Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ел жастарының басты проблемасы: Баспана мәселесі қалай шешіледі?

Опубликовано:

2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Демек, жыл бойы ел жастарына ерекше көңіл бөлінеді, барынша қолдау көрсетіледі. Бұл ретте, ел Үкіметі жастардың басты проблемасын – баспана мәселесін қалай шешпек? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.

Ел жастарының басты проблемасы: Баспана мәселесі қалай шешіледі?

«Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» қайда кетті?

Естеріңізде болса, 2012-2017 жылдары елімізде жас отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынды.

29 жасқа толмаған, заңды некеде тұрғанына 2 жыл болған отбасылық жұптар бастапқы жарнасыз арендалық баспанаға ие болып келді.

Арендалық баспана сатып алу құқығымен берілді. Соңғы рет 2017 жылы «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша Өскемен қаласында пәтер үлестірілген. Дәл сол жылы аталған бағдарлама жұмысын да тоқтатты.

Сол кездегі Инвестициялар және даму министрлігі (қазіргі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі) жас отбасыларға сатып алу құқығымен берілетін арендалық баспаналар салу тоқтатылғанын ресми түрде хабарлады.

Бұдан шығатын қисын – көп үй салу үшін көбірек сату керек. Ал үйді ұзақ мерзімге сатып алу құқығымен беру – тиімсіз.

«7-20-25» бағдарламасы

2018 жылдың жазында «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама бойынша үйді тек бастапқы нарықтан алу керек.

Сондай-ақ, ипотека кредиттік тарихы «бұзылмаған», әлеуметтік тұрғыдан қорғалған, төлем қабілеттілігі жоғары адамдарға ғана беріледі.

Алайда, бастапқы кезде бағдарламаға қатысты өтініштер көп түсе бастады. Осыдан кейін «Баспана» ипотекалық ұйымы бюджеттік сала қызметкерлері мен жас отбасыларға қатысты қаржылық жүктемені төмендетіп, «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдерін ұсынды.

Аталған өнімдер Шымкент және Ақтөбе қалаларында пилоттық режимде іске қосылды.

Сонымен қатар, «7-20-25» бағдарламасы аясында білім, денсаулық сақтау салаларының, полиция қызметінің өкілдеріне баспана алуға арналған арнайы сертификаттар беріле бастады.

Өкінішке қарай, мұндай сертификаттар жас отбасыларға қарастырылмаған. Көңілге медеу болары – аталған игілікті білім, денсаулық сақтау салаларындағы, полиция қызметіндегі жас мамандар да пайдалана алады.

Жастар мың арендалық пәтермен қамтылады

«Жастар жылы» аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмысшы жастары 1 мың арендалық пәтермен қамтылады.

Бұл бағытқа жыл сайын 7,2 млрд теңгеден, ал үш жылда 21,6 млрд теңге бөлінетін болды. Арендалық пәтерлер осы жылдың 1 тамызынан бастап беріле бастайды.

«Ең алдымен жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге тиіспіз. Яғни оларды баспанамен, жұмыспен қамтуымыз керек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен республикалық маңыздағы үш ірі қаланың жұмысшы жастарын баспанамен қамту үшін арендалық пәтерлер берілетін болды. Бұл – пилоттық жоба. Бүгінде процесс басталды. Осы жылдың 1 тамызынан бастап арендалық пәтерлер үлестіріле бастайды. Пилоттық жоба ойдағыдай іске асса, тұтас республиканы қамтитын болады», – деген болатын Мәжіліс қабырғасында өткен жиында экс-депутат Бақтияр Мәкен.

Сонымен қатар, жастарды баспанамен қамту мәселесіне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпорындар мен әлеуетті жұмыс берушілерді тарту да жоспарланған.

Бұл орайда, кәсіпорынды жастарды баспанамен қамтуға ынталандыру тетіктері қарастырылатын болады.

Баспаналы болу үшін ақшаны қалай жинау керек?

Бұл сұрақ осы күні жастардың барлығын дерлік толғандырады. Мамандардың пікірінше, баспана алуға қажетті ақшаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жылдам жинауға болады.

Аталған банк арқылы бірнеше жылда қаржы жинап, жеңілдетілген несие алып, пәтерге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Дәлірек айтсақ, үш жыл ішінде пәтер құнының 50 пайызын жинау қажет.

Ал егер пәтерді қайталама нарықтан алуды көздесеңіз, 20 пайызын жинау керек.

Бұл ретте Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Өз үйім» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын ұсынып отыр.

Қажетті қаржыға жылдам қол жеткізу үшін ақшаны екі бірдей салымшы (ері мен әйелі) қатар жинаған жөн. Яғни, банктің «Отбасылық пакет» өнімін тиімді пайдаланған абзал.

Пәтер жалдай жүріп, жеке баспана үшін қаржы жинау өте қиын. Сондықтан мамандар жастар үшін тиімді жол ретінде үш жылдай ата-анасымен бірге тұруды ұсынады. Бұл қадамның нәтижесінде діттеген мақсатқа ертерек қол жеткізуге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1810201-el-zastaryny-basty-problemasy-baspana-mselesi-kalaj-sesiledi/

pixel