Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттік апалы-сіңлілі қыздар Мәскеуде 6 жыл бойы құлдықта болған

Опубликовано:

Шымкенттік апалы-сіңлілер Фатима мен Әлия Мұсабаева 2007 жылы нәпақа табу үшін Мәскеу қаласына таныстары арқылы барған. Алайда, көрші елдің астанасына аттанған қыздардың жұмысы өздері күткендей болмапты. Нақтырақ айтқанда, онда арулар тегін жұмыс істеп, адам сенгісіз жағдайда өмір сүрген. Тіпті, олар кішкентай қателігі үшін соққы астында қалып, зорланып та жүрген деп хабарлайды "Moscow Times" басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Фатима Мұсабаева. Фото: Видеодан кадр/ Youtube
Фатима Мұсабаева. Фото: Видеодан кадр/ Youtube: UGC

Оқиға 2007 жылы бастау алған.

17 және 18 жастағы Фатима және Әлия есімді апалы-сіңлілер әкелерін жоғалтқан соң өмір сүретін қаржыға зәру болып қалады.

Осылайша, далада қалудан қорыққан қыздар тез арада жұмыс іздеуге кіріседі.

Олардың таныстары Мәскеудегі азық-түлік дүкенінде ағасы жұмыс істейтінін айтып, жұмысқа сонда шақырыпты.

"Досым көлік те, үй де сатып ала алатынымызды айтты. Біз жас болдық, аңғал болдық. Солай кетіп қалдық", - дейді Фатима.

Апалы-сіңлілердің сөзінше, Фатима кассада жұмыс істеп, ал Әлия қожайынның балаларын қарауы тиіс болған.

Алайда, олар жұмысқа кіріскен соң бір тиын да ала алмаған екен. Ол аздай, қазақстандық қыздар адам сенгісіз жағдайда өмір сүріпті.

Шымкенттік бойжеткендердің айтуынша, олар басқа жұмысшылармен бірге жертөледе ұйықтап, шіріген тамақ жеген. Тіпті, кез келген қателіктері үшін соққы астына жығылып, сексуалды қысым да көріпті.

2009 жылы Фатима қашып кеткісі келгенін айтады. Ақырында бұл ойы жүзеге аспаған ару әрекеті үшін зорланып, дүниеге бір бала әкеліпті.

Қазақстандық қыздың жоспары тек бір жылдан соң ғана жүзеге асқан. Құлдықтан құтылған бойжеткен Шымкентке жетіп, полицияға жүгініпті. Алайда, тәртіп сақшылары өз құзіреттеріне жатпайтынын айтып, көмектесуден бас тартқан.

Амалы қалмаған Фатима журналистерден көмек сұрауға бел буыпты. Осылайша, шымкенттік арудың хикаясы "Сана сезім" қайырымдылық қорына бір-ақ жеткен.

Бірнеше уақыттан соң Мәскеу қалалық құқық қорғау органдарына өтініш білдірген Фатима ұлын қайтарып алады. Ендігі кезекті оның бар мақсаты сіңлісі Әлияны құтқару болады.

Бұл мәселені шешу үшін Фатимаға үш жыл қажет болған. Ол түндерін ұйқысыз өткізіп, сіңлісін құтқарудың жолдарын қарастырыпты.

"Мен оны қатты қорғайтынмын. Мектепте де оны мазақ еткен балалармен төбелесетінмін", - дейді ол.

Ақырында Қазақстанға оралған жанұя мүшелеріне құлдықтан арылу үшін бірнеше уақыт қажет болған. Оларға көмек көрсетуге психологтар, әлеуметтанушылар мен бұл жағдайға бей-жай қарамаған жандар келіпті.

Қазір қыздар жұмыс істеп, балаларын асырап жатыр. Фатима тағы бір баланы дүниеге әкелген.

Олардың барлығы бір бөлмелі пәтерде өмір сүруде. Әлия жанармай бекетінде қызмет етсе, Фатима желіде аксессуарлар сатады.

Бала тәрбиесі туралы сөз қозғаған қыздар оларға күндердің күнінде әкелері туралы айту қажеттілігі туындайтынын айтты.

"Мен мұны ұмытпаймын. Оған Ринат ұлым себеп. Ол бұл оқиғаны есіме түсіріп тұрады деген сөз емес. Бірақ, үндердің күнінде ол әкесі жайлы сұраса, не жауап берерімді білмеймін", - дейді Фатима.

Басылымның хабарлауынша, Ресейде іс жабылған, ал Қазақстанда уақытша тоқтатылған.

Шымкенттік қыздар зәбір көрсеткендердің неге әлі де бостандықта жұмыс істеп жүргенін түсінбей отыр. Олардың сөзінше, кейбір еңбек құлдары тек 2017 жылы ғана қашып шығыпты.

Сол себепті, 2016 жылы апалы-сіңлілер басқа өзбекстандық екі жәбірленушімен бірге адам құқығы жөніндегі Еуропалық сотқа арыз тастаған.

Өткен жылдың соңында сот істің жалғасатынын растады.

"Бұл өзгеріс әкеледі деген үмітім аз. Бірақ, мен үшін осы жолдан өту өте маңызды", - деді Фатима.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1781446-symkenttik-apaly-silili-kyzdar-mskeude-6-zyl-bojy-kldykta-bolgan/

pixel