Шымкентте тоғыз жасар қыз балаға зорлық көрсеткен күдікті іздестірілуде
Жарияланған күні:
Шымкентте тоғыз жасар қыз балаға зорлық жасалды деп күдіктелуде. Полиция департаментіне бесінші қаңтар күні кәмелетке толмаған қыз баланың зорлануы туралы арыз келіп түскен деп хабарлайды NUR.KZ.
Бесінші қаңтар күні қысқы каникул кезінде тоғыз жасар бүлдіршін үйірмеден үйіне қайтып келе жатқан жолда арам пиғылдының қолына түсіп қалған көрінеді. Жолдағы құрылысы бітпей қалған ғимаратқа апарып бүлдіршінге жыныстық сипаттағы зорлық жасалды деген күдік бар.
Аталмыш жайтқа қатысты полиция пікір білдірді.
"Шымкент қаласының полиция департаментіне 05.01.2019 ж. күні тоғыз жасар кәмелетке толмаған қыз баланы зорлау туралы арыз келіп түскен.
Аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 120-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыстың белгілері бойынша (көрінеу жас баланы зорлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қылмыскерді ұстауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
Қылмыстық іс Шымкент қаласы Полиция департаменті мен прокуратурасының бақылауында", - деп хабарлайды Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қалалық білім басқармасы ата-аналардан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрап отыр.
"Оқиға күндізгі уақытта бала үйірмеден қайтып келе жатқан уақытта болған көрінеді. Сондықтан да каникул кезінде балалардың уақытын тиімді пайдалануда барынша қауіпсіз етуге ата-аналарды атсалысуға шақырамыз.Үйірмеге жетектеп апарып әкелуді қамтамасыз етіңіздер. Қазір зорлық көрді деп күдіктелген төртінші сынып оқушысы мен оның ата-анасына психологиялық көмек көрсетілуде", - дейді Шымкент қалалық білім басқармасының бас маманы Әшірбек Әдиев.
Еске сала кетейік, күні кеше Шымкентте 2005 жылы туған жасөспірім қызды зорлады деген күдікпен 30 жастағы жігіт ұсталғаны хабарланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1772256-symkentte-togyz-zasar-kyz-balaga-zorlyk-krsetken-kdikti-izdestirilude/