Адамды ажалға жетелейтін "Шайтандар мекені" туралы не білеміз?
Жарияланған күні:
Сыр өңірі Аманкелді ауылының тұсында "адамдарды азғырушы" шайтандар, яғни "малғұндардың" үлкен мекені орналасқан. Қызылқұм беткейдегі Дарбаза атты жерге жергілікті тұрғындар, тіпті, аяқ баспайтын көрінеді деп жазады "Алаш айнасы".
Малғұндар мекенінің Дарбаза деп аталуына бірнеше себеп әсер еткен. Біреулер мұнда шайтандар тұрақтаған десе, енді біреулердің бұл аймақтың ажал есігімен бірдей екенін айтады.
Жергілікті ақсақалдар жастарға онда баруға тыйым салып, жерге қаптаған ақ сорларды баспау керектігін қатаң ескертеді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл мекендегі ақ сорды басқандардың басынан түрлі жағдайлар өткен. Тіпті "осы жерге келгендерді шайтандар жетекке алып кетеді екен" деген де әңгіме бар.
Ауыл тұрғыны Зиятбек Фазылұлы да осындай келеңсіз жайды бастан кешкен. Ер адам оны жастау кезінде көргенге ұқсайды.
"Жас кезімде аңшылықпен айналыстым. Сондықтан көбінде құлан түзде жүруге тура келеді. Осы кәсіптің соңында жүріп, далада қонып қалған кезім де болған. Бірде Қызылқұм жағасында аңшылық құрып жүргенмін. Үйге қайтуға кеш болып кетті. Далада түнеуді жөн санадым. Бір сәтте құлағыма баланың жылаған даусы келді. Жақын маңнан жылқының кісінегені де естіледі. Сақылдаған күлкілер де құлаққа келіп тұр. Жанымды шүберекке түйгендей болдым.
Осындай оқиға бала кезімде кездескен. Көзім ауырып, жатқан едім. Анам кейпімде шайтан келіпті. Соңынан еріп бара жатыр екенмін. Есімді жисам, анам артымнан жылап, қуып келе жатыр екен. Содан кейін Құран сүрелерін жаттап алуға құлықты болдым", - дейді Зиятбек Фазылұлы ағынан жарыла.
Жергілікті жұрттың айтуынша, мұндай оқиғалар шіліңгір шілденің ішінде көбірек орын алады екен. Өліара шақты малғұндар пайдаланып қалғысы келеді. Әсіресе 20 шілде мен 10 тамыз аралығы- өте қауіпті кезең саналатын көрінеді. Себебі адамдардың басынан кешкен жайсыз жағдайының барлығы осы уақытта кездескен.
Қазіргі кезде ет жақынын жоғалтып алған адамдардың көбісі Зиятбек Фазылұлына келеді.
Ал қария қолдан келгенше көмек қолын созуды дұрыс көреді. Қызылқұмның ішінде "Боз ат сойған" деген жер бар екен. Малғұндар құрбандығын сол жерге алып баруға тырысады. Құмның ортасындағы бұл жер де ерекше орналасқан. Ол жерде үлкен шұңқыр жатыр. Бұл шұңқыр – шайтандардың нағыз ордасы көрінеді.
Бірде ауылдан екі бала ұшты-күйлі жоғалып кетіпті. Ақырында оларды сол маңнан тапқан. Біреуінің өлі денесі қолға іліксе, екіншісі шалажансар күйінде жатыр екен.
Осылайша Дарбаза әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Қазір ол маңға ел де аттап басқысы келмейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1772546-adamdy-azalga-zetelejtin-sajtandar-mekeni-turaly-ne-bilemiz/