Алматыдағы актриса өлімі: Жәбірленуші тарап өкілдері сотта сөз сөйледі (фото)
Жарияланған күні:
Актриса Шолпан Елгезек қайтыс болған жол-апатына қатысты сотта жәбірленуші тарап сөз сөйледі деп хабарлайды NUR.KZ.
Сот отырысында қайтыс болған актриса Шолпан Елгезектің бауыры сөз сөйледі. Ол материалдық өтемақының төленбегенін мәлімдеді. Актрисаның артында 26 жастағы қызы қалды.
"Олар бізге көңіл айтқылары келді, бірақ ол кезде ондай күйде болмадық. Егер кінәсі дәлелденіп, материалдық шығын сомасы белгіленсе, жаза прокурор мен соттың құзыретінде қалсын", - деді марқұмның бауыры.
Сонымен қатар жәбірленуші Хамитовтың мүддесін қорғаушы адвокат Рамиля Мұхамадиева мәлімдеме жасады.
"Сенім білдіруші оны ақша қызықтырмайтынын алға тартты. Әзірге өтемақы талап етпейді", - деді адвокат.
Жәбірленуші Сатыбалдиеваның күйеуі Бақыт Беделхан полиция хабарласып, әйелінің жол апатына түскенін хабарлағанын еске алды. Оқиғадан кейін әйелі жансақтау бөліміне түскен болатын.
"Шолпанды көрсетті, оны таныдым. Айзада Сатыбалдиева мен Шолпан құрбылар және туыс болатын. Әйеліме ота жасалды. Ол құрбысының қайтыс болғанын әлі білмейді. Шолпан неге хабарласпады деп сұрап жатыр. Дәрігерлер қалпына келуі үшін бес-алты ай қажет деп жатыр.
Жедел жәрдем ауруханасында болғанымызда, әке-шешесіміз деп адамдар келді. Оның не ішкенін білмеймін, бірақ мас болғаны көрініп тұр. Видеодан айыпталушының жүзі көрінеді және Абай мен Сейфуллин көшесінің қиылысынан қашып бара жатқанын көруге болады. Үстінде көк жемпір. Көлік жылдамдығына қатысты сан түрлі пікір айтылды, бірақ сағатына 94 шақырым екенін нақтыланды", - деді Сатыбалдиеваның күйеуі.
Оның сөзінше, сол күні жұбайы өнер саласына еңбек сіңірген қайраткер атағын алып, сол күні театр ұжымы Жаңа жылдық кештерін өткізген. Шолпан Астанадан келіп, олар сол күні бірге болған. Айзада Сатыбалдиева күйеуін шақыртыпты, алайда ол таңертең жұмысқа баратындықтан, алып кетуден бас тартқан екен.
"Ол алты сағат комада, сегіз күн жансақтау бөлімінде жатты. Материалдық өтемақы талап етеміз. Ол қандай жазаға тартылуы керек екенін білмеймін. Үш адам қайтыс болды. Оны жазалау керек. Бір адам мүгедек. Әйелім Әуезов театрының бетке ұстар актрисасы.
Жазаға тартылуы керек. Әке-шешесі келді. Олар материалдық және моралдық шығынды өтеуге тиіс, бірақ бұдан Шолпан қайтып келмейді. Құдайға шүкір, Айзада тірі. Оның қатарымызға қосылғанын қалаймын", - деп мәлімдеді Бақыт Беделхан.
Еске сала кетейік, Алматыдағы жантүршіктірер жол апатына қатысты сот ісі қаралуда. Айыпталушы Ілияс Кар өз кінәсін жартылай мойындады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1778237-almatydagy-aktrisa-limi-zbirlenusi-tarap-kilderi-sotta-sz-sjledi-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.