"Жаман ырым санаған": Қыз жасауына не беруге болмайды?
Жарияланған күні:
Отандық профессор әрі этнограф Бибізия Қалшабаева қыз жасауына не беруге болмайтынын айтып берді. Ол бұрыннан бері келе жатқан салтқа қатысты тың мәліметтермен бөліскен деп жазады Sputnik Қазақстан.
Қалшабаева қыз жасауын қалай және қашаннан бастап жинаған жөн екенін айтты. Оның сөзінше, бұл салт міндетті түрде орындалу керек. Себебі, қыз ұзатылған кезде, төркінінен жасаудан басқа ештене алмайды.
"Қазақта "жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді" деген сөз бар. Бірақ, бұл бұрын айтылған дүние. Ал қазір әркім көрпесіне қарай көсіледі", - дейді этнограф.
Профессордың айтуынша, бұрындары қазақтар жасауға отауға дейін берген болатын.
"Отау деп отырғанымыз киіз үй. Киіз үйдің қара шаңырағын ғана бермеген, себебі оны жігіт жағы беретін. Ал киіз үйдің кереге-уығын, есігін, яғни қалған бөлігін қыз жағы әкелетін", - деп түсіндірді ол.
Бибізия Қалшабаеваның сөзінше, ертеректе қызға жасаумен қатар жетек мал да беріліп тұрған.
"Ұрғашы малды төрт-түлігі көбейіп, бай-бақуатты болсын деп беріп жататын. Жетек мал беру дәстүрі өткен ғасырдың 70-80 жылдарына дейін сақталды. Қазір мал беру деген жоқ. Бірақ қызының перзентіне, яғни жиеніне мал атау әлі күнге дейін кедеседі", - дейді Қалшабаева.
Қазір қыз жасауына үй тұрмысына қажетті керек-жарақтың барлығы берілетіні белгілі. Десе де, қазақ жасауға пышақ пен қазан беруді жаман ырым санаған екен.
"Пышақты сатып алғызу деген бар. Яғни, пышақты берген кезде, жігіт жағы оны ақша төлеп, сатып алуы керек. Қазанға келетін болсақ, қазақта өз үйіңде қолданып жүрген қара қазанды басқа ешкімге беруге болмайды, әйтпесе ырысың сонымен бірге кетіп қалады деген наным бар. Бірақ, менің ойымша, дүкеннен алынған жаңа қазанды жасауға қосып бергенде тұрған дәнеме жоқ. Себебі ол мүлде пайдаланылмаған, жап-жаңа", - дейді Қалшабаева.
Этнограф қыз жасауына берілетін міндетті заттардың бірі құрақ көрпе екенін айтты.
"Құрақ көрпені құрақтай болып құралып, көбей деген ниетпен береді , - деді профессор.
Оған қоса, Қалшабаева қыз жасауындағы махаббат көрпесіне де жеке тоқталып кетті.
"Қазір махаббат көрпесі деген шықты. Оңтүстіктен тараған болу керек. Шаңырақ көтергелі жатқан екі жастың көрпесін бөлек алып келеді" , - деді ол.
Профессор қыз жасауын дайындаған кезде әсемділік пен әдемілікке ерекше мән беру керек екенін, алайда бір-бірімен жарысып, үйіп-төгіп апарудың қажеті жоқ екенін, әркім жағдайына қарай жасауы керектігін кеңес етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1804642-kyz-zasauyna-ne-beruge-bolmajdy/