Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Таразда "Н. Назарбаев: Дәуір, тұлға, қоғам" қор көрмесінің тұсауы кесілді

Опубликовано:

5 қыркүйекте Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Фото: Жамбыл облысының әкімдігі
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі: UGC

Көшпелі көрме Елбасының архив, кітапхана, музей қорларындағы бірегей материалдарға негізделеді. Тараз қаласының қалың жұрты Н.Ә. Назарбаевтың жоғарғы мемлекеттік марапаттар коллекциясымен, мемлекет басшылары мен беделді жазушылардың қолтаңбасы бар тартулық басылымдар мен Елбасының шет тілде жарық көрген еңбектерімен алғаш танысты.

Салтанатты рәсімді Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ашты.

"Тәуелсіздіктің көк байрағы бәріміздің көз алдымызда желбіреді. Алайда егемендікке қол жеткізудің, мемлекетті дамытудың жолында қабылданған маңызды шешімдердің халыққа мәлімі де, біреулерге белгісізі де бар. Осы тұста тұсауы кесілмек көрменің құнды деректерге бай екенін белгілегім келеді. Оның атауына қарап, өзін қоғамға арнаған өз дәуірінің тұлғасы, «Мен үшін киелі халқыма қызмет етуден артық бақыт жоқ» деген сөздері ойға келеді. Жәдігерлері Елбасының бұл ұстамын айғақтай түскен көрменің тәуелсіз елде дүниеге келген жастарға берер тәрбиелік мәні де зор. Сондықтан да, Жамбыл облысының жұртшылығы үшін көрмені Әулие Ата жеріне арнайы алып келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына үлкен алғысымызды айтамыз", - деді облыс әкімі.
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі: UGC

Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов көшпелі көрменің мақсатына тоқталды:

"Көрмеміз тәуелсіз елдің қалыптасу тарихын, Тұңғыш Президенттің негізгі рөлін жүйелі баяндауды көздейді. Архив құжаттары, фотосуреттер мен бейнематериалдар, бірегей қолжазбалар, бәрі де – егемен мемлекеттің ертеңін анықтаған оқиғаларды бейнелейді. Әр жәдігер – Елбасының әлем мойындаған жаһандық идеялары мен жасампаз бастамаларының нышаны", - деді Ә. Рахымжанов.

Іс-шара барысында Асқар Мырзахметов пен Әмірхан Рахымжанов көшпелі қор көрмесінің тілектер кітабына естелік лебіз жазды.

Фото: Жамбыл облысының әкімдігі
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі: UGC

Төрт бөлімнен құралған көрмедегі «Елбасы жолы» бөлімі Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертеді. Елбасының жолы рухани жаңғыру дәуірінің басталуына түрткі болған тарихи оқиғаларды сипаттау арқылы көрсетіледі.

«Елбасы феномені» бөлімі ел тізгінін ұстап, жаһандық кеңістікке тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын таратқан Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет құрудағы басты тұжырымдамасын баяндайды. Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасының көшірілуіне дейін тарихқа ізі басылған маңызды оқиғалардан, атап айтқанда Тұңғыш Президенттің батыл шешімдері мен бастамаларынан Елбасы феномені айқын көрініс табады.

Фото: Жамбыл облысының әкімдігі
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі: UGC

«Әлем таныған Елбасы» бөлімінде Қазақстан Республикасының қарқынды сыртқы саясаты көрсетіледі. Бұл – әлемдік деңгейдегі саясаткер, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың биік беделі мен асқақ абыройының жемісі.

Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық тарту-таралғылар, жеке жазбалар, архивтік материалдар арқылы көрсетілген. Әрбір сый-сияпаттан кез келген қауіп-қатер мен түсінбеушіліктен азат бейбіт әлемді қалыптастырудағы Н. Ә. Назарбаевтың ерен еңбегін таныған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрметі айқын көрінеді.

«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Елбасы мен Қазақстан халқына жаһандық даму мен тұрақтылыққа қосқан үлесі үшін табыс етілген жоғары мемлекеттік марапаттар ұсынылған.

Олардың негізінде «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Президент мәртебесі – ел мәртебесі», «Бір экспонаттың тарихы» тақырыптық экскурсиялары өткізіледі.

Келушілердің қатарында болған Қуантай Сейітхан көрменің ерекшеліктерімен бөлісті:

"Көрмеде жәдігерлердің түпнұсқасы ұсынылғанына қатты таң қалдым. Әлемге еліміздің даңқын паш еткен спортшыларымыздың өзі жеңісін Елбасыға арнаған екен. Олардың сыйлаған тартуларына қарап ол кісінің қолдауы мен еңбегіне деген кіршіксіз ризашылығын байқадым. Тұңғыш Президенттің ерен еңбегі мемлекет ішіндегі ұлттар татулығына да, шекарадан тыс елдермен достығына да сіңді. Елдер ынтымақтастығына қосқан үлесі үшін Елбасыға мемлекет басшылары табыстаған жоғары марапаттар Қазақстанды жер бетіне әйгілі еткен кісінің беделін көрсетеді", - деді жергілікті қоғам бірлестігінің өкілі.
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі: UGC

Аталмыш қор көрмесі «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі жобасының басты маржанына айналып отыр. Көрме жобасы ірі ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шараларды, шалғай аудандарда арнайы ұйымдастырылатын көшпелі экскурсияларды да қамтиды.

Естеріңізге салсақ, 3-4 қыркүйекте Қордай және Шу аудандарының тұрғындарына көшпелі экскурсиялар жүргізіліп, Тараз қаласының кітапхана, музей, архив мамандарына аймақтық кәсіби сессия мен ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілген болатын.

2017 жылғы қарашадан бастау алған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрме жобасымен Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны танысып үлгерді.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі Жамбыл облысында 2019 жылғы қазан айының соңына дейін жалғасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1814782-tarazda-n-nazarbaev-duir-tlga-kogam-kor-krmesini-tsauy-kesildi/

pixel