Түркістандық тұрғын айдарлы жыланның оның шөбін құтқарып қалғанын айтқан
Жарияланған күні:
Түркістан облысындағы Түлкібас ауданына қарасты Састөбе ауылының тұрғыны Насырулла Мұсабеков бала күнінде шөп шабуға барғанын, сол жерден жыланды көргенін айтты. Оның сөзінше, аталған тіршілік иесі оның шөбін ұрылардан қорғаған деп хабарлайды "Замана" басылымы.

"Бала кезімізде біздің ауыл Қараүңгір деген жерде тұрды. Қырық шақты үй отырдық. Осы Қараүңгір жақтан біз інім екеуміз шөп шабушы едік.
Бірде қамыс басына киімнен қалқа жасап, түс кезде демалып жатсақ, ұйықтап кетіппіз.
Бірдеңенің ысылдаған үнінен ояндым. Жанымда қақшиып бір жылан тұр екен. Басында айдары бар. Әріде жатқан інімнің бас жағында да екі жылан тұрғанын көрдім. Зәрем қалмады.
Бір кезде атамның: "Өзің тимесең, жылан саған тиіспейді. Көрсең, мүмкін болса, бір ыдысқа ағарған құйып қой", – дейтіні есіме түсті.
Сосын арқаммен ақырын жылжып, әлгі тұстан шықтым да, сынған банканың жұрнақтарын жинап, дорбадағы ыдыстан айран құйып қойдым.
Сосын қарасам, әлгі жыландар көрінбейді. Інімді оятып, болған жайды жеткізгенімде ол ештеңені көріп-білмегенін айтып, аң-таң болды", - дейді кейіпкер.
Айтуынша, ер адам ертесі күні олардың жылан жұмыртқалаған жерге барғанын білген.
"Содан інім екеуміз бірнеше күн бойы орып, жинаған шөпті енді үйге жеткізетін көлік таппай жүргенбіз. Бір күні шабындыққа барсам, шөпке шаншулы бір бесақа тұр, жақын тұста ары-бері өткен машина ізі жатыр.
Біреулер біздің жиған шөпті ұрламақ болған, бірақ қандай да бір себеппен әкете алмаған сияқты.
Осыны үйге келіп айтқанымда атам: "Ұрыларды жылан жолатпаған болуы керек. Қазір колхоздан машина, адам сұраймын. Барып, шөпті артып әкеліңдер. Үйден көп қылып айран әкетіңдер, ыдысқа құйып, әр жерге қойыңдар. Адамдарға ескертіңдер, өздері тимесе, жылан оларға тиіспейді", – деді.
Кейіпкердің сөзінше, олар сол күні шөпті көлікке тиеп, үйлеріне жеткізіп алған.
Сонымен қатар, колхоз көлігін айдайтын жүргізушінің шөпті ұрламақ болғанын, алайда оны қорыған жыланның оны істеуге мүмкіндік бермегенін айтқан.
Ер азаматтың сөзінше, кейінірек оның бойында тылсым қасиет пайда болған екен.
"Анда-санда құлағыма алда не болатыны туралы дыбыстар келіп тұрады. Неліктен екенін өзім де білмеймін. Естігенім көп ұзамай орындалады", -дейді ол.
Осы тылсым қасиетінің арқасында ол айдалада мал жайып жүргенде бірнеше қойын тартып әкетпек болған үш жігітті тоқтатпақ болғанын айтты.
"Оларға "Қойларды ала беріңдер. Бірақ бұл жерден кете алмайсыңдар. Машиналарыңның дөңгелегі жарылады", – деп айтқанмын.
Олар бұған құлақ аспай, қойларды артып, енді жүре бергенде көлік дөңгелектерінің желі өз-өзінен шыға бастады.
Олар қатты қорқып кетті, сосын кешірім сұрап, көліктерін жөндеп алып, тайып тұрды», – дейді Мұсабеков
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1809870-trkistandyk-trgyn-ajdarly-zylanny-ony-sbin-ktkaryp-kalganyn-ajtkan/
Жарияланымға реакцияңыз?
Соңғы пікірлер
Барлық пікір саны: 1
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.
Шыкса,паленiн бары осы Шымкаладан шыгады.Казакша сойлейтiн каскыр,агылшынша олен айтатын тулкi, косу -алуды бiлетiн тышкан,тагы не калды озi?!!!!!
Сервисфото