RU

Қарағанды облысында көз жұмған сарбаздың туыстары оның өзін өлтіргеніне сенбейді

Қарағанды облысында орналасқан 6505 әскери бөлімінің 18 жастағы борышын өтеуші Әліби Сапаның өзіне қол салғаны кеше белгілі болды. Сарбаздың туыстары өзіне қол жұмсады деген нұсқаға сенбей, оны біреулер өлтірген болуы мүмкін дегенді алға тартып отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Қарағанды облысында өзіне қол салды деген сарбаздың туыстары бұған сенбей отыр
Фото:Видеодан скриншот: Twitter

Туыстарының айтуынша, 18 жастағы сарбаз әскери мансапты армандапты. Ол 2018 жылдың желтоқсанында әскерге шақыртылған.

Енді арада бір ай өтпей жатып командирлері «денесін алып кетіңдер» деп хабарласқан.

Таңертең суыт хабар естіген анасы есінен қайта-қайта танса, жетпістегі әжесі сенбей немересіне қоймай қоңырау соғыпты.

Оның айтуынша, олар жақында ғана әскерден хат алған. Онда сарбаз ұлттық ұланды жан-жақты сипаттап, командирлерімен мақтанған.

Сондай-ақ, алдыңғы күні ғана анасына қоңырау шалып, әскери өмірдің ұнап жатқанын айтыпты.

Дегенмен әскери бөлім басшылары «суицид жасады» дегенді алға тартып отыр.

"Ол өзіне қол салмайды. Тәрбиесі жақсы бала. Әскерге баруды армандайтын. Кейін әскери адам немесе полиция қызметкері боламын деп жүретін", - деді туысы Гүлнәр Күндібаева.

Оқиға Қарағандыдағы АК 159/7 түзеу мекемесіндегі мұнараның ішінде болған. Сарбаздың денесі таңғы 7:40-та табылған. 20 минутта сараптама жасап тастаған болса керек, әскери бөлімдегілер «бала өз-өзін атып өлтірді» деген шешім шығарған.

"Өзін атып өлтірді дейді. Сенбі күні телефон соққан. Көңілді болатын. "Алтыншы пост" фильмін көрші деп екі рет айтты. "Жарайды, балам", -дедім. Ол бәрі жақсы екенін айтқан болатын. Қалай бұлай болады? Кінәлілердің жазалануын талап етемін", - деді марқұмның анасы Майгүл Әліпбаева.

Сол таңда жауынгер қарауылда үш сағат тұруға міндетті болған. Алайда әскерилер оның өлі денесін тауыпты. Әскери бөлім басшылығы Әліби мейірімді, көңілді жігіт болғанын айтып отыр.

"Таңғы сегіз шамасында қатардағы жауынгер Әліби Сапа өз-өзіне қол-жұмсап, қарудан атылған оқтан мерт болғаны анықталды. Көңіл-күйі жақсы болған еді. Кенеттен болған жағдай. Ондай ойы жоқ болатын. Бәріміз таңқалып отырмыз", - деді 6505 әскери бөлім командирінің орынбасары міндетін атқарушы Мақсұт Жүсіпбеков.

Жігіттің туыстары жан-жақты тергеу жүргізілуін талап етіп отыр. Әлібидің денесі туыстарына берілген.

Еске сала кетейік, 20 ақпан күні таңертең 6505 әскери бөлімінің сарбаздары Қарағанды облысы Долинка кентіндегі түзеу колониясының аумағынан сарбаздың денесін тапқан болатын.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1779771-karagandy-oblysynda-kz-zmgan-sarbazdy-tuystary-ony-zin-ltirgenine-senbejdi/