Қазақстандағы исламдық қаржы жүйесінің болашағы қандай?
Жарияланған күні:
Исламдық қаржы ұғымы бүгінде көпшілікке етене таныс. Осы орайда белгілі заңгер, ислам қаржысы бойынша халықаралық маман, танымал шариғатшы ғалым Шейх Билал хан Қазақстандағы исламдық қаржы саласы жайлы өз пікірін ортаға салған еді.
Тәжірибесі мол сарапшының айтуынша, Қазақстанда жаңа саланың қарқынды дамуына кедергі болып отырған негізгі жайттардың бірі – халықтың исламдық қаржы жүйесінің ерекшеліктерінен хабардар болмауында екен.
- Шейх Билал хан, сіз көп жылдар бойы исламдық қаржы мәселесін жіті зерттеп жүрген мамансыз. Қазақстандағы исламдық қаржы саласаның болашағы жайлы не айтар едіңіз?
- Бүгінде исламдық қаржы нарығы түсінігі әлемге кеңінен танымал. Қазақстан да мұсылман мемлекеті болғандықтан, осы салаға айрықша көңіл бөліп отыр. Бұл ретте исламдық қаржы жүйесін дамытуға «Астана» халықаралық қаржы орталығы мол үлес қосатынына сенімдімін. Себебі, өңірлік хаб жұмысының бес басым бағыттарының бірі дәл осы – исламдық қаржы жүйесіне арналып отыр. Енді исламдық қаржыны қай салаларда қолдануға болады деген сауалға тоқталып өтсек. Қазақстанда инфрақұрылым жағы қарқынды дамыған. Тіпті көркіне көз сүрінетін елорда – Астананың бой көтеріп, дамуының өзі қайда жатыр? Егер қаладағы инфрақұрылымды одан әрі дамыту көзделсе, исламдық қаржыны осы тұста ұтымды пайдалануға болады.
Бұған қоса, энергетика, теміржол, көлік магистральдары, ірі ғимараттарды салу, мектептер мен ауруханалар сынды әлеуметтік жобалар, үкіметтік жобалар, балаларға арналған қайырылымдылық қорлары сияқты қайырымдылық жобаларының барлығын исламдық қаржыландыру арқылы жүзеге асыруға болады. Жалпы, мұндай тәжірибе мұсылман елдерінде ғана емес, Ұлыбритания сынды Еуропа елдерінде де енгізіліп отыр. Тек бір Лондонның өзінде қаншама қаржылық қызметтер көрсетіледі, айта кетерлігі олардың арасында исламдық қаржы қызметтері де бар. Сондықтан мен Қазақстанның исламдық қаржы нарығының болашағы зор деп білемін.
- Қазақстанда аталмыш саланы дамытуға не кедергі болып отыр?
- Оның бірден бір себебі – көпшілік исламдық қаржыландырудың не екенін білмейді. Көшеге шығып, адамдардан «Исламдық қаржы туралы не білесіз?» деп сұрап көріңізші. Дені нақты жауап бере алмауы мүмкін, тіпті оның не екенін де түсінбеуі ықтимал. Сондықтан сіздерге халыққа жаппай исламдық қаржының не екенін түсіндерген дұрыс болады. Яғни, адамдар да, мектептер мен университеттер де исламдық қаржы арқылы табысқа жете алатынын, онда пайыз болмайтынын білуі шарт.
Қазіргі күні біз Астанадағы 2-3 университетпен қаржылық бағдарламаларды әзірлеу жағын сөйлесіп жатырмыз. Бұл бағдарламалар арқылы исламдық қаржы саласы бойынша бакалавр, магистр мәртебесін алып, арнайы дипломдар мен сертификаттарға қол жеткізуге болады. Сонымен бірге бірлесе жұмыс жасау үшін, британиялық университетті қарастырып жатырмыз. Қазақстанға біріншіден осы саланың мамандарын даярлайтын арнайы оқыту бағдарламасы керек. Екінші тосқауыл - қағазбастылық болып отыр. Үшіншіден, исламдық қаржыны дамытуды көздейтін арнайы заң қабылдануы керек.
- Исламдық қаржы шариғат заңдарына сүйенетіні баршаға мәлім. Жалпы қазақстандықтар пайызсыз несиені қалай ала алады?
- Оны алдымен жөнді түсіндіру керек. Жалпы, исламдық қаржыда «пайыз» ұғымы болмайды дегенді қалай түсінуге болады? Мәселен, сіз үй, көлік алу немесе бизнес ашу ниетімен банкке келіп, ақша алдыңыз дейік. Алайда ол қаражатты банкке қайтарған уақытта сіз алған ақшаңыздан бөлек, тағы да қосымша ақша қайтаруыңыз керек болады. Ал, исламдық қаржыда қалай? Көлік немесе үй алғысы келген адам исламдық банктің серіктесіне айналуы тиіс. Мысалы, ислам банкі үй акциясының 90%-ын сатып алса, қалған 10%-ын сіз сатып аласыз. Осылайша, сіздер серіктес атанасыздар. Нәтижесінде, сіз үйді жалға ала отырып, қалған акцияларды біртіндеп сатып алу арқылы үйдің 100 пайыз иесі атанасыз. Ислам қаржысының тағы бір артықшылығы - мүлкіңізге орасан зақым келіп, күтпеген шығынға ұшырасаңыз, банк тәуекелдерді сізбен бірге бөлісетін болады.
- Болашақта исламдық қаржы институттары арқылы баспаналы болу бағдарламалары қарастырылған ба?
- Алдағы уақытта әзірленеді деп ойлаймын. Ол үшін Қазақстандағы исламдық банктер мен исламдық қаржы институттарының санын көбейту керек. Сол үшін, исламдық инвестициялық қорлар мен активтерді басқаратын компаниялар көп болуы тиіс. Егер көпшілік исламдық қаржыландырудың не екенін білсе, сұраныс та көп болады. Адамдар неғұрлым банк қызметтеріне көп жүгінетін болса, соғұрлым олар бұл жүйе жайлы хабардар болады. Бізде инвестициялық және коммерциялық банктер бар, енді жекелеген банкинг керек. Сондай-ақ, Қазақстанға шағын қаржы ұйымдары керек.
- Исламдық қаржы жүйесін дамыту Қазақстан экономикасына не береді?
- Исламдық қаржы Қазақстан экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосады. Қазақстан экономикасы негізінен мұнай және газ, энергия мен пайдалы қазбаларды өндіруге тікелей байланысты. Исламдық қаржы осы салаларға тәуелді болмауға, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға жол ашатын болады. Ол ЖІӨ мен ел экономикасының дамуына үлес қосатын болады. Тіпті, құрылыс салып, оны қамтамасыз ету үшін де исламдық қаржы қажет болады.
- Қазақстанды не себепті таңдадыңыз және осында қалып, жұмыс істеу туралы шешімге қалай келдіңіз?
- Себебі, бұл жерде бәрін жаңадан бастауға тура келеді. Егер мен Дубай, Абу-Даби немесе Бахрейнге (авт. GCC өңірі – Парсы шығанағы елдері одағының кеңесі) барсам не өзгеретін еді? Ол елдердің барлығында исламдық қаржы дамыған, олар менің көмегіме мұқтаж емес. Ал Қазақстанда осы саланы дамыту үшін, базалық, техникалық тұрғыда алға шығу керек. Жалпы маған бәрін жаңадан бастап, көмекке мұқтаж елдерге жәрдемдескен ұнайды. Ал, GCC елдерінің көбінде, мәселен Сингапур, Малайзия, Индонезияда исламдық қаржы жүйесі бір жолға қойылған. Сол сияқты Пәкістан мен Үндістан, Люксембург, Ирландия, Бельгия мен Германияда да исламдық қаржы саласы жақсы дамыған. Сондықтан мен мұндай мүмкіндікті жібермей, Қазақстанға келуді жөн көрдім.
- «Астана» халықаралық қаржы орталығында исламдық қаржыны қалай дамытпақсыздар?
- АХҚО шетелден инвестицияны тарту алаңы болғандықтан, мұнда исламдық қаржы саласына ерекше көңіл бөлінуі заңды құбылыс деп санаймын. Бұл үшін АХҚО-да барлық жағдай жасалған. Мұнда ағылшын құқығы, тәуелсіз сот, тәуелсіз арбитраж бен өзінің заңдары бар. Сондай-ақ, Америка, Ұлыбритания, Еуропа, Ресей мен Қытайға да АХҚО таптырмас алаңға айналады. Себебі бұл жерде үлкен нарық бар. Аталған елдердің компаниялары өз өнімдерін ұсынып, қазақстандық компаниялармен серіктес болса, нұр үстіне нұр емес пе? Бүгінде шетелдің көптеген елдері АХҚО-ның салық режимі жеңілдетілген, ашық ұйым екенін біледі.
- Сонда АХҚО қандай нақты өнім, құрал шығара алады?
- Алдағы уақытта АХҚО өзінің Шариғат бойынша кеңесін құратын болады. Оның құрамына шариғат саласы бойынша ғалымдар мен заңгерлер, білікті мамандар кіреді деп жоспарланып отыр. Әзірге кеңеске енетін адамдардың саны 7-еу болады деп айта аламын. Сондай-ақ біз сукук шығаруды жоспарлап отырмыз. Ал кеңес осы өнімдердің сәйкес келетін, келмейтіндігін шешетін болады.
- Алдағы уақытта исламдық қаржы саласында қандай тың өзгерістер болуы мүмкін?
- АХҚО-ның 6 басым бағыттарының ішінде үшеуі өзінің өзектілігін жоғалтпайды деп ойлаймын. Олар: Жасыл қаржы, исламдық қаржы және қаржы технологиялары. Жасыл бондтарды шығарудың орнына біз жасыл сукукты шығарамыз деп отырмыз. Жасыл жоба сукук арқылы жүзеге асырылатын болады, ал бондтар арқылы – стандартты қаржылық құралдар шығарылады. Жасанды интеллект болса, қаржы технологиялары арқылы іске асырылады. Яғни, бізде исламдық блокчейн, big data – исламдық деректер болады. Мұның барлығы исламдық қаржы жүйесін қазіргіден де өзекті ете түсетіні анық.
- Әңгімеңізге рахмет!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1778422-kazakstandagy-islamdyk-karzy-zjesini-bolasagy-kandaj/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.