Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ауылға келін болып түскен қалалық ару жан сырымен бөлісті (фото)

Опубликовано:

Шымкенттік Айдана Ыбырайдың қаладан ауылға келін болып түскеніне жеті жылдан астам уақыт өткен. Бүгінде үлгілі келін атанып отырған ол, KAZ.NUR.KZ тілшісіне қайын жұрттың тілін тауып, қалай үлгілі келін атану керектігін айтып берді.

Фото Айдана Ыбырайдың жеке мұрағатынан алынды
Фото Айдана Ыбырайдың жеке мұрағатынан алынды: Facebook

- Айдана, оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтесіз бе?

- Шымкент қаласында туып-өстім. Қазір Төле би ауданы, Нысанбек ауылының келінімін. Жолдасым екеуміз үш баланы тәрбиеліп отырмыз. Жергілікті мектепте мұғаліммін. Алайда қазір бала күтімі бойынша үйде отырмын.

- Қаладан ауылға келін болып түсіп, нағыз үлгілі қазақ келіні болып отырсыз. Қазақтың ибалы келіні атану үшін, қыз балаға қандай қасиеттер керек деп ойлайсыз?

- Жас келіндер жарының табалдырығын аттаған соң, сол отбасын бақытты ету үшін, ұрпағын көбейту үшін бара жатқанын білу керек. Өзімді мақтап, жақсы келінмін деп айта алмаймын. Мен үшін ел-жұрттың алғысына бөленіп, батасын алып жүргеннен артық бақыт жоқ.

- Қайын жұртыңызға да сыйлысыз ғой?

- Дәл солай. Мен өсіп-өнген, үлкен отбасының келінімін. Абысындарыммен, қайын жұртыммен ара-қатынасым ешқашан бұзылған емес. Олар да маған осы күнге дейін қабақ шытып көрмепті. Керісінше, алақандарына салып, құрметтеп келеді.

- Әлеуметтік желіде танымал екенсіз. Instagram желісінде тіпті 100 мыңнан астам оқырманыңыз бар екен. Мұндай танымалдылыққа қалай ие болдыңыз?

- Иә, алайда мен өзімді блогермін деп санамаймын. Мен тек қазақтың қарапайым қызымын. Желідегі оқырмандарыма ең алдымен менің ауыл тіршілігі туралы жазған жазбаларым ұнайтын сияқты. Сол үшін әлеуметтік желідегі парақшама жазылушылардың саны күн санап артып келеді.

- Оңтүстіктің келіні болған соң, салт-дәстүрді де ұстанасыз ғой?

- Келген жерім дәстүрді қатты ұстанбағанымен, өзім әжемнен, анамнан көргендіктен, барынша салт-жоралғыларды ұстануға тырысамын. Ауылдық жерде бастаңғы, бәсіре, көрімдік беру, абысын шай сияқты дәстүрлердің барлығын ұстанамын. Орамал тағуға да ешқандай қарсылығым жоқ, керісінше ол біздің салт-дәстүріміздің ажырамас бөлігі екенін естен шығарған емеспін.

- Қазіргі таңда жас келіндер мен ененің дәм-тұздары жараспай, отбасының шайқалуы сияқты жағдайлар көз кездесіп жатады. Ол жөнінде не айтасыз?

- Қазір келін түсіріп жатқан отбасылардан "келінім емес, қызым сияқты қарайтын боламыз" дегенді жиі естіп жатамыз. Негізі бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Түскен келін сол үйдің қызы емес, келіні болып баратынын білу керек. Себебі ол үйдің алақанында аялап отырған өз қыздары да бар.

Ер адамдар үшін де анасы мен сүйген әйелінің татулығынан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын. Жұмыстан үйге келген уақытта, анасы мен келіншегі шүйіркелесіп, дәмді тағам дайындап жатса, қандай бақыт, иә? Үйдің татулығы көп жағдайда келін мен енеге байланысты. Сондықтан жас қыз-келіншектерге айтарым, енелеріне өз аналарындай қараса екен деймін.

- Қазір түрлі семинар-тренинг, марафондар сынды шаралар қаптап кетті. Үйде отырған әйелдер әсіресе әлеуметтік желі арқылы, жарнама жасап ақша табатын болған. Оған қалай қарайсыз?

- Меніңше, біреуге ақыл айтпастан бұрын, желіде тым құрыса өзінің бір суретін жариялау керек деп ойлаймын. Жалпы мұндай ақыл-кеңесті тек өмір көрген, өмірден түйгені бар жандар беруі тиіс деген ойдамын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1784603-auylga-kelin-bolyp-tsken-kalalyk-aru-zan-syrymen-blisti-foto/

pixel