Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Киіктерді қорғаймын деп көз жұмған Нұрғалиев "Халық қаһарманы" атана ма?

Жарияланған күні:

Қарағанды облысында ақбөкендерді браконьерлерден қорғамақ болып, кісі қолынан қаза тапқан "Охотзоопром" компаниясының қызметкері Ерлан Нұрғалиевке көпшілік "Халық қаһарманы" атағын беруді талап етуде деп хабарлайды NUR.KZ.

Ерлан Нұрғалиев. Фото:qamshy.kz
Ерлан Нұрғалиев. Фото:qamshy.kz: Instagram

Төлен Тілеубай есімді Facebook қолданушысы Ерлан Нұрғалиевтің 82 жастағы әкесі Балғабек ата мен 82 жастағы анасы Бәкен апамен сұхбаттасқан.

"Өзім атадан жетім өстім. Әкем соғыстан оралмады. Әке тәрбиесін көрмей, анамның аялы алақанында ержеттім. Күллі саналы ғұмырымды бала оқытуға арнадым.

Аллаға шүкір ететінім, адал өмірлік серігіммен Құдай берген 7 баланы (5 қыз, 2 ұл) тәрбиеледік. Азды-көпті еңбегім сіңген үлгілі шәкірттерім бар. Өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Балаларым өсті, ержетті. Әр баланың өз жолы, өз тағдыры бар.

Ерланым туралы айтсам, үш қыздан кейін дүниеге келді. Қаршадайынан шешемнің тәрбиесінде болды. Ол кісі қатты жақсы көретін. "Атадан жалғыз едің. Міне серігің келді" деп отыратын.

Шешейдің қолында еркелеп өсті. Бетінен қаққан жоқпыз. Бала күнінде аяғыма оратылып, күресіп ойнаушы еді. Күллі еркелігін көтеретінбіз.

Ерланым 1966 жылы 30 қаңтарда Қорғалжын ауданының орталығында туды. Мектепте орыс сыныбында оқыды.

Қорғалжын совхозында 6-шы сыныпты бітірген соң, жұмыстың ретімен Баршынға көштік. Ол кезде қойшылардан комсомол жастар бригадасын құратын. Ерлан сонда комсорг болды.

Өзі бір жұмысты істегісі келіп, құлшынып тұратын-ды. Жас кезінен-ақ дос - бауырға, туысқа, елге адал, қайырымды болып өсті. Ештеңеден қорқу дегенді білмейтін", - дейді марқұмның әкесі Балғабек Нұрғалиев.

Сонымен қатар, Ерлан Нұрғалиевтің әкесі баласының көзі тірісінде жасаған ерлігін де баяндап берген.

"Ерлігі көп. Баршындағы аудандық полиция бөлімінде инспектор, кейінірек бастығы болып қызмет істеді. Ең бастысы, өз жұмысына адал болып, жан-тәнімен беріліп істейтін. Жұмыс десе, қандай қауіптен болса да тартынбайтын", - деді инспектордың әкесі.

Ұлынан қапыда айырылып қалған қария Ерлан Нұрғалиевке "Халық қаһарманы" атағын беру мәселесі жөнінде өз пікірін айтты.

"Біз Ерланға әкелік, аналық көңілімізден ризамыз. Оның ел алдындағы еңбегін, жасаған ерлігін әділ бағалағанын қалаймыз. Бірақ сол атақты "Қайтсең де бер!" дей алмаймын ғой. Жоғарыдағы бауырларым өздері шешер.

Баламыздың ерлігін ескеріп, сондай жоғары атаққа ұсынып жатқанының өзі бізге қуаныш. Былайша айтқанда, күш-жігер береді.

"Қылмыстық іс әділ жүргізіледі" деп министрлердің өздері айтып жатыр ғой. Соларға сенемін", - дейді Балғабек Нұрғалиев.

Ал Ерлан Нұрғалиевтің анасы ұлының балалық шағын еске алып, көз жасына ерік берген.

Еске сала кетейік, "Охотзоопром" компаниясының екі қызметкеріне браконьерлер шабуыл жасаған болатын.

13 қаңтар күні Қарағанды облысындағы "Охотзоопром" инспекторлары бес киіктің заңсыз атылғанын анықтап, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ екі көлікті қуған. Қос көліктің бірін тоқтатқанда браконьерлер қарсылық көрсетіпті.

Соның салдарынан бір инспектордың жағы сынып, пышақ жарақатын алса, екінші инспектордың миы шайқалып, есінен айырылған.

Оқиға салдарынан қызметкерлердің бірі Ерлан Нұрғалиев ауруханада көз жұмды. Ал тірі қалған қарағандылық инспектор оқиғаны баяндап берген еді.

Артынша марқұм болған инспектордың өліміне күдікті деп танылған азаматтарға іздеу жарияланып, күдікті ретінде үш азамат тұтқындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1775816-kiikterdi-korgajmyn-dep-kz-zmgan-nrgaliev-halyk-kaarmany-atana-ma/