"Джипке бергісіз": Ақтөбелік өнертапқыш ерекше трактор жасап шығарды (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбелік өнертапқыш Жағыпар Қадіров ерекше трактор жасап шығарды. Онымен шөп шабуға, жарық түсіруге, дәнекерлеу жұмыстарын жасауға болады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жағыпар Қадіровтің жасап шығарған техникасы негізінен шөп шабуға арналған.
"Далада дәнекерлеу жұмыстарын жасағанда ыңғайлы. Оталып тұрғанда өзінен қуат алады. Құралдары әр жерден жиналды. Кезіндегі шопандардан қалған қозғалтқышты қойдым. Бұл 10 л бензинмен 4-5 үлкен машиналық шөп шабады. Бір қыстық шөпті бір күнде шауып береді. Жер талғамайды", - дейді Жағыпар Қадіров.
Ерекше техниканы жасап шығару үшін өнертапқыш жарты жыл ойланып, 2-3 айда құрастырып шығарған.
"Мұны мал ұстап отырғандар сатуға көп сұрайды. "Джипке алмастырайық" дегендер болды. Үлкен еңбекпен жасаған соң сатуға қимадым. Жүк көліктерін тартатын күші бар. Мығымдығы сондай, ЗИЛ-дерді оңай тартады, бірақ қатты жүрмейді. Тағы жасауға болады, тек көп құрал керек. Бала кезімнен темірге құмармын. Велосипедтерді жасай беретінбіз", - дейді ол.
55 жастағы азаматтың үш баласы бар. Оның ұлы да техникаға құмар. 25 жастағы жігіт түгі қалмай жанып кеткен көліктерді құрастырып, жаңа машина шығарып жүр. Үйінің ауласына жөндеу орталығын да ашып тастаған.
"Бала күнімнен әкемнің жасағандарын көріп өстім. Негізгі мамандығым эколог. Бірақ ол бойынша жұмыс істеген емеспін. Өткен жылы бизнес бастау бағдарламасымен оқып, кәсіп аштым. Ауылшаруашылығы ісімен және автокөлік жөндеумен айналысамын. Жөндеуге керек барлық құралдарды қолдан жасап аламыз. Түгі қалмай жанып кеткен УАЗ көлігін құрастырып шығардық. Маторы да қайта жасалды. Ауылдағы қираған машиналарға дейін жөндеп береміз", - дейді Алтынбек Мұхамбетқали.
Әкесі мен баласы Ырғыз ауданында тұрады. Алтын қолды шеберлер бір ауданның батасын алып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1808567-dzipke-bergisiz-aktbelik-nertapkys-erekse-traktor-zasap-sygardy-foto/