Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сезім бар": Жасы 70-ке таяған қария өмірінде бірінші рет шын ғашық болған

Жарияланған күні:

Елордадағы қарттар үйінде жалғыз қалған қариялар аз емес. Дегенмен, олардың арасында дәл осы жерде өмірлік серігін тапқандар, тіпті, алғаш рет ғашық болғандар да бар деп жазады Sputnik Қазақстан.

Фото: Болат Азнабаевтың жеке архивінен алынды
Фото: Болат Азнабаевтың жеке архивінен алынды: Facebook
"Мен құжат бойынша 1951 туғанмын. Негізі, одан бұрын дүниеге келгенмін. Шешем "паспорт столында" бастық болған ғой. Мені әскерге кештеу барсын деп, туған күнімді алға қарай жылжытып жазған. Шын жасым 70-тен асып кетті", - деп бастады әңгімесін Болат Азнабаев.

Қарияның сөзінше, ол үйдің жалғыз баласы болған екен. Әкесі ертеректе қайтыс болып, анасы бертін келе өмірден өткен екен.

"Менде ешкім жоқ. Үйдің жалғыз баласы болдым. Бір рет үйленгенмін. Әйелім қайтыс болды. Балаларымыз болмады", - дейді Болат Азнабаев.

Сондай-ақ, қарт кісі бұрын жоғарғы соттың жалпы бөлімінде қызмет еткен. Ол жердегі жұмысы жүйкесін тоздырған соң, қызметінен кетіп қалғанын айтады.

Ал қарттар үйінде Болат Азнабаев өзінің махаббаттын кездестіріп, алғша рет шын ғашық болғанын мойындады. Атайдың таңдауы 50 жастағы Динаға түскен.

"Біз Динамен осы жерде таныстық. Әрине, сезім бар. Сезім болмаса, адам жүре ме? Динада бәрі ұнайды. Өзі өте байсалды. Ай, сен бұның бәрін жазбай-ақ қой (күлді)", - дейді Болат аға.
Фото: Болат Азнабаевтың жеке архивінен алынды
Фото: Болат Азнабаевтың жеке архивінен алынды: Facebook

Дина бала кезінен арбаға таңылған. Тобығына бірнеше рет ота жасалса да, әлі өз аяғымен жүре алмайды. Жасы 50-ден асса да, тұрмысқа әлі шықпаған. Болат қария Динаның аяғына өзі массаж жасап, екеуі саябаққа қыдырып, дәрігердің қабылдауына да бірге барып жүреді екен.

Мекеме қызметкері Ақмаралдың айтуынша, екеуін заңды некеге тұрғызайын десе, Дина әлі ойланып жүрген көрінеді.

"Болат ағамыз ылғи "Б" блогында жүреді, ана жақтың күйеу баласы болып кетті. (күлді). Жұма сайын мешітке барады. Жаман әдеті жоқ. Таң атпай кетеді. Түнгі сағат 12-де қайтып келеді. Екеуін үйлендірейін десек, Дина ойланып жүр. Тағдырдың жазуы шығар, екеуі осы жерде кездесті. Негізі, бізде бірге тұруға рұқсат бар. Екеуі ресми түрде некеге тұрса, бөлек бөлме береміз", - дейді Ақмарал.

Болат Азнабаев өмірінде алғаш шын рет ғашық болғанын, Динаға деген сезімінің шынайы екенін айтады.

"Енді, шын ғашық болып отырғаным бірінші рет, шын сезім екенін білемін. Кейбіреулер өмір бақи арбамен жүресің бе дейді. Мен айтамын, онда тұрған несі бар? Жақсы көріп тұрсаң, еш нәрсеге қарамайсың. Дина екеуіміз қалаға шығып тұрамыз, саябаққа, театрға барамыз. Бақытты жандар уақытқа да, жасқа да қарамайды", - дейді Болат Азнабаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1812983-zasy-70-ke-taagan-karia-mirinde-birinsi-ret-syn-gasyk-bolganyn-mojyndady/