"Лауазымды босататын кез келді": Сұлтанов елордалықтарға қоштасу хатын жазды
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтанның бұрынғы әкімі Бақыт Сұлтанов астаналықтарға қоштасу хатын жазды. Ол тоғыз ай көзді жұмғанша өте шыққандығын, осы уақыт аралығында үлкен тәжірбие жинағандығын жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сұлтанов мәлімдемесін Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
"Көзді ашып-жұмғанша тоғыз ай өте шықты. Тоғыз айда сәби де дүниеге келеді. Осы уақыт ішінде мен мұнда өмір сүріп, жұмыс істеп жақсы өмір табуға тырысқан адамдардың тағдырлары мен ұмтылыстарының алуан түрлілігін және өзім 21 жылдан астам уақыт өмір сүрген қаланың шаруашылығы қаншалықты күрделі екенін түсіндім.
Осы айларда мен тұрғындармен өте көп кездестім, алданған үлескерлер, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың мәселелерін шешуге тырыстым, көптеген әлеуметтік объектілер мен тіршілікпен қамтамасыз ету ұйымдарына бардым", - деді ол.
Сұлтанов көптеген мәселелер биліктің жұмысы жолға қойылған барлық деңгейінде шешілуі керектігіне көзі жеткендігін атап өтті.
Ол әрбір істі жүзеге асыруды созбалау болашақ үшін ұтымы жоқ екендігін алға тартты.
"Сондықтан да мен жылдам әрі бірегей шешім қабылдауға тырыстым. Алайда шешімдер сіз бен біздің бәріміздің ойымыздағыдай немесе дер кезінде бола қоймаған болса кешірім өтінемін", - деді бұрынғы әкім.
Сұлтанов балалар мен немерелер өсіп жатқан қалаға деген сезім күшейе түскенін атап өтті.
"Менің қызметімнің ерекшелігіне қарай өткен жиырма жыл ішінде қаланың он процентiн де көрмеген екенмін. Енді қаланың шет-шетін аралап, мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлгенімде, ағаштың жапырағына қарап, орманды көру керек, ал орманға қарап, ондағы жапырақты көре білу керек деген ескі даналықты ерекше түсіндім", - деді бұрынғы әкім.
Ол сондықтан қайда болса да, қандай лауазым болса да, сүйікті қаланың мәселелерін шешуге және қарқынды дамуына әрқашан көмектесуге тырысатынын жеткізді.
"Мені қала әкімі етіп тағайындаған кезде балаларым туысқандарға: "Енді тротуарда жатқан қағаз немесе темекінің тұқылын көрсеңіздер, дереу көтеріп, қалталарыңызға салып алыңыздар да сосын қоқысқа тастаңыздар!" деп қалжыңдаған болатын. Бұл жай қалжың емес, біздің барлығымыз үшін нағыз үлгі болар жол болуы тиіс. Үнемі сүйікті қаламыздың тазалығы мен тәртібін сақтайық! Барлығы өзімізден басталады", - деді Сұлтанов.
Бұрынғы әкім бүгіннен бастап өзін белсенді әрі "тәжірибелі" қала тұрғындарының қатарына қосатынын алға тартты.
Ол елорда басшысы болғанда қолдау көрсеткен жандарға алғысын жеткізді.
"Бұл мен үшін асқан жауапкершілікке толы тәжірибе болды. Сенім артқан Елбасыға, мемлекет басшылығына алғысымды айтамын! Мен әрқашан қолыма ұстатқан "кіршіксіз мөлдір тостақты" сындырмай, оны сырып алмай, мүлтіксіз таза қалыпта ұстауым керек деген сенімде, аса бір жауапкершілік күйде болдым. Жаңа белестерде кездескенше", - деді Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы әкімі Бақыт Сұлтанов.
Еске сала кетсек, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жарлығымен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып Алтай Көлгінов тағайындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1799528-lauazymdy-bosatatyn-kez-keldi-sltanov-elordalyktarga-kostasu-hatyn-zazdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.