Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бәріне кінәлі бұрынғы күйеуім": Жетісайдағы үш қыздың анасы шындықтың бетін ашты

Опубликовано:

Өгей анасынан қорлық көрген қыздардың туған анасы Жұлдыз күйеуімен ажырасқаннан кейін Шымкентте, ағасының үйінде тұрып жатыр. Қыздарының жәбір көргені туралы ол әлеуметтік желілерден біліп, атақты заңгер Айгүл Орынбектің көмегіне жүгінген. Бұл туралы ол KAZ.NUR.KZ-ке берген эксклюзивті сұқбатында айтты.

Фото: consent.yahoo.com
Фото: consent.yahoo.com: UGC

Қыздардың анасы күйеуінің адам төгісіз мінезіне бола балаларын тастап, қашуға мәжбүр болғанын алға тартты.

"Біз 2002 жылы үйленіп, 2013 жылы ажырасып кеттік. Күйеуім теріс ағымға бет бұрғанда бәрі қирай бастады. Ол мені хиджаб киіп, намаз оқуға мәжбүрледі. Күнде титығыма тиіп, ұратын. Ол кезде медициналық мекемеде жұмыс істейтінмін. Басшылық хиджабты шешуімді талап етті. Сұмдық содан кейін басталды", - деп еске алды келіншек. .
"Сенің жұмысыңда біреуің бар, менің көзіме шөп салып жүрсің. Сені түзге апарып атып тастаймын" - мені осылай қорқытатын. Екі ауысымда жұмыс істейтінмін. Бір күні түнгі ауысымнан келсем, жер қанға боялған. Қызымнан сұраған едім, ол тентектік жасағаны үшін әкесі бетінен салып қалғанын айтты. Күйеуім қыздарды да, мені де ұратын", - деп көз жасын төкті әйел.

Оның айтуынша, балалардың қорлық көруіне тек өгей анасы емес, қыздардың әкесі де қатысты болуы мүмкін.

"Мен ол әйелді танымаймын. Бірақ ол да ана ғой. Егер ол осылай қыздарды ұрып-соқса, демек, оған бір себеп болды. Күйеуім оны қорлағаннан, ол өшін қыздарымнан алды деп ойлаймын. Олар осынша қорлық көретіндей қылмыскер емес қой. Мен ол адаммен бірге өмір сүргенде амалымның таусылғанынан шашымды жұлатынмын. Бәріне менің бұрынғы күйеуім кінәлі", - деген сенімде Жұлдыз.

Алайда қыздардың әкесі ештеңені мойындамай, бұрынғы әйелінің сөздерін теріске шығарып отыр.

"Ол ешбір себепсіз 2013 жылы үйден қашып кетті. Менің қыздарым оның қылығын кешірген жоқ. Олар қазірдің өзінде аналарымен сөйлеспейді. Иә, мен намаз оқимын, бірақ, мен теріс ағымның өкілі емеспін. Жұлдызға хиджабты күштеп кидіргенім де өтірік. Исламда мәжбүрлеу деген жоқ. Бәрі жүректің қалауымен болады. Жаратқанның алдында тазамын", - деп хабарлады ер адам.

Ер азамат бұрынғы жұбайын да, қазіргі әйелін де кешірмейтінін айтты. Екінші әйелімен ол азаматтық некеде тұрған. Олардың ортақ ұлдары бар.

Жұбайы жүктіліктің жетінші айында жүр. Қыздар қазіргі таңда Шымкентте айғақ беруде.

Заңгер Айгүл Орынбек қыздардың ата-анасы, әжесі мен туыстары жауапқа тартылатын болған соң, олар балаларды өз мүддесіне пайдалануға тырысып жүргенін айтты.

"Қыздарды әбден қорқытып тастаған. Олар өздеріне айтуға бұйрық берген сөздерді ғана айтып отыр. Өздерінің жеке пікірі жоқ. Басында қыздар әкесі айтқанды айтады, кейін аналарының сөзін сөйлейді. Сол себепті сот шешімі шыққанша оларды бейімдеу орталығында қалдырған жөн. Қыздармен психолог жұмыс істеуі керек. Сотта олар кіммен қалғысы келетінін өздері шешуі қажет. Мен үш жақты да тыңдадым. Олардың бәрі өздерін ақтап алғысы келеді. Сондықтан мен тек балалардың мүддесін қорғайтын боламын", - деді заңгер.

Қыздардың туған анасы балаларды асырап алу үшін енді қолдан келгенін жасауды жоспарлап отыр. Тіпті соттаспақ. Ол қыздардың әжесімен қалуына қарсы.

"Оған балалар емес, балаларды асырғанда берілетін жәрдемақы керек" ,- деп есептейді әйел.

Жұлдыз қыздарын жәбірлеген әйелді жазалап, өмірді қайта бастауға шешім қабылдаған. Әйелдің айтуынша ол бұрынғы күйеуінен қорыққаны үшін осынша жыл балаларымен көріспей, олардан хабарсыз кеткен. Бірақ балалардың кіммен қалатынын сот шешеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1789980-brine-kinli-bryngy-kjeuim-zetisajdagy-s-kyzdy-anasy-syndykty-betin-asty/

pixel