Жан құрбысы күйеу жігітінен жүкті болып қалған ару жан сырын ақтарды
Жарияланған күні:
Түркістан қаласының тұрғыны өзінің сүйіктісінің сатқындығын кешіре алмай жүр. Дәл тойдың алдында жігіті жақын құрбысымен төсектес болып, бойжеткен екіқабат болып қалған. Ұзату тойының алдында шындықтың беті ашылып, үлкен дауға ұласқан оқиғаны кейіпкер NUR.KZ тілшісіне айтып берді.
Айзере есімді ару (ред. ескертпе кейіпкерлердің аты өзгертілген) өзінен бір курс жоғары оқыған Бақытжан есімді сүйіктісімен студент кезінде танысқанын айтады.
"Бойы ұзын, аққұба жігіт кез-келген қыздың арманы болатын. Бірақ ол маған назарын аударып, соңымнан қалмай қойды. Оқу бітіретін жылы мен оның ұсынысын қабылдап, бірге жүретін болдық. Бір-бірімізді күнде көретінбіз, махаббатымыз шынайы болатын" - деп бастады бойжеткен әңгімесін.
Айзере оқу бітірген соң, Бақытжан екеуі Шымкент қаласына демалуға барған екен. Әсем қаланың көрікті жерлерін бірге аралаған. Ғажайыпқа толы сол күн бойжеткеннің мәңгі есінде қалғанын айтады.
"Шымкентте жүргенімізде Бақытжан маған тұрмысқа шықшы деді. Әрине, мен қуана келісімімді бердім. Мен де оның жары болып, шаңырағына енгім келді. Бұл қуанышты жаңалықты ата -аналарымызға хабарладық. Екі жақ та біздің бірге екенімізді білетін. Солай дайындықты біртіңдеп бастап кеттік. Болашақ құдалар кездесіп, тойдың нақты күнін белгіледі", - дейді Айзере.
Айзере жан құрбысы Жадыраға қыз жолдас болатынын айтқан. Мектеп кезінен бірге араласатын қыздар той күнін асыға күтіп жүріпті. Жадыраның кейіпкердің жігіті Бақытжанмен де қарым-қатынасы жақсы болған. Өзара қалжыңдасқанды ұнататын олар Айзеренің көзіне шөп салыпты.
"Бақытжан екеуміздің арамызда төсек қатынасы болған жоқ. Алғаш рет неке түнінде жақындасуды армандаған едік. Тойға бір ай қалғанда Жадыра жоқ болып кетті. Телефон шалсам жауап бермейді. Бақытжанға ол туралы айтсам, оның да түрі өзгеріп шыға кететін болды. Шындық ойда жоқ та, ашылды. Оның осыншама ащы боларын білмеп едім", - деген Айзереге құрбысы аяғы ауыр екенін айтқан.
"Жадыра ұялы телефоныма хабарлама жазып жіберіпті. Ұнатып жүрген жігітінен аяғы ауырлаған екен. Бастапқыда бұл жаңалықты естігенімде таң қалдым. Өйткені құрбымның кездесіп жүрген жігіті жоқ болатын. Белгісіз жанның аяқ астынан қайдан пайда болғаны мені қызықтырды.
Сұрастырғанымда, болашақ баласының әкесі менің Бақытжаным екенін айтты. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Не айтарымды білмедім. Жадыра қоңырау шалып, қайта –қайта кешірім сұрады. Бірақ мен оны тыңдағым келмеді. Аспан айналып жерге түскендей болды мен үшін. Мұндай сатқындықты жақын құрбым мен сүйіктімнен күтпеген едім", - дейді Айзере.
Сол күні Айзере Бақытжанмен сөйлескен екен. Күйеужігіті барлығын мойындаған. Масаң күйде отырыстан шығып келе жатқанда Жадыраны аяқ астынан кезіктіріп қалыпты. Сол түнді екі жас бірге өткізген екен.
"Ата -анамның жүзіне тура қарай алмай қалдым. Жақындарымның барлығы мені жұбатумен болды. Той дайындығына біраз шығын да кетті. Оның бәрін ойлағым келмейді. Бақытжан қанша жалынса да кешіре алмадым. Ата -анасы немерелерін көтеріп жүрген Жадыраны алуын талап етті. Мен өмірден түңіліп кеттім.
Бұл жағдайдан кейін Бақытжан мен Жадыра жұмысыма келді. Кешірім сұрады, бірақ олардың ақталғандарын тыңдағым келмеді. Жуырда екеуі үйленіпті. Күндіз жүрегімді сыздатқан дертті ешкімге білдіргім келмейді. Түнді жылаумен өткіземін. Абырой болғанда, бойымдағы пәктігімді сақтағаныма қуанамын", - дейді ару.
Осы жағдайдан кейін Айзере Астанаға көшіп кеткенін айтады. Жаңа жұмыс, жаңа орта жүректегі жараны жазуға көмектеседі деген үміті бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1775148-zan-krbysy-kjeu-zigitinen-zkti-bolyp-kalgan-aru-zan-syryn-aktardy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.