Полицей Денис Тенді қалай өлтіргенін көрген
Жарияланған күні:
Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысында оқиға орнына бірінші болып жеткен полиция қызметкері жауап берді. Азамат Нұрпейісов оқиғаның қалай өрбігенін егжейлі-тегжейлі айтып, өз көзімен не көргенін жеткізді деп хабарлайды NUR.KZ.
Алмалы аудандық полиция басқармасының тәртіп сақшысы оқиға орнынан қашып кеткен күдіктілердің артынан жүгіре жөнелгенін алға тартты.
"2018 жылы 19 шілде күні біз әріптесім екеуміз орталық стадиондағы футбол ойынына қызмет бабымен кетіп бара жаттық. Құрманғазы мен Абылайхан көшесінен өтіп, Байсейітова көшесіне жетпей үш жігіттің жүгіріп бара жатқанын көрдік.
Қара футболкада болған жігіттің қара түсті Camry көлігіне соғылып қалғанын көріп қалдық. Ол спорт ауласына қарай жүгіріп кетті. Оны ақ футболка киген жігіт қуып жетті. Сол сәтте жастар ойнап жүрген болар деп ойладық.
Алайда үшінші жігіт ақ футболкадағы азаматты артқы жағынан ұстап алғанын көрдім. Байсейітова көшесінен өтіп кеткеннен кейін әріптесімнен көлікті тоқтатуын сұрап, оқиға орнына жүгірдім.
Мен жүгіріп жеткенде ақ футболкада болған жігіт жарақаты салдарынан торға сүйеніп тұрды. Артынша ол етбетімен жерге құлап қалды. Мен оның аяғында пышақ жарақаты бар екенін байқадым.
Бірақ мен қасына барғанда зардап шеккен жігіт есін біліп жатты.
Сол сәтте екі жігіттің жүгіріп бара жатқанын көрдім. Оқиға орнына келген куәгерлер жедел жәрдем шақырып жатқандықтан, жаңағы екі жігіттің артынан жүгірдім.
Жолдан бір азаматты кезіктіріп, ол екі жігіттің Назарбаев көшесіне қарай қашып бара жатқанын айтты. Мен сол көшеге дейін жеттім. Бірақ оларды таппай қалдым", - деді Нұрпейісов.
Оксана Тен полицейге не себепті Дениске алғашқы көмек көрсетпей, күдіктілердің артынан қашып кеткенін сұрады. Оған тәртіп сақшысы былай деп жауап берді.
"Мен өз қызметтік борышымды барынша дұрыс атқаруға тырыстым. Бір адамды пышақтаған адамдар тағы алдынан шыққандарды да пышақтап кетуі мүмкін.
Сол себепті, басқаларға залалы тиіп кетпес үшін олардың артынан жүгірдім. Зардап шеккен жігіттің қасында куәгерлер болды. Олардан жедел жәрдем шақырып, алғашқы көмек көрсетуін сұрадым", - деді полицей.
Айта кетейік, Денис Теннің өліміне кінәлі деп танылған күдіктілер өзіне тағылған айыппен келіспей отыр. Олар өз кінәсін әлі де мойындаған жоқ.
Оған қоса, күдіктілер марқұм болған мәнерлеп сырғанаушының анасынан кешірім де сұрамаған.
Сонымен қатар, бұған дейінгі сотта Оксана Тен Денистің өлімі тапсырыспен болғанына сенімді екенін айтты.
Одан бөлек, күдікті Арман Құдайбергеновтің қылмысынан соң танысынан бес мың доллар сұрағаны белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1772476-policej-denis-tendi-kalaj-ltirgenin-krgen/