Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әміржан Қосанов сайлаудан кейін ауруханаға түсіп қалды

Опубликовано:

Қазақстан президенттігіне үміткер болған Әміржан Қосанов сайлаудан кейін жүрек пен жүйкесіне салмақ түсіп, ауруханаға түсіп қалғанын, қазіргі уақытта емделіп жатқанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Бұл туралы саясаткер Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

Әміржан Қосанов өзін қолдаған барлық сайлаушыларға алғысын білдірді.

Ол сайлаудың ең маңызды ерекшелігі ретінде тәуелсіз бақылаушылар болғанын атап өтті.

Сонымен қатар Қосанов кейбір бұрынғы әріптестері қолдаудан бас тартқанына қарамастан, сайлау науқаны ойдағыдай өтті деп санайтынын алға тартты.

"Мені қолдап сайлаушылардың 16 проценті дауыс берді, ол - бір жарым миллион қазақстандық деген сөз. Қазақстан оппозициясының бір де бір өкілі осыған дейін болған президенттік және парламенттік сайлауда дәл осындай көрсеткішке қол жеткізе алмады", - деді президенттікке үміткер.

Оның сөзінше, бұл барлығына ортақ жетістік болып табылады.

Қосанов өзіне айтылған сыни пікірлерді де ескеретінін алға тартты.

Үміткер сайлау қарсаңында жабық зерттеулер жүргізгенін, соның нәтижесінде өзін танитындардың саны 30-40 пайыздан аспағанын жеткізді.

"Қазақстан оппозициясының 2005 жылдан бері президент сайлауына қатыспауы, біздің жергілікті жерлерде көптен бері нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізбеуіміз – осының бәрі осындай цифрларға негіз болды деп санаймын", - деді саясаткер.

Үміткер осы күнге дейін жария етіп келе жатқан бағдарламалық мәлімдемелері мен принциптерінен бас тартпайтынын айтты.

"Демократиялық құндылықтарды қорғау мен қоғам мен билік арасындағы диалогты орнату жолында қызметімді жалғастыра беремін", - деді саясаткер.

Қосанов "президент бола алмадым" деп ел тұрғындарын заңсыз акцияларға шақырмайтынын жеткізді.

Ол радикалды қазақстандықтар осы позициясы үшін сынап жатқанын ашып айтты.

Саясаткер сайлаудан кейін сенімді серіктескер пайда болғанын, олардың арасында жастар көп екендігін тілге тиек етті.

"Ол жастар биліктің ғана емес, демократиялық күштердің стратегиясы мен тактикасының заман талаптарына сай өзгеруін талап етіп отыр. Сонымен бірге, арамызда жолы бөлек адамдар да бар екені анықталды", - деді Қосанов.

Саясаткер осы жазбаны ауруханада жазып отырғанына тоқталып өтті.

"Сайлау барысында күні-түні ұйқысыз жүрдім. Шаршағаным бар. Жүрек пен жүйкеге біраз салмақ түссе керек. Кеше ауруханаға түсіп қалдым", - деп сөзін қорытындылады президенттікке үміткер Әміржан Қосанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1799648-mirzan-kosanov-sajlaudan-kejin-auruhanaga-tsip-kaldy/

pixel