмай жатыр. Ашылса ары қарай іс оңға басар еді. Қалалық департаменттен көмек сұрап отырмыз. Ісімізді ары қарай жолдап, жоғарыға жеткізу мақсатымыз", - дейді С. Лайысқызының туысы Табыс Тәбәракұлы.
Ал бұған жауап берген тәртіп сақшылары оқиғаның жіті тексерілмей жатқанына сот-медициналық сараптаманың дайын болмауы себеп дейді.
Заң аясында жұмыс істейміз деген құзырлы орын өкілдері марқұмның жақындарына шамалы күтіп, жағдайды ушықтырмауын сұрайды.
"Сот-медицицналық сараптама қолымызға түспей, қандай да бір процессуалдық әрекетті жүзеге асыру заңсыз болып табылады. Сот-медициналық сараптама бізге ең басты сұрақтарға жауап береді. Біріншіден, өлімнің себеп-салдарын анықтаймыз. Екіншіден, қылмыстың болу-болмауын анықтаймыз", - дейді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еске сала кетейік, осыдан екі апта бұрын үш баланың анасы Сайрангүл Лайысқызы ауруханада көз жұмған еді.
Ес-түзсіз бір ай комада жатқан келіншектің денесінде зорлық-зомбылықтың белгілері де болған. Кейін суицидке итермелеу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Марқұмның туыстары өлімге күйеубалаларын кінәлап, тиісті жазасын алуын талап еткен-ді.
Дереккөз КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1770526-bir-aj-komada-zatyp-kz-zmgan-almatylyk-kelinsekti-tuystary-su-sygardy/