Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сириядан оралған келіншек ол жақтағы ауыр күндері жайлы баяндады

Опубликовано:

Сириядан елге қайта оралған келіншек ол жақтағы ауыр күндері туралы сыр шертті. Бүгінде төрт баласы бар әйел адамның бесінші сәбиі бір айлық кезінде аштықтан көз жұмған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Видеодан кадр
Видеодан кадр: Facebook

Сирияда өткізген қиындықтар туралы әйел адам Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректі фильмінде айтып берді.

"Сирияда жеті жыл болдым. Мұндағы өмір әлі де үйреншікті емес, себебі, мен көп нәрсені ұмытып қалғанмын. Киімдер әдемі, түрлі-түсті болғанымен, осы киімдерге әлі де үйренісе алмай жатырмын. Бұл жерде ешқандай қиындық жоқ, алаңсыз өмір", - деді ол.

Келіншек журналистің "Арманың қандай?" деген сұрағына қазіргі уақытта ештеңе ойлап жүрмегенін, бірақ Сирияда болғанда анасын көруді армандағанын айтты.

"Бұл туралы ойламаппын. Сирияда болған кезде анамды, туған-туыстарымды көруді армандадым. Тұрмысқа 16 жасымда шықтым. Әкем жол апатынан қайтыс болған, содан кейін туыстарым келіп мені алып кетті. Немере ағам маған үйленгісі келетінін айтты, бізден үлкен туыс ағам екеумізді үйлендірді. Ол маған үйленген кезде 15 жаста болған", - дейді әйел адам.

Келіншектің сөзінше, күйеуі Сирияға өзінен бұрын аттанған.

Ол қазіргі уақытта төрт баласы бар екенін, жасы 29-ға келгенін атап өтті.

"Төрт баланың анасымын. Тағы бір балам екі жыл бұрын бір айлық кезінде аштықтан көз жұмды. Баламды үйде босандым, ауруханаға барғым келмеді. Себебі ол жердегі жағдай мәз емес", - дейді әйел адам.

Келіншектің айтуынша, анасы оның елге келгенін білмейді.

"Анам менің мұнда екенімнен хабарсыз. Алдағы өмірімнің әзірше қандай болатынын білмеймін. Бұл жерде тумаған балаларымды қоғам қалай қабылдайтыны мені алаңдатады", - деп күрсінді ол.
Видеодан кадр
Видеодан кадр: Facebook

Павлодар облысының дінаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықова келіншектер теолог, психолог мамандармен сөйлескеннен кейін, біраз ашылып, тіпті ән де айта бастағанын алға тартты.

"Балаларынын өліміне байланысты көбі психологиялық жарақаттар алған. Біздің терапиямыздың бір түрі, олардың зақымдалған психологияларын қайта қалпына келтіру. Бұл өте үлкен жара. Олар Сириядағы өмірлерін көз жасынсыз айтқан емес",-дейді маман.

Еске сала кетсек, "Жусан" гуманитарлық операциясы барысында 524 Қазақстан азаматы, оның ішінде 30 ер азамат, 137 әйел адам мен 357 бала Сирия еліндегі оқ пен оттың ортасынан құтқарылып, отанына қайтарылған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1798832-siriadan-oralgan-kelinsek-ol-zaktagy-auyr-knderi-zajly-baandady/

pixel