Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мемлекеттік қолдау: Ақмолалық шаруалар кәсібін дөңгелетіп отыр

Опубликовано:

Осы күні елімізде мал шаруашылығы өнімдерін молайту басты міндеттердің бірінен саналып отырғаны белгілі. Ал, оған жетер жол асыл тұқымды мал ұстауда деп біледі ақмолалық шаруалар.

Бұған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның баспасөз қызметі тарапынан Бурабай ауданына ұйымдастырылған баспасөз туры барысында​ республикалық БАҚ өкілдері көз жеткізді.

Бурабай өңірі туризм саласы дамыған ғана емес, мыңғырған малы, жайқалған егінімен құт қонып, бақ дарыған жер. Аудан тұрғындары кешегі заманда да, бүгінгі күні де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, берекелі бірлік, тынысты тірліктерін танытып келеді. Бұл жайды Кенесары ауылындағы іргелі шаруашылықтардың бірінен саналатын жеке кәсіпкер «Омаров» сүтті-тауарлы фермасының тыныс-тіршілігінен анық байқауға болады.

Бұған аталмыш шаруашылықтың мал қорасы базасында болып, тыныс-тіршілігімен танысқан кезімізде көз жеткіздік. Кез-келген шаруашылықтың мұнтаздай тап-таза болып жайнап тұрған қорасынан-ақ, басшысының қандай ұқыпты адам екенін байқайсың. Бастапқыда сөзге сараң көрінгенімен шаруашылық басшысы Серік Омаровтың іске мықты екенін аңғардық. Жастайынан ата кәсіппен айналысып келе жатқан оның дәстүрлі шаруашылыққа деген қызығушылығы мол. Соның арқасында сапалы мал өсіріп, ауылдастарына да қол ұшын беріп келеді.

Мемлекеттік қолдау: Ақмолалық шаруалар кәсібін дөңгелетіп отыр

Осы күні ауыл шаруашылығының дамуын мемлекеттің қолдауынсыз елестету мүмкін емес. Осыны түсінген кәсіпкер Серік Омаров 2017 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы «Ырыс» бағдарламасы бойынша 21 миллион теңге жеңілдетілген несие алыпты. Ондағы мақсаты қолда бар малын асыландыру. Бірер ғасыр бұрын атам қазақта сиыр малы болғанымен, оның басын көбейтіп, тұқымын асылдандыруға онша мән бере қоймағаны анық.

Сол уақытта бабаларымыздың күндердің күнінде «Сиыр-пұл, қатын-би болатын заман» туатындығын айтқаны дәл қазір шындыққа айналып отырған жайы бар. Осыны түсінген Серік мемлекеттен жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен берілген қаржыға Павлодар облысынан 50 бас симментал тұқымды сиыр сатып алған. Бүгінгі күні шаруашылықтағы сиырлардан тәулігіне 2 тоннаға жуық сүт сауып алады.

"Жеңілдетілген несиелеудің артықшылықтарына сол кезде көзіміз жетті. Мөлшерлемесі төмен, мерзімі ұзақ, кепілдікке қойылатын талаптар ыңғайлы", – дейді кәсіпкер Серік Омаров.

Ал, қалған 10 миллион теңгесіне сиыр сауатын аппарат сатып алып, орнатыпты. Оны мал базасы кешеніне барғанда көз жеткіздік. Кәсіпкер 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Біз сауыншылардың сиыр сауып жатқан сәтіне дөп түстік. Сиырды бұрынғыдай қолмен емес, арнайы аппаратпен сауады.

Мемлекеттік қолдау: Ақмолалық шаруалар кәсібін дөңгелетіп отыр

Шаруашылықтың еншісінде осы күні 350 бас сиыр бар. Одан сауылған сүт «Айна», «Гормолзовод», «Natige» және «Milk Ptojekt» серістері тәрізді сүт өңдейтін зауыттарға жеткізіліп тұрады. Демек, сүт сатып алатын тұтынушы іздеп бас қатырмайды. Осыған орай, кәсіпкердің табысы да жоғары. Табыс көп болған соң жаңа техника алып, машина-трактор паркін қазіргі заманғы өнімділігі жоғары техникалармен жаңартуға да мүмкіндік бар. Оған шаруашылық кешенінің маңында тұрған заманауи техникалардан-ақ аңғаруға болады.

Шаруашылық басшысы алған несиесін жапқан соң, тағы аталмыш бағдарламаға қатысып, енді Еуропадан асыл тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара әкелуге бел буып отыр. Бұған әрине, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қолдауы мен кәсіпкердің мүмкіндігі жеткілікті. Іскерілігімен «қолы қимылдағанның ауызы қыимылдайды» деген қағиданы ауылдағы ағайынға дәләлдеп келе жатқан Серіктің жұмысына сәттілік тілеп, Қымызынай ауылына жол тарттық.

Бұл ауылда да дәстүрлі шаруашылықты дамытып отырған белсенді азаматтар баршылық екен. Соның бірі Талғат Тәшіков пен Алтай Қабдуллиннің тірлігін ауыз толтырып мақтанышпен айтуға тұрарлықтай. Бұл екеуі де мемлекеттік бағдарламаның арқасында ата кәсіпті дамытуда. Дамытып қана қоймай, қыруар табыс тауып отыр. Тіпті, алдағы уақытты экспортқа мал өнімдерін шығаруға да әлеуеттері жетерлік. Кәсіпкерлер де осыны мақсат тұтып отыр.

Расында да, бүгінгі күні сиыр етін өндіру тиімді кәсіп болып саналады. Қазаққа мал бағу кәсібі таңсық емес. Елдегі аса ірі мегаполис Алматы мен халық саны күн санап өсіп келе жатқан Нұр-Сұлтан қалаларында етке деген сұраныс арта түсуде. Одан қалды кедендік одақ бар. Қазақстандық сиыр етін тұтыну нарығының Кедендік Одақпен шектелмеуі де ғажап емес. Өйткені, соңғы жылдары миллиардтан астам тұрғыны бар көрші Қытай елінде де сиыр етінің сұранысы айқын байқалады.

Мемлекеттік қолдау: Ақмолалық шаруалар кәсібін дөңгелетіп отыр

Ақмола облысының жоғарыда атап көрсетілген маңызды «азық-түлік белдеуінің» нақ өзінде орналасқандықтан қазір мұнда көпсалалы етті мал тұқымын өсіретін кешендер салынып, шетелден етті бағыттағы ірі қара сатып алынуда.

«Айдын» шаруа қожалығының басшысы Талғат Тәшіков те осы игі іске өзінің үлесін қосуда. Ол «Сыбаға» бағдарламасы арқылы алған 40 миллион теңге несиеге Словакия елінен асыл тұқымды 53 бас симментал қашарларын сатып алған.

"Симментал сиырының бойында мейлiнше ыстыққа және суыққа төзiмдi, еттi, қоңды және көп күй талғамайтын өзiндiк қасиеттерi бар. Сондықтан, осы тұқымды таңдадым. Бұл ірі қараның бір артықшылығы сүтті-етті бағытты қатар дамытуға болады", – деп өзінің ойымен бөлісті шаруа қожалығының басшысы Талғат Тәшіков.

Расында да, көркем Бурабайдың күн көтерілер тұсында жайылып, жүрген бұл сиырларды көрген біз де шаруа қожалығының жарқын келешегiн көргендей болдық.

Өмірге бүгінгі күннің өлшемімен қарап, қолма-қол пайда әкелетін істі ғана қолға алатын өзгелер сияқты емес, болашақты ойлаған Талғаттың қадамының дұрыс болғандығын кейін өмірдің өзі-ақ көрсетіп беретіні сөзсіз. Осындай маңызды қадам жасауда оған Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры нақты қолдау көрсеткен.

"Шыны керек, қордан алған несиенің көмегі үлкен болды.​ Енді осы малды аман-есен бағып, өсіру керек. Оған мүмкіндігіміз жеткілікті", – дейді шаруа қожалығының басшысы Талғат Тәшіков журналистерге берген сұхбатында.
Мемлекеттік қолдау: Ақмолалық шаруалар кәсібін дөңгелетіп отыр

Жай ғана «аштан өлмей, көштен қалмай» дейтіндей жағдайда ілдебайлап емес, үйір жылқы ұстап, бие байлап, қымыз өндіріп отырған Қабдуллиндер отбасы қысы-жазы қымыз дайындаудан қол үзген емес. Оны отбасылық кәсіпке айналдырып, 40 жылға уақыт бойы шипалы сусынның саудасымен айналысып келеді. Отбасылық бизнестің қыр-сыры туралы бізді жылқы қорасында қарсы алған отағасы Алтай Қабдуллиннің өз аузынан естідік. Біздің келетінімізді күткендей, кәсіпкер 36 биені байлап қойыпты. Өрістен келген мама биелер­дің жалын тарап, сылап-сипап, еркелетіп жатыр екен.

"Әу баста Жаратқан ие артық бітімдеген төрт түліктің төресі жылқы малы да өзін жақсы көрген, аялап-әлпештеген адамды ұнатады. Қазір ел ішінде жұмыс істейтін адамды күндіз шаммен іздеп таба алмайсың. Сосын биені аппаратпен саууды қолға алдым", – дейді кәсіпкер.

Сауу аппаратының артықшылығы – бір жағынан жылдамдығында болса, екінші жағынан қолмен сауғаннан 10-15 пайыз көбірек сүт алады. Әңгімелесе жүріп, шағын бір үйір биені айналасы жарты сағаттың ішінде жалғыз өзі арнайы сауын аппаратының көмегімен сауып шықанының куәсі болдық. Осыдан-ақ, өндірістің қаншалықты қарқын алғанын бағамдай аласың.

Қымызынай​ ауылы атауы айтып тұрғандай дәмі тіл үйретін балдай қымызды еліміздің өзге облыстарынан іздеп келетін тұрақты тұтынушылары да бар көрінеді.

Мемлекеттік қолдау: Ақмолалық шаруалар кәсібін дөңгелетіп отыр
"Қазір тәулігіне 120 литр қымыз дайындаймыз. Қымызға сұраныс жоғары. Еліміздің әр өңірінен сұрап келетіндер бар. Біз негізінен қымызды алдын ала жасалған келісім-шарт бойынша Бурабайдағы екі денсаулық сақтау мекемесіне жеткізіп беріп отырамыз. Қалғанын ғана сұрап келген тұтынушыларымызға сатамыз. Сұраныс жоғары болғандықтан алдағы уақытта бие санын көбейтіп, қымыз өндірісін арттыру жоспарда бар", – дейді Алтай Қабдуллин.

Кәсіпкер «Игілік» бағдарламасы арқылы алған 6 миллион теңге несиені кәдеге жаратып, 18 бас жылқы сатып алған. Осы арқылы отбасының нәпақасын тауып, сүйікті ісін дамытуда.​​ Қымыздың дәмі жануардың жем-шөбіне байланысты екені белгілі. Сондықтан, биелерді де кез-келген жерге жая бермейді.

"Қымызды шыны ыдысқа сақтаған дұрыс. Бірақ біз қымыз сапалы болсын деп биені шөбі шүйгін жерде бағамыз. Таза ауа, құнарлы шөп қымыздың дәмі мен сапасына оң әсер етеді", – дейді Алтай Қабдуллин.

Жасыратыны жоқ, қазір көп қазақ ауылдары қымыз баптауды ұмытқан. Мүмкін ұмытпаған да шығар, бірақ мойын жар бермейді. Ізденген адам табар еді ғой. Ынта кем, ықылас төмен. Ал, Қымызынайда керсінше, қымызы өндірісі жанданып келеді. Баспасөз туры кезінде осыған анық көз жеткіздік.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақмола филиалы директорының орынбасары Абзал Кенжеахметовтың айтуынша, өткен жылы Ақмола облысы бойынша «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 1 105 миллион теңге соманың 24 несиесі берілген екен. Бұл қаржыға 1 541 бас ірі қара, техникалар мен мал азығы сатып алыныпты.

Ал, биыл барлық бағыттар бойынша ақмолалық шаруаларға 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Ақмола облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1800863-memlekettik-koldau-akmolalyk-sarualar-ksibin-dgeletip-otyr/

pixel