Сүйіктісімен Түркияға қыдырып барған қазақ қызы сол елге келін боп қалып қойған
Жарияланған күні:
Маңыстаулық бойжеткен сүйіктісімен Түркияға қыдырып барамын деп, сол елге келін болып қалып қалған. Өзге ұлт өкілінің жары атанған Анар Жұбағалиева бұл оқиғада ата-анасының ақ батасын қалай алғаны мен түрік келіні болу қаншалықты қиын екенін жасырмай айтып берді деп жазады zamana.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Бейнеу ауданында туып-өскен қыз өмірлік жарымен жұмыс бабы бойынша танысқан. Олар қазақстандық автожол салу компаниясында бірге қызмет етіпті.
Анар аталмыш компанияда Қазақстан есебін, ал сүйіктісі түрік есебін жүргізіп келген.
Уақыт өте келе әріптестер арасында махаббат сезімі пайда болып, Хакан қазақ қызына үйленуге ұсыныс жасаған.
"Жасым 23-ке келгенде Хакан аяқ асты ұсыныс жасады. Бұл жағдайды анама айқанымда ол кісі бірден қарсы болып, енді бұл әңгімені қайта естігісі келмейтінін жеткізді.
Балалығым шығар, мүмкін сериалдағы түріктердің әйел, балаларына жақсы қарайтыны санама сіңіп қалды ма, осы «мифтен» арылмай, түрлі ойда жүрдім.
Осылай кезекті еңбек демалысымды алған кезімде жігітім өз еліне қонаққа шақырды. Бұл елді көруге деген қызығушылығым жеңіп, үйдегілерге Ақтаудағы туыстарға барамын деп кеттім.
Бірақ жанымдай жақсы көретін нағашы апама Түркияға қыдырып қайтатынымды ескерткен болатынмын. Содан осында қыдырып келіп, келін болып қалып қойдым" , - деді Анар Жұбанғалиева.
Алайда өз дегеніне жетіп, түрік халқына келін атанған аруға ата-анасы қатты ашулы болған.
"Ата-анам ренжіп, ашуланғаны рас. Бірақ уақыт өте менің таңдауымды қабылдап, батасын берді. Оның үстіне жолдасымды таныған соң, әуелгі ойларынан айныды ғой. Содан бері 11 жыл өтті. Қазір 2 жасар ұлым бар" , - деді келіншек.
Анар өзге ел, бөтен отбасы болғандықтан жат әдет-ғұрыптарға үйренісе алмағанын жасырмады. Ол ата-енесінің өзін жылы қабылдап алуының арқасында бәрін тез-ақ үйреніп кеткенін жеткізді.
Қазақстан тумасы тоғыз жыл бойы азаматтық алуды күтіп, нәтижесінде екі жыл бұрын оған қол жеткізген.
Бұған дейін жұмысын Түркияда жалғастырып келген ол бүгінде бала тәрбиесінде екен.
Сонымен қатар, Анар түрік пен қазақ салт-дәстүрлерінің ұқсас тұстары бар екенін айтты. Ол отбасына қазақтың ұлттың тағамдарын да әзірлеп тұрады.
"Аздап ұқсастық бар. Бұл ел де қонақ шақырып, той жасағанды жақсы көреді. Бірақ аста-төк дастархан жайып, жарысып той өткізуді артық шығын деп есептейді. Мәселен, той жасайтын шаңырақ орта жағдайлы болса, бір торт пен бір шырынды қолтықтап апарады.
Дәулеті артықтау кісі той өткізсе, әлгі торт пен шырынның қасына тағы тәттілер қосып береді. Ал мейрамхана, фабрикасы бар қалталы адам той жасаса, оған қомақты қаржы ұстатуға тырысады.
Қазақтың тағамдарын таныстырып, бір рет ет асып, бауырсақ пен манты пісіргенмін. Сонда жолдасым: «Бауырсағың мен мантыны жасай бер. Бірақ ет аспашы, шығын ғой», – дегені бар. Соған қарамай, кейде өзім сағынғанда азырақ ет салып, жеп аламыз" , - деді Анар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1779860-sjiktisimen-trkiaga-kydyryp-bargan-kazak-kyzy-sol-elge-kelin-bop-kalyp-kojgan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.