Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жарты сағатта 40-50 адам болды": Ақтөбедегі теракт куәгері шындықты жайып салды

Опубликовано:

Ақтөбедегі теракт оқиғасына қатысқан ер адам KAZ.NUR.KZ порталына сұқбат берді. Лаңкестік оқиғада кінәлілердің қатарына іліккен Амангелді есімді жігіт (кейіпкердің аты өзгертілген) жақында абақтыдан шыққан. 30 жастан асқан азамат бес баланың әкесі. Ол діни білімді ғаламтордағы лекциялардан алған.

Фото: KAZ.NUR.KZ.
Фото: KAZ.NUR.KZ.: Original
"2009 жылдары әкем қатты ауырды. Өзі мешітке баратын. Мешіттен шыққаннан кейін әкем үйге жете алмай, қолымда жан тапсырды. Мүмкін дінге келуіме де осы жағдай себеп болған шығар.

Тыныштықты діннен іздедім. Қателескенім, білімді ұстаздан емес, интернеттен іздеуім болды. Ол кезде екі баланың әкесімін, әйелім намаз оқымайды.

Өзім кезінде банк саласында еңбек еттім. Қысқартуға ұшырап, біраз уақыт жұмыссыз болып қалдым. Бос жүріс көбейді, екі баланы алып әйелім үйіне кетті.
Кейін намаз оқитын Шұбардың қызына үйлендім, арамызда үш бала бар. Кіші балам жасқа толмай қамауға алындым", - дейді абақтыдан шыққан жігіт.
Фото: KAZ.NUR.KZ.
Фото: KAZ.NUR.KZ.: Original

Кейіпкер шілдеханаға барамын деп өмірлік қателікке бой алдырғанын айтты. Себебі сол жерде лаңкестер ер азаматтарға теріс лекция оқып, билікке қарсы шығуға үгіттеген.

"Сол күні жолдас балаларымыздың бірі шілдеханаға шақырды. Оның үйі 5 Мөлтек ауданында. Алғашында ол жерде тек оншақты адам болдық.

Жарты сағаттың ішінде бір бөлменің іші 40-50 адамға толды. Кіре беріс, ас үйге дейін ине шаншар жер жоқ. Жігіттер "Табиғат аясында атап өту керек еді" деген ұсыныстар айта бастады.

Ұйымдастырушылардың "Қазір автобус келеді, шығамыз" дегені есімде. Үйдің ішінде бір жігіт "Телефондарыңызды тапсырыңыздар" деп барлығымыздың байланыс құралымызды пакетке салып алды.

Бұл нәрсе бізге оғаш көрінген жоқ. Себебі намаз оқитын кезде телефон кедергі болмасын деп сөндіріп, жинап тастайтын едік.

Сол кезде Таңатаров: "Бауырлар, Сирия жерінен бізге жіберілген насихат бар, тыңдап жібереміз бе?" деп сұрады. Бәріміз келістік. Себебі ол кезде бізде Сирияға деген түсінік басқаша болатын.

Лекция арабша жүрді. Сирия аумағындағы мұсылмандарға көрсетіліп жатқан қысым туралы айтылды. Оның сөздері жүрекке тиетін. Лекцияның соңы "Сендер де жергілікті билікке қатаңдық білдіріңдер, қарсылық жасаңдар" деген бұйрықпен аяқталды", - дейді Амангелді.
Фото: KAZ.NUR.KZ.
Фото: KAZ.NUR.KZ.: Original

Амангелді лаңкес оқиға кезінде қолына қару алып қақтығысқа шықпаған. Десек те, шабуыл жасалатынын біле тұра, тиісті органдарға хабар бермегені үшін жауапқа тартылды. Ол үш жылын темір тордың ар жағында өткізді.

"Үндеуді Таңатаров орыс тілінде жасады. Мен өзім қазақы ауылда өскеннен кейін тез айтылған орысшаны бірден түсінбеймін. Сол жерде оның сөздеріне жігіттер жылап жатты.

Таңатаров тез оқып шыққаннан кейін "Кім бізбен барады?" деп бірнеше рет қайталап сұрады. Қасымдағыға "Не айтып жатырсыңдар?" дегенім Таңатаровқа ұнаған жоқ: "Бізге қосылмайтын мунафиктар шығыңдар" деді.

Мунафик - мұсылман үшін екіжүзділік деген мағынадағы ең ауыр сөз. Ол сөз менің қатты намысыма тиді. Сол деңгейге түскім келмей ашуландым.

Үйден шыққымыз келіп қозғалғанымызда есіктің алдында тұрған екі жігіт бізді жібермей, ас бөлмесіне қарай итеріп жіберді. Дәлізде тұрғандар аяқ киімнің барлығын қонақ бөлмесіне қарай лақтырып жатты.

Бәрі киініп, қатты асығыс, ашулы күйде сыртқа шығып кетті. Бізді 2-3 жігіт соңына дейін шығарған жоқ. Олар сыртқа шығып кеткеннен кейін біз де жинап алған телефонымызды тауып алып, сыртқа шықтық.

Сол күні жексенбі болатын. Аулада балалар алаңсыз ойнап жүрді. Есет батыр көшесіне шыққанымда әскери машина, жедел жәрдем, дабыл қосқан полиция көліктерін көрдім. 

Тек тезірек үйге жетуді ойладым. Бірден тума-туыстарыма хабарласып, далаға шықпауларын сұрадым. Қасымда болған адамдардың ұсталып жатқанын, қаза болғанын теледидардан естіп отырдым.

Менде қатты қорқыныш болды. Екі күннен кейін хабар бермегенім үшін оқиғаға қатысқандардың қатарына ілігіп, қамауға алындым", - дейді кейіпкеріміз.
Фото: KAZ.NUR.KZ.
Фото: KAZ.NUR.KZ.: Original

Амангелді абақтыда отырып, өмірлік сабақ алғанын да алға тартты. Оның сөзінше, мемлекет ол түрмеде отырған кезде оның отбасын қамқорлыққа алып, бүгінгі таңға дейін атаулы көмек көрсетіп отыр екен.

"Есімді абақтыға түскенде жидым. Не үшін жазаланғанымды түсіндім. Биылғы 5 маусымды бостандықта өткіздім. Тек тыныштықты тіледім.
Мен барлық жасаған әрекетім үшін елден кешірім сұраймын. 30 жасқа келгенімде анамды жерге қараттым. Орда бұзатын жаста өмірлік сабақ алдым. Түсінгенім, ата-бабамыз адасқан болса, кең байтақ жерде біз бұлай жүрмес едік.

Бізге мемлекет әлі де көмектесіп жатыр. Атаулы көмек аламыз. Жұмыс ұсынып жатыр. Абақтыда отырғанда әйелімді қамқорлыққа алған.

Осының бәрін көргеннен кейін ұялдым. Мен қазір мемлекетке қарсы пікір айтқан адамға өзімнің жағдайымды мысал қылып "бауырым, ойлан" дер едім. 

Құрандағы "басшыға бағыну" деген сөз кез келген жағдайға қатысты", - дейді Амангелді. 
Фото: KAZ.NUR.KZ.
Фото: KAZ.NUR.KZ.: Original

Бүгінгі күні өңірде Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімімен "Дін мәселелері және қоғаммен байланыс орталығы" мекемесін ашылды.

Аталмыш орталықтың жұмысы қарқынды. Мекеме теологтарымен  діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған  ақпараттық-түсіндіру ісшараларын өткізілуде.

Ақтөбедегі теракт оқиғасына 3 жыл болды. Оразадағы ойранға 40-тан аса радикалдар қатысты. Қақтығыс "Паллада" қару-жарақ дүкені, 66/55 әскери бөлімі және "Пантера" қару дүкенінің алдында болды. Террористер қару дүкенінен 18 қару, 1500 оқ-дәрі, 32 пышақ алған.

Атыс кезінде 1 қаскөй өлтіріліп, "Жедел күзет" фирмасының бір күзетшісі, "Паллада" дүкенінің сатушысы, "Пантера" дүкеніне келуші, "Паллада" дүкеніне келген бір адам, 18 содыр және 3 әскери қызметкер көз жұмды.

Осы оқиғаға қатысты сот залына 29 адам әкелінді. Олардың 9-ы терорист деп танылса, қалған 18-і теракт туралы хабарламағаны үшін айыпталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1799494-akidany-akyry-aktbedegi-terrakt-kugeri-akikatyn-ajtty/

pixel