Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Семейлік азамат 15 жасар өгей қызынан қорлық көріп жүргенін жайып салды

Опубликовано:

Семей қаласының Шыңғыс есімді тұрғыны әйелінің бірінші отбасында дүниеге келген қызынан қорлық көріп жүргенін айтады. 15 жастағы жасөспірім өгей әкесімен тіл табыса алмай, үнемі оның намысына тиіп отырады екен. Өзара түсініспеушіліктің кесірінен жанұяда күнделікті жанжал туындайды. Екі оттың арасында қалған азамат KAZ.NUR.KZ тілшісіне сырын ақтарды.

Семейлік азамат 15 жасар өгей қызынан қорлық көріп жүргенін жайып салды
Көрнекі фото: manvswoman.ru: Facebook

Жаңадан құрған отбасында туындаған қиындықтар Шыңғысты тығырыққа тіреп отыр.

«Мен бұрын үйленбеген азаматпын. 35 жасымда Әсеммен танысып, оған шынайы ғашық болып қалған едім. Екеуміз бір мекемеде жұмыс жасап жүріп, арамыз жақындай түсті.

Келіншек менен 3 жас үлкен еді. Бұрын тұрмыста болған, кәмелетке толмаған қызы бар екенін әуел бастан айтты.

Өзім сұр бойдақ болғандықтан отбасын құрып, ел қатарлы өмір сүргім келді. Жасы 70-ке таяған анама және туған-туыстарыма Әсем туралы айттым.

Әрине, бұрын ажырасқан келіншекпен шаңырақ құруға қарсы болғандар да болды. Бірақ мені ешкімнің пікірі қызықтырған жоқ», - дейді семейлік азамат.

Шыңғыс сүйіктісімен ақылдаса келіп, үлкен той жасамайтындары туралы келіседі. Жақындарын жинап, Құран оқытып, келіншегін әулетімен таныстырған.

Семейлік азамат кішігірім тойдан кейін Әсемнің үйіне көшіп барыпты.

«Әсемді менің үйімде тұрайық деп біраз көндіргім келген еді. Бірақ ол өз пәтерінен көшкісі келмей, қиылып тұрып алды.

Үйленгенімізге дейін ол мені өзінің қызымен таныстырған болатын. Бірақ алғашқы кездесуімізде Жұлдыз менімен мүлдем сөйлескен жоқ. Ұялған болар деп ойладым.

Алайда, бірге тұра бастағаннан кейін арақатынасымыз қиындай бастады», - дейді Шыңғыс.

Шыңғыстың өгей қызы өзінің әкесімен жақын араласады екен. Бір-бірін мерекемен құттықтап, жиі кездеседі.

Мұндай кездесулерден кейін Жұлдыз тіпті өзгеріп, өгей әкесіне түрлі қылық көрсете бастапты.

«Жұлдыз өзінің әкесі мен шешесін қайта қосқысы келетінін білемін. Бірақ Әсем ешқашан бірінші күйеуіне оралмайтынын талай рет айтты.

Жасы 15-те болса да түнделетіп жүреді. Арасында үстінен сыра мен темекінің иісі аңқып тұрады. Беймезгіл уақытта қайда жүргенін сұрасам, жылап, айқайлап шығады. Әйеліме «маған ұрысты, ұрды» дейді.

Бірақ мен ешқашан оған қол көтерген емеспін. Жай ғана қыз бала болғандықтан болашағына алаңдаймын. Кей кездері Әсеммен осы үшін сөзге келіп қаламыз», - дейді біздің кейіпкер.

Шыңғыс қаладағы ірі мекемелердің бірінде жақсы қызмет атқарады. Табысы да жоғары. Айлық алған күні Жұлдызға да сыйлық алып, жасөспірім қызды қуантқысы келген.

Алайда бағасы қымбат әтірді өгей қызы әжетханаға ағызып жіберіпті. Тіпті, қалтасынан ақша да ұрланған кездері болыпты.

«Әдетте, мен жалақымды банкоманттан толықтай шешіп алмаймын. Сол күні көбірек қаражат керек болды. Үйге келіп, күртешемді ілмешекке іліп қойдым. Әмияным ақшамен қалтасында қалды.

Таңертең тұрып қарасам, ішінде тек 500 теңге ғана тұр. 70 000 теңге жоғалды.

Әсемге айтқан едім, ол да ұрысып шықты. "Қызымды ұрлықшы қылдың" деп ренжіді. Жұлдыздан сұраған едік, әрине ол мойындамады.

Кешке үйге келсем, әйелім ақшаны өгей қызымның заттарының арасынан тауып алыпты. Мұндай келеңсіз жағдайлар жиі қайталанып жүр», - дейді Шыңғыс.

Жуырда әйелінің аяғы ауырлаған көрінеді. Көптен күткен жаңалыққа Жұлдыз ғана қуана қоймапты. Керісінше, жанжал шығарып, үйден қашып кеткен екен.

«Түнімен Әсем екеуміз жүріп Жұлдызды іздедік. Таң ата құрбысының үйінен тауып алдық. Қазір Әсем ажырасайық деп жиі айтып жүр. Әрине, оны да түсінуге болады.

Бірақ мен үнемі өз баламның жанында болғым келеді. Баламның әкесіз өскенін қаламаймын. Әсем босанғаннан кейін, Жұлдыз нәрестеге зиянын тигізе ме деп қорқамын.

Қалай болғанның өзінде отбасымнан бас тартқым келмейді», - дейді семейлік азамат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1782943-semejlik-azamat-15-zasar-gej-kyzynan-korlyk-krip-zrgenin-zajyp-saldy/

pixel