Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алаштануды жеке пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізу керек пе?

Опубликовано:

Алаш – қазақ үшін қасиетті ұғым. Арғы жағында қандай тарих, қандай түсінік жатқандығына қарамастан, бүгінгі жұртшылық бұл ұғымды өткен ғасырдың басында қазақ ұлтының тәуелсіздігі үшін күрескен "Алаш" қозғалысымен және соның басында тұрып, "Алаш" партиясын, "Алашорда" өкіметін құрған ұлт зиялыларының есімімен байланыстырады.

Бұл қаншалықты дұрыс? Өткенін бағамдап, шерлі де шежірелі төл тарихынан сабақ алуға ұмтылған ұлт ұланы нені ескергені жөн? Жалпы, алаштануды жеке пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізу керек пе?

Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы-ғалым: Иә.– Алаш пен қазақ этнонимдері – өзара синоним. "Алаш қауымдастығы" деген атпен XVI ғасырға дейін қазақ Алаш атанған. Жалпы, "Алаш" атауы VIII ғасырдағы Түргеш қағанатынан басталады. Бір жағынан, тарихи пән болса, екінші жағынан, мұның руха­ни-мәдени жағы да бар, бөлек пән ретінде оқытуға әбден болады. Мысалы, түркі дү­ние­сінің М.Қашқари, Ж.Баласағұн, әл-Фараби сияқты өкілдері – рухани жағынан алғанда, Алаш қауымдастығының өкілдері.

Біздің қазақтың ұлттық, этникалық рухы осы Алаш қауымдастығындағы бастаулардан басталады.

Алғашында үш сан Алаш, одан кейін алты сан Алаш, сосын он сан Алаш атандық. Мәдени жағынан алсақ та, қазіргі қазақ мәдениетінің басында Алаш мәдение­ті тұр.

Алаш пен қазақ этнонимдері – өзара синоним

Алаш мәдениеті дегеніміз – орта ға­сырдағы түркі қауымдастығынан бөлініп шыққан қыпшақ тілдес халықтар мә­дениеті. Яғни алаштану дегеніміз тек қана Алашорданы оқыту емес. Олардың өзі "алаш" деген терминді тарихи негіздерге сүйене отырып таңдаған.

Ә.Бөкейханов "Алаш деген қандай мағынаны білдіреді?" деп "Қазақ" газетінде мәселе көтеріп, оған Х.Досмұхамедов жауап жазған. Бұл моңғол тілінде "кісі өлтіруші" деген мағына береді, бірақ бұрын Алаш баһадүр деген болған және ол – хандықты ұйымдастыруға қатысқан, алғашқы Әбілқайырға көмек­тескен адам. Міне, соның атымен Алаш қауымдастығы қалыптасып кетті. Былайша айтқанда, "алаш" деген сөз екі мағынада қолданылған. Бірі – алашы, екіншісі – Алаш. "Алашы" моңғолша "кісі өлтіруші" деп түсініледі. Ал Алаш – түркі қауымдастығындағы қыпшақ тілдес тайпалардың басын біріктіріп, қазақ қауымдастығының қалыптасуына себепкер болған, үш сан Алаштың басында тұрған тұлға. Сондықтан бұл – өте күрделі мәселе.

Мұны оқыту үшін тиянақты түрде оқулық дайындауға тура келеді.

Және оны мамандарға жаздыру керек. Жалпы алғанда, "қазақ" этнонимін тану үшін "Алаш" атауы нені білдіреді", "Алаш қауымдастығы дегеніміз не?" деген нәрселерді балаларға түсіндіруге тиіспіз. Бұл деген – қазақ халқының шығу тарихын, тарихи негіздерін ашып көрсету деген сөз. Бұл ретте оның рухани, мәдени, саяси бастаулары бар. Міне, алаштану шын мәнінде жан-жақты болуы үшін осының бәрін қамтуға тура келеді.

Тұрсынбек КӘКІШЕВ, сыншы, әдебиеттанушы-ғалым: Жоқ.– Алаштану жалпы қазақ тарихының ішінде болуы керек. Күллі қазақ тарихының оқытылуын өз дәрежесінде, өз деңгейінде әдемі жүргізетін болсақ, алаштану соның бір кезеңі, еуропалана бастаған алғашқы құбылысы ретінде қазақ тарихының бір мәселесі болып қарастырылуы тиіс. Жеке дау­рықтырғаннан ештеңе шықпайды. Кеңес дәуірін тектен-текке қаралай берген де дұ­рыс емес. Қазақ халқын жеткізіп, үлкен аре­на­ға шығарып кеткен 70 жылымызды қалай лақтырып тастаймыз?! Тарихта болған оқиғалардың ешқайсысын бөле-жармау керек, бірін қаралап, бірін мадақтаған есті адамның тірлігіне жатпайды. Біз ондай кезеңнен өткенбіз. Осы тұрғыдан келгенде, алаштануды жеке пән, жеке сабақ етіп енгізу деген – бос сөз.

Жалпы, қазақ тарихын дұрыстап өткізіп, алаштануды соның бір тармағы ретінде айтуға болады.

Соңғы уақытта мынадай бір жағдай бар. Кеңестік кезеңде қазақтың әдебиетін, мәдениетін әлемге танытқан адамдардың көбі аталмай жатыр. Тек М.Әуезовті ғана айтады. Ал С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тә­жібаев сияқты басқа да ұлы қалам­гер­леріміздің еңбегі ескерілмей жүр. Әрине, "Алашты" ақтау мәселесіне мен қарсы емеспін, ол жақсы, бізге керек, бірақ өз тарихымызды жіліктемегеніміз жара­майды.

Ауыл-ауылға, ата-атаға бөліп алып дәріптеу – ұят іс, жіліктену про­цесін тоқтатпасақ, ол жақсылыққа апар­майды

Ауыл-ауылға, ата-атаға бөліп алып дәріптеу – ұят іс. Масқара болғанда, біз қазір осындай жағдайға жетіп отырмыз. Қалтасында ақшасы барлар болмаған нәрсені "болды" деп жазғызып, кітап шығарып жатыр. Осының барлығы ұлтқа зиянын тигізуде.

Ел боламыз десек, ұлт болып ұйысып, алда тұрған ұлы мақсаттар үдесінен шығуға тырысу қажет. Екінші бір мәселе, ұлыларымыздың әрбір жылдығын атап өту, дабыралату – бүгінгі заманға жа­распайтын нәрсе. 100 жылдығы, 150 жыл­дығы, 200 жылдығы болса, бір сәрі. Ал 145 жылдығы, 165 жылдығы дегендер артық. Осы орайда тек ірі даталарды ғана бүкілхалықтық деңгейде өткізген жөн. Бірақ рудың емес, осындай деңгейде ұлттың мақсатын көздеу керек. Былайша айтқанда, жіліктену про­цесін тоқтатпасақ, ол жақсылыққа апар­майды. Осыны тарих, әдебиет сабақ­тарында балалардың құлағына құйып, кітаптарда жазған жөн.

Ел боламыз десек, ұлт болып ұйысып, алда тұрған ұлы мақсаттар үдесінен шығуға тырысу қажет

Тағы бір мәселе, біз осы уақытқа дейін өз тарихымызды өзгенің көзімен қарап, жазған халықпыз. "XVIII ғасырдан әрі қазақ әдебиеті жоқ, қазақ мәдениеті жоқ" деген әңгімелер шыққан, әлі күнге дейін соны жақтаушылар да бар. Ал шындығына келгенде, қазақ аспаннан түскен халық емес. Сонау сақ, ғұн заманынан келе жат­қан, 4 мың, 5 мың жылдық тарихын қа­зып жатқан елміз. Бірақ соны әлі айқын көрсете алмай жатырмыз. Сондықтан халықтың тарихын белгілі бір кезеңге жіліктеп емес, барлығын тұтастай қамти отырып, қа­растыруға тиіспіз. Осында "про­фес­сормын", "академикпін" деп жүр­гендердің өзі қазақ тарихын әлі білмейді, халқы­мыздың өткен тарихынан көбіміздің хабарымыз жоқ. Мұндай жағдайда жас ұрпақ туралы не айтуға болады? Маңызды деген пәндердің өзінің не оңған оқулығы жоқ, не оқыту жүйесі озық емес, бала­ларымызға обал-ақ. Жоғарыдағы айтқан жіліктенудің зиянын, айналып келгенде, солар тартып жатыр. Өйткені бүкіл қазақтың емес, белгілі бір рудың, белгілі бір тайпаның, жекелеген тұлғалардың тарихы айтылып жатқан жерде қандай шынайы білім болады? Сол себепті де тарихымызды түгел қамтитын оқулықтар жазу, мейлі мектепте, мейлі жоғары оқу орындарында болсын, тарихты тұтастай оқыту – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе.Бейтарап пікір. Қойшығара САЛҒАРА, жазушы:

Қазақ зиялыларының ең соңғы тұяғы "Алаш" азаматтары болатын

– Қазақта "көргені бар көргенін істейді, көргені жоқ ойына келгенін істейді" деген сөз бар. Яғни ұрпақты тұлғалар арқылы тәрбиелеу керек. Солардың үлгі-өнегесін, ел игілігі жолында атқарған істерінің мән-маңызын жастар жадында жаңғыртып отырған абзал. Қуғын-сүргін жылдарында қазақтың сүт бетіне шығар қаймақтарының бәрі қызыл қырғынға ұшырады.

Елді бірлікке, кісілікке, парасатқа тәрбиелейтін тұлғалардың бәрін құртып жіберді.

Біз ылғи орындаушыларды үлгі тұттық. Жоғарғы жақтың тапсырмасын кім мүлтіксіз орындаса, сол батыр болды, барлық құрметті сол иеленді. Рухани байлық, ұлттық құндылық деген жайына қалды. Соның салқыны тиген ұрпаққа ұлы тұлғалар өнегесін үйрету – бірден-бір қажетті нәрсе.

Ал қазақ зиялыларының ең соңғы тұяғы "Алаш" азаматтары болатын. Сол үшін "алаштықтардың" өмірін, азаматтық тұлғасы мен күрескерлік жолын, шығармаларын оқытып-үйрету – парыз.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/177928-alashtanudy-zheke-pen-retinde-mektep-bagdarlamasyna-engizu-kerek-pe/

pixel