Зейнеп Ахметова: Қазір әншілердің екінші мамандығы тұсау кесу болып кетті
Жарияланған күні:
Қазақ келіндерінің үлгісіне айналған Зейнеп Ахметова тұсаукесер салтының дұрыс сақталмайтын айтып, оның мән-мағынасын түсіндіріп берді деп жазады Zamana.kz.
Халықтың салт-дәстүрін насихаттап, ізінен ерген өкшебасарларға мейлінше дұрыстап ұқтырғысы келетін ол, қазіргі кезде қазақтың салт-дәстүрінің қисайып бара жатқанын көріп қынжылатынын айтты.
"Қазір әншілердің екінші мамандығы тұсау кесу болып кетті. Олар "мен 100-200 баланың тұсауын кестім" деп сонымен мақтанады. Бірақ соны дұрыс істесе, кәнеки?!
Қазақтың салт-дәстүрін қайта жасаудың керегі жоқ. Тұсаукесер – баланың алғашқы туған жерінде табанын жерге басып, ары қарай аттап, алды ашылатын бір белесі. Біреулер "кісінің ала жібін аттамасын" деп кесіп жатады. Бұл – өте тар мағына. Олай емес. Ала жіптің мән-мағынасы өте кең. Ала жіп – өмірдің, тіршіліктің символы, нышаны. Сол үшін баланың аяғын байлап, тұсауы "жақсылықтар болғанда, басына бақ қонғанда асып-тасып кетпесін, қиындық болғанда басылып қалмасын, екеуінен тең өтсін" деп пышақпен кесіледі.
Ал қазір не істеп жүр? Қайшымен кесіп жүр. Баланың өмірі қайшыланып қалады. Қайшының жүзі бір-біріне қарама-қарсы жасалған. Қазақ ешқашан қайшымен тұсау кеспеген. Сондықтан бұл ала жіп жай ғана біреудің бірдеңесін қағып кетпесін дегеннен шыққан нәрсе емес. Бұл осындай терең мағынаға ие", - деді Зейнеп Ахметова.
Ол "жақсылықтар көп болсын" деп ала жіпке ақ жіпті көбірек қосып есетінін, сондай-ақ, баланың тұсауын кез келген адам кеспейді деп айтты.
"Баланың тұсауын кім кеседі? Бір кездері кейуаналарға, үлкен кісілерге тұсау кестіріп жүрді. Шындап келгенде, қазақ жасы келіп, белі бүгілген үлкен кісіге, жайбасар жанға, сондай-ақ ауру адамға да тұсау кескізбейді. Ұл баланың тұсауын күш-қайраты бойында, елдің алдында қызметімен көзге көрініп жүрген ер-азаматтар кескен.
Қыз баланың тұсауын аяқ-қолы балғадай, істеген ісін тындырып жүретін, отының басын берекелі ұстайтын, балалы-шағалы келіншектерге кескізген. Тұрмысқа шықпаған қызға, үйленбеген жігітке тұсау кескізбейді. Өйткені олардың жолы әлі ашылмаған. Мұның барлығы сан ғасыр сарабынан өтіп, ата-бабаларымыздың жасап кеткен салты.
Тағы бір талас туғызып жүрген нәрсе – ала жіпті "алдынан кес" немесе "артынан кес" деп жатады. Бала артқа жүрмейді, алға жүреді. Алдында тұрып, оның тұсауын кесіп, баланың алдын ашады. Артынан тұсау кесу деген дұрыс емес", – деді Бауыржан Момышұлының келіні.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1813949-zejnep-ahmetova-kazir-nsilerdi-ekinsi-mamandygy-tsau-kesu-bolyp-ketti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.