Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаржыгер қызметін тастап, ауылда ет-сүт өнімдерін сататын кәсіпкер әйел туралы не білеміз? (фото)

Жарияланған күні:

Маңғыстаулық Мадина Лепесбаева мамандығы қаржыгер болса да, қазақтың ет-сүт өнімдерін әзірлеп, оны сататын бизнес ашқан. Бір қызығы, 24 жастағы жас ана ел ішінде ұмыт қалған түрлі тағамдарды жаңғыртуды қолға алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото Мадина Лепесбаеваның жеке мұрағатынан алынды
Фото Мадина Лепесбаеваның жеке мұрағатынан алынды: Instagram

- Мадина, алдымен өзіңізді оқырмандарға таныстырып өтсеңіз? Қаншадасыз? Қай қаладансыз? Мамандығыңыз бойынша кімсіз?

- Жасым 24-те, сәуірдің 28-інде 25-ке толамын. Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданына қарасты Ақүшқара ауылында тұрамын. Мамандығым бойынша қаржыгермін.

- Шыны керек сізді желідегі дәмі тіл үйірер тағамдарыңыз арқылы таныдық. Сосын жолдасыңыз екеуіңіздің ұлттық тағамдарға қатысты бизнестіріңіз бар екен білдік. Бұл бизнеске қалай келдіңіз?

- Иә, бастапқыда мен өзім дайындайтын тағамдардың рецептілерімен желідегі оқырмандарыммен бөлісе бастадым. Негізінен мен келін болып түскен отбасы мал шаруашылығымен айналысады. Өзім қазақылықты, қазақтың барлық салт-дәстүр, жөн-жоралғысын қайтты сыйлаймын. Сөйтіп қазақтың ет-сүт өнімдерін, брэнд болмаса да, осындай кәсіп ашқым келді. Жолдасым осы кәсіпті мықтап қолға алғаннан кейін, мен қолдау көрсетіп, қазір екеуміз де осы кәсіптің, яғни ет-сүт өнімдерін сатумен айналысамыз. Кәсібіміз одан ары дамыса, бәлкім болашақта брэндке айналдыра жатармыз.

- Үйде қандай жар, қандай келінсіз? Отбасы мен бизнесті бірге алып жүру қиынға соқпай ма?

- Көп сөйлемеймін, бірақ бір өзіме жетерлік мінезім де бар. Адам барлық жағынан керемет болмайды ғой. Әрбір жанның жақсы да, жаман жақтары да болады. Келін ретінде ешқашан орамал мен шұлығымды тастаған емеспін, ата-енеме де үнемі сәлем саламын. Осы уақытқа дейін жұмысқа шыққан жоқпын, шыққым да келмейді. Жалпы маған жұмысқа шыққаннан гөрі, үйде отырып, тәтті әзірлеп, бала-шағаның тәрбиесімен айналысқан ұнайды. Бірақ шыны керек көп жыл бойы үйде отырып, кәсіп бастаған өте қиынға соғады екен. Осы күнге дейін маған қолдау көрсетіп жүрген ата-енеме алғысым шексіз.

- "Баян сұлу 2018" байқауына қатысып, жүлделі орын алыпсыз. Ата-енеңіз де сізге қолдау білдіріпті. Қайын атаңыз бен енеңіздің, жалпы қайын жұрттың тілін қалай таптыңыз?

- Иә осы байқауға қатысып, екінші орын алдым. Бірақ басында шыны керек, мен бұл байқау туралы ешкімге айтпаған едім. Бұл сайыс туралы маған оқырманым айтты. Сосын жолдасымнан сұрап, ол рұқсатын берді. Сөйтіп байқауға анкетамды жіберіп, бірінші турдан өттім. Кейін Instagram желісі арқылы оқырмандардан дауыс сұрай бастадым. Бір күні енем желіден көріп: "Сен байқауға қатысып жатырсың ба?" деп сұрады. Бәрін түсіндіріп айттым, енем: "Қатысқаның әрине жақсы, бірақ атаңнан рұқсат сұрайық" деді. Сөйтіп атамнан рұқсат сұрап, ол кісі рұқсатын берді. Сол кісілердің қолдауымен, бірінші турдан өтіп, екінші турда осылай екінші орыннан көріндім. Жақсы келін дегенге келер болсам, әрқашан да ата-енемнің көңілінен шығуға тырысамын. Ата-енем көзі ашық, оқыған адамдар. Бәрін түсінеді.

- Келін, әйел тақырыбын қозғап отырмыз. Қазір отбасында түрлі зорлық-зомбылық көріп жүрген әйелдер бар. Оларға не істеген жөн? Бәріне көніп, отбасын сақтаған дұрыс па, әлде ажырасып, өз күнін көрген дұрыс па? Сіздің ойыңызды білсек деп едік?

- Иә қазір өкінішке орай ондай жағдайлар расымен де көп кездеседі. Оның басты себебі – отбасында материалдық жағдайдың болмауында деп ойлаймын. Сосын бала жайлы ұмытпауымыз керек. Мысалы бір отбасында күйеуі мен әйелі айғайласа берсе, оны көрген балаға да ол тікелей әсер етеді. Балада стресс, қорқыныш пайда болады. Жалпы баланың психикасын бұзады.

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің дейді. Мен өзім сол сөзге сенемін. Менің анам ешқашан орамалын тастаған емес, ата-енесіне де өмір бойы сәлем салып келді. Қазір мен де дәл сондаймын. Сондықтан ата-ана қандай жағдай болмасын, кішкене сабыр сақтауы керек. Ажырасып кеткен отбасы мен толыққанды отбасының балаларының тәрбиесі екі бөлек болады.

Ер адамның өзі үлкен балаң сияқты ғой, сол себепті әйел адам одан бір саты төмен түсіп, оған бағынуы керек деп ойлаймын. Ал айтқаныңды түсінбейтін, тәрбиесіз адам болған жағдайда, онда шынымен бөлек кетіп, баланың тәрбиесімен айналысу керек сияқты. Қандай жағдай болмасын, баланы ұмытпауымыз тиіс.

- Сұхбат соңында болашақ жоспарларыңыз жайлы айтып берсеңіз?

- Бағана да айтып өткенімдей, жолдасымның бизнесі біраз жүргеннен кейін, ең алдымен баларымды тәрбиелеп, ата-енемді күтіп, үйде отырғым келеді. Сосын болашақта той орталығын ашсам ба деген кішкентай армандарым бар. Аллай бұйыртса сол арманыма да жетіп қалармын!

- Әңгімеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1788107-karzyger-kyzmetin-tastap-auylda-et-st-nimderin-satatyn-ksipker-jel-turaly-ne-bilemiz-foto/