Жақында ғана вице-премьер атанған Сапарбаев марапатталды
Жарияланған күні:
ҚР Кәсіподақтар федерациясы премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевты "Үздік әлеуметтік әріптес" белгісімен марапаттады, деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Нұр-Сұлтан қаласында Бақытжан Әбдірайымның төрағалығымен ҚР Кәсіподақтар федерациясы бас кеңесінің отырысы өтті.
Отырыс барысында ҚРКФ төрағасы "Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2018-2019 жылдарға арналған жаңғырту жол картасы" бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама оқыды. Бұл құжатта әлеуметтік әділеттілікті насихаттау және еңбеккерлердің құқығын қорғау шаралары негізге алынған.
"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтар федерациясы қазақстандықтарды Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа шарттарына әлеуметтік бейімдеу үшін қозғаушы күш болуы тиістігін атап өтті", – деді өз сөзінде Әбдірайым.
Осы орайда Федерация басшысы кәсіподақтар қызметіндегі өзекті мәселелерге, соның ішінде ұжымдық шарттардың санын арттыру, еңбек дауларын шешу, еңбек қатынастарын заңдастыру, жұмыс орындарын сақтау және қауіпсіз еңбек шарттарын қалыптастыру мәселелеріне тоқталып өтті. Жол картасының басым бағыттары, соның ішінде ХЕҰ-ның стандарттарын насихаттау және кәсіпорындарда әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері айтылды.
Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік бастамаларының өзектілігі және өз уақытына сай екендігі, сонымен қатар, кәсіподақтардың басты құндылықтарымен үйлесім табатындығы аталып өтті.
Бас кеңестің мүшелері елімізде орын алып жатқан әлеуметтік-еңбек реформалары уақыт талабына сай деп есептейді. Бұл реформалар кәсіподақтар қызметін жаңғырту және Еңбек адамын қорғаудағы тиімділікті арттыру үшін бағыт-бағдар болуы тиіс. Осы ретте әлеуметтік әріптестіктің ерекше рөлі мен әріптестікті нығайту маңыздылығы көрсетілді.
Бақытжан Әбдірайымның айтуынша, ҚР Үкіметі, ҚРКФ және «Атамекен» ҰКП арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім, сонымен қатар, 21 салалық және 16 аумақтық келісімдер кәсіподақтардың үшжақты комиссия, дағдарысқа қарсы штаб, қоғамдық және үйлестіру кеңестерінің отырысына кеңінен қатысуына мүмкіндік берді.
Үшжақты комиссия аясында мүше ұйымдар тиісті салалардағы кәсіподақ ұйымдарының қызметін біріктіре алды. Әлеуметтік әріптестермен өзара ынтымақтастықтың айқын дәлелі – Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдар санының 18-ден 23 салалық кәсіподақтарға артуы болып табылады. 40 мың еңбеккерді қамтитын 500-ге жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.
ҚРКФ Бас кеңесінің отырысында кәсіподақ мүшелерінің саны 45 мыңға жуық "QAZMED" медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Федерация құрамына қабылданды.
Жұмыс нәтижелерін қорыта келе, Бас кеңес мүшелері Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың әлеуметтік әріптестік тараптары арасында өзара тиімді байланыс жүйесін қалыптастыруға қосқан үлесін жоғары бағалай отырып, "Үздік әлеуметтік әріптес" белгісімен марапаттады.
Аймақтық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан зор үлестері үшін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовты және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты да осы белгімен марапаттау туралы шешім қабылданды.
Отырыс соңында ҚРКФ басшысы Бас кеңес мүшелерін кәсіподақтардың ынтымақтастығы мен басты құндылықтарын кеңінен насихаттауға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1812940-zakynda-gana-vice-premer-atangan-saparbaev-marapattaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.