Түркістанда Наурыз мерекесіне орай 2000 литр көже мен 500 келі бауырсақ таратылды (фото)
Опубликовано:
Түркістанда Наурыз мерекесіне орай 2000 литр көже мен 1,5 тонна палау және 500 келі бауырсақ тұрғындарға тегін таратылды деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі ұлан-асыр тойланды. Мерекелік шара Есім хан алаңында "Қош келдің, Әз Наурыз" атты театрландырылған мерекелік қойылыммен басталды. Оған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыс басшысы құттықтау сөзінде Наурыз мерекесінің тарихына тоқталып, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысын құрудағы зор сенімі мен маңыздылығын атап өтті.

Мұнан кейін Шөкеев қала тұрғындарымен бірге Арбаттағы көрмені тамашалады.

Мерекелік шара этноауылда жалғасты. Онда Түркістан облысына қарасты қала, аудандар киіз үй тігіп, келушілерді дастархан жайып күтіп алды.

Айта кететіні, мерекені думандатуға келген әрбір тұрғын Наурыз мерекесіне арналған дастарханнан дәм татуға мүмкіндік алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күні 2000 литр (1,5 тонна) наурыз көже мен 1,5 тонна палау және 500 келі бауырсақ тұрғындарға таратылды.


Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1784696-trkistanda-nauryz-merekesine-oraj-2000-litr-kze-men-500-keli-bauyrsak-taratyldy-foto/