Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ШҚО кәсіпорындарында жарақат алу қаупі азайды

Опубликовано:

Соңғы үш жылда Шығыс Қазақстан облысы кәсіпорындарында өндірістік жарақат алу деңгейі 1,4 пайызға төмендеді. Бұл туралы ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі бақылау бөлімінің басшысы Данияр Утемжаров мәлім етті. Данияр Қайратұлы түрлі саладағы қауіпсіздік талаптары жөнінде және қауіпсіздік мәдениеті туралы айтып берді.

ШҚО кәсіпорындарында жарақат алу қаупі азайды
Фото: Данияр Утемжаров: Facebook

- Көптеген өндірістік компания өз қызметкерлері арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыра бастады. Бірнеше жыл бұрын бұл туралы сөз арасында айтылып келсе, енді басты тақырыпқа айналды. Айтыңызшы, мұның маңызы неде?

- Шынын айтқанда, қауіпсіздік мәдениеті облыстардағы өндірістік кәсіпорындарда жақсы қалыптасып келеді. Қазіргі таңда еңбекті қорғау мәселесі бірінші кезекте тұр. Статистикаға сүйенсек, әлемде жыл сайын 2,3 млн. адам жұмыс орнында қаза табады, ал 300 млн. адам өндірістік жарақат алады екен. Сол себептен, қауіпсіздік мәдениеті компанияның имиджін қалыптастырып қана қоймай, оның «бет-бейнесі» саналады.

- Қай салаларда қауіпсіздік талаптары жиі сақталмайды?

- Жалпы, өндірістік жарақат алу жағдайлары біртіндеп азайып келеді. Алайда, еңбекті қорғаудағы заң бұзушылықтар деңгейі мен шағын және орта кәсіпорындардағы жарақат алу деңгейі ірі кәсіпорындарға қарағанда жоғары болып отыр. Мысалы, тау-кен металлургиясы саласында – 24%, автокөлік және құрылыс саласында – 10,4%. Сондықтан да, кәсіпорындардағы еңбекті қорғау жағдайларын жақсарту шаралары үнемі жетілдіруді талап етеді.

- Өнеркәсіптік кәсіпорындарда қауіпсіздік мәдениеті қалай қалыптасады?

- Қауіпсіздік мәдениеті дегеніміз – тек формалды білім емес, бұл – қызметкердің өзіне деген, әріптестеріне деген дұрыс қарым-қатынасы. Қызметкер өз еркімен түрлі жағдай бойынша тәуекелдер деңгейін бағалап, ақылға қонымды шешім қабылдауы қажет. Мәселен, «Қазцинк» ЖШС кәсіпорнында техникалық инспекторлар жұмыс істейді. Бір қызығы, олар тек келеңсіз жағдайларды анықтап қана қоймай, ақпараттарды жинақтап, ұжымда сауатты профилактикалық жұмыс жүргізеді. Техникалық инспекторлардың пікірінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы сәттілік құпиясы адами фактормен анықталады, мен олармен толықтай келісемін.

- Осы жұмыста ықтимал қауіп-қатерлерді көрсету тәсілдері орынды ма? Мәселен, апат кезіндегі суреттер?

- Компаниядағы қауіпсіздік мәдениеті қалыптасу үшін қызметкерлер көп жағдайда өздерінің құндылықтары мен дағдыларын өзгертуі қажет. Шынында «үрейін ұшыру» тәсілін қолдана отырып, апат орнындағы суретті көрсетуге, инструкция талаптарын қадағаламаудың салдарын көрсетуге, зардап шегушімен немесе оның отбасымен кездесу ұйымдастыруға болады. Мұның бәрі ең алдымен эмоционалды салаға әсер етеді, адамдардың қауіпсіздік ережелеріне мұқият қарауына ынталандырады. Тағы бір мысал, республикадағы өңірлердің бірінде пилоттық жоба ретінде өндірістік жарақат нәтижесінде мүгедектікке ұшыраған кәсіпорынның бұрынғы қызметкерлері бейне-бақылау операторы болып жұмыс істейді екен.

- «Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019 – 2023 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілгеннен кейін осы саладағы жағдай қалай өзгереді деп ойлайсыз?

- «Жол картасында» техникалық қауіпсіздікті ай сайын тексерістен өткізу, еңбекті қорғауды міндетті түрде оқыту, қажетті жерлерде ескерту белгілерін орнатумен кәсіпорындардың барлық өндірістік алаңдарын тексеру, қорғаныс тосқауылдары, қоршау қалқандары қарастырылған. Сондай-ақ облыстағы кәсіпорындарды «Vizion Zero» (нөлдік жарақат алу) Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы бағдарламасына қосу үшін ақпараттық науқан жүргізіледі. Қабылданып жатқан іс-шаралардың барлығы еңбек шартының қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге және өндірістік жарақат алу деңгейін төмендетуге ықпал етеді деп ойлаймын.

- Көп рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1814298-sko-ksiporyndarynda-zarakat-alu-kaupi-azajdy/