Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Төсі ашық көйлекпен шығып, елді шулатқан экс-депутат қазір қайда жүр?

Опубликовано:

Өткен жылы елордалық сән байқауларының бірінде "ерекше" көйлегімен көзге іліккен Динагүл Тасова сол оқиғадан соң көпшіліктің сынына іліккен еді. Әсіресе желі қолданушыларына Астана қалалық жастар мәслихатының бұрынғы депутатының төсі жалаңаштанған образы ұнамаған еді. Атышулы сәнгер бүгінде немен айналысуда? Көпшіліктің сыны жас депутаттың өміріне қалай әсер етті? Динагүл Тасова KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, аталмыш сұрақтарға жауап берді.

- Динагүл сіз бұған дейін де талай сән байқауларына қатысып үлгеріпсіз. Әсіресе "ТМД үздік моделі 2018" байқауынан кейін ерекше танымалдылыққа ие болдыңыз. Жалпы сән әлеміне қалай келдіңіз?

- Көптеген сәнгерлер сияқты мен де мода әлеміне кастингтер арқылы келдім. Негізі шыны керек, бұрындары сән индустриясын жеңіл бизнес, ал онда жүрген қыздарды жеңіл жүрісті арулар деп ойлайтынмын. Бірақ сыртқы сұлулығымды байқаған модель агенттіктерінің өкілдері мені үнемі кастингтерге шақыратын. Бір күні көшеде құрбыммен серуендеп жүргенде, дәл осындай агенттік мамандарының бірі мені тағы кастингке шақырды. Сөйтіп сол кастингке қатысып, осылай сән әлеміне кіріп кеттік. Қазір өмірімді бұл саласыз көз алдыма елестете алмаймын.

- Сән әлемінен бөлек, былтырғы жылы депутаттық мандатты алып жүрдіңіз? Бұл қызметке қалай келдіңіз?

- Иә, дәл солай. Былтыр бір жыл бойы, яғни 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін депутаттық мандатты алып жүрдім. Бұл қызметке мен тек модельдік жұмысыма қосымша жұмыс ретінде қарап жүрдім. Көп жағдайда түрлі кездесулер ұйымдастырып, жастар мәслихатының депутаты болғандықтан, жастармен жұмыс істейтінбіз. Мен үшін өмірдің бұл кезеңі де үлкен тәжірибе болды.

- Әдетте халық қалаулыларын сынға алып жатады? Сіздің басыңыздан ондай жағдайлар өтпеді ме?

- Ондай пікірмен де келісемін. Тіпті өз басымнан дәл сондай жағдай өтті емес пе? Естеріңізде болса, өткен жылдың желтоқсан төсі ашық көйлекпен подиумға шыққанымда елдің бәрі жаппай сөкті. Көпшілік сол кезде мені депутаттық мандатымның арқасында подиумға шықты деп те сынаған. Қазір сол әңгімеге нүкте қойғым келіп отыр. Ондай ештеңе болған емес. Мен алдымен модельмін, одан кейін ғана депутат болған едім.

Бұған дейін де талай рет сахнаға түрлі образда, тіпті іш киіммен де шыққан кездерім болған. Мен ел ұялатындай ештеңе жасаған емеспін, тек өз күшіммен сән әлеміне келіп, жұмысымды істеп жүрген адаммын. Сол күнгі оқиға расымен де мені есеңгіретіп тастаған еді. Өкініштісі біздің халықтың сәнгерлерге, сән бизнесіне деген көзқарасы әлі де өзгермей келе жатыр.

Сондықтан менің тарапыма болсын, басқа модельдерге болсын әлі де сын айтылады деп ойлаймын. Ондай адамдарға барынша түсіністікпен қарауға тырысамын. Айтпақшы мамандығым бойынша журналистпін, оны көпшілік біле бермейді. Сондықтан екі жұмысты да бірге алып жүргеніме өзімді мақтан тұтамын.

- Сонда ашық-шашық киінуге қарсы емессіз ғой? Ата-анаңыз қарсы емес пе?

- Әкемнің басқа жанұясы бар болғанымен, ешқашан ара-қатынасымыз суыған емес. Ол кісі менің модель бизнесімен айналысатынымды біледі. Ешқашан қарсы шыққан да емес. Екі бауырым да дәл солай, маған қолдау көрсетіп, қашан да жанымнан табыла білді.

- Қазіргі кезде көп айтылып жүрген "ұятмендерге" деген көзқарасыңыз қандай?

- Жаңа да айтып өттім ғой, ол менің жұмысым. Стилистер бізге алдын ала түрлі образдар дайындайды. Соған сәйкес, сахнада өз образымызды алып шығуымыз керек. Біздің жұмыс сол. Олар өздері "ұят" деп айғайға басқанымен, желіде "ұят" деп саналатын суретка лүпіл басып, өздері де ұятты дүниені тамашалап отыратын адамдар.

Мысалы ашық киім кимесе де, темекі шегіп, үйде қол қусырып отырып, тіпті ата-аналарын балағаттап отырған аруларды да көргенмін. Ондай әрекет мәселен ұятты жағдай емес пе? Ал әйелдеріне қол көтеретін қаншаме еркек бар. Әлде сондай ер адамдардың әрекеті мақтанарлық жағдай ма? Бізде жалпы солай.

Мен Қазақстанның атынан өзге елдерге барып, талай сұлулық байқауларына қатысқанмын. Бірақ ешбір елде модельдерді бұлай жерден алып, жерге салған емес. Керісінше оларға деген құрмет ерекше. Сондықтан, үйде жатып, елді сөге бергенше, әркім өз тіршілігін жасап, еңбектенсе екен деймін.

- Қазір немен айналысып жүрсіз?

- Басымда өткен жағдайдан кейін тұрмыста қиындық көрген әйелдер мәселесімен айналысуды жөн көрдім. Сол себепті "Нәзік жүрек" атты үкіметтік емес ұйымды құрып жатырмыз. Мақсатымыз – тұрмыста зәбір көрген әйелдерге психологиялық тұрғыда, заң тұрғысында барынша көмек көрсету.

Әйелдердің отбасында, күйеулері тарапынан көрген қорлығына көз жұма қарауға болмайды. Ондай оқиғаларды барынша әлеуметтік желі, көпшілік арқылы қоғам болып талқылап, ерлердің өз ісіне өкінетіндей жағдай жасауымыз керек.

Әңгемеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1783349-tsi-asyk-kjlekpen-sygyp-eldi-sulatkan-eks-deputat-kazir-kajda-zr/

pixel