Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың танымал әкесі жайлы не білеміз?

Жарияланған күні:

Жақында ғана Шымкент қаласының жаңа әкімі болып тағайындалған Ерлан Айтахановтың әкесі Қуаныш Айтаханов танымал азаматтардың бірі. Әсіресе оңтүстік жұртшылығы оның іскер азамат екенін әлі күнге дейін айтып жүр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қуаныш Айтаханов. Фото: Жеке мұрағаттан/ yujanka.kz
Қуаныш Айтаханов. Фото: Жеке мұрағаттан/ yujanka.kz: Twitter

Қуаныш Айтаханов 1947 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. Отбасының кенжесі. Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын үздік бітіріп, еңбек жолын ветеринар дәрігері болып бастаған.

Шымкент басшысының әкесі өзінің бір сұхбатында бала күнінде өте кітапқұмар болғанын, журналистикаға қызыққанын айтқан болатын. Дегенмен ол 1970 жылы Мәскеу ветеринарлық академиясын бітірген.

Айтаханов Мәскеуде оқып жүрген кезінде өзі секілді қазақ жастарымен бірге Ғани Мұратбаевтың бейітін іздеп тапқан. Содан кейін Орталық Азия мен Қазақ ССР жастар қозғалысын ұйымдастырушы Мұратбаевқа ескерткіш қойылды.

Еңбек жолында Қуаныш Айтаханов партия комитетінде лауазымды қызметтер атқарып, ОҚО әкімінің орынбасары, Арыс қаласы мен Созақ, Сайрам, Отырар аудандарын басқарған. Дәл осы Сайрам ауданына әкім болған тұста Айтахановтың халық алдындағы абыройы еселене түсті. Ол халқы да, тілі де, тіпті көше мен дүкен атауларына дейін дейін өзбектеніп кеткен ауданды қазақыландыруға көп үлес қосқан.

Айта кетерлігі, Қуаныш Айтахановтың пен ұлы Ерлан Айтаханов екеуінің еңбек жолдары ұқсас. Шымкент әкімі ветеринар мамандығын оқымаса да әкесі де, өзі де Мәскеуде білім алған. Әкесі мен ұлы еңбек жолдарында ОҚО әкімінің орынбасары, Отырар ауданының әкімдері болған.

Айта кетейк, Қуаныш Айтаханов жұбайы Айманмен Мәскеуде оқып жүрген кезінде танысқан. Кейін шаңырақ көтеріп, үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді.

Шымкенттің қазіргі әкімі отбасының тұңғышы.

Айтаханов ғұмырының 52 жылын мемлекеттік қызметке арнаған. Соның 47 жылында басшылық қызмет атқарған. 2005 жылдан бастап қатарынан 12 жыл парламент сенатының депутаты болды.

Депутат болған жылдары ол қалалық, аудандық белсенділермен 350, еңбек жұмысшыларымен 705 кездесу өткізіп, биліктегілерге 200-ден астам депутаттық сауал жолдады. Сенатор кезінде көптеген мәселелерді ашық көтере білген халық қалаулыларының қатарында болды. Әсіресе ұлт құндылығы, жер, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру бойынша көп мәселелерді көтеріп жүрді.

Сонымен қатар билікте отырғандардың кейбірі дипломын сатып алғанын айтып дабыл қақты. Одан өзге, сенатор елімізде үшем дүниеге әкелген отбасыға баспана кезексіз берілу керектігін, егер жас отбасы ипотекалық несиемен пәтер алып, ол жанұяда бала дүниеге келсе, оның әрбіріне қарай несие бес пайызға қысқарып отыру қажеттігін де көтерді.

Шымкент әкімінің әкесі 2017 жылы отандық басылымға берген сұхбатында өзге тілдерді білуге еш қарсылығы жоқтығын, тек ана тілді бірінші кезекке қою керектігін басып айтты.

"Қазақтың тілі әлі толық өз құқығына ие болған жоқ. Үкімет, парламент орысша сөйлейді. Осы дұрыс па? Оған кінәлі – өзіміз. Бізде намыс жоқ. Мысалы, Жапониядан, Америкадан, сол секілді тағы басқа шетелден келген азаматтар бір-екі жылдың айналасында біздің тілді үйреніп алады. Кейде солармен сөйлесе қалсаңыз: "Неге сіздер өз ана тілдеріңізде сөйлемейсіздер?" деп қарсы сұрайды. Ұяттан жерге кіріп кете жаздайсыз. Әлемде өзінің мемлекеттік тілін сыйламайтын, өздері ол тілде сөйлемейтін бір-ақ ел бар, ол – Қазақстан", - деп ашынып айтқан еді.

Сондай-ақ, Айтаханов бай мен кедейдің арасы алшақтанып баратынына қынжылып, қоғамның жіктелуі мен сыбайлас жемқорлықтың жайлауына жүрегі ауыратынын жеткізген.

Ол сондай-ақ, Алматы қаласындағы Көктөбеде әйгілі "Битлз" тобының ескерткіші орнатыларда "Олардың қазаққа, қазақ өнеріне қаншалықты еңбегі сіңді?" деп қарсы шыққан депутаттардың бірі болды. 

Сонымен қатар Қуаныш Айтаханов отандық арналарға берген сұхбатында балаларын, немерелерін қазақтың тілін, дінін, мәдениетін, географиясын, өнерін білуге үйретіп келетінін айтқан.

Мәселен үлкен немересін (Шымкент басшысының тұңғыш ұлы Өміржан: автор) тоғыз айлығынан басып жұбайы екеуі бауырына басқан. Шымкент әкімінің ұлы бір сұхбатында атасы Қуаныш Айтахановтың "Бүгін жасалуы керек істі ешқашан ертеңге қалдырмау керек" деп үнемі құлағына құйып отыратынын атап өткен болатын.

Қуаныш Айтаханов 2017 жылы саяси мансабын аяқтады. 70 жасқа толған кезде ұлан-асыр той жасаған Айтахановтың қуанышына елге сыйлы көптеген азаматтар, тіпті қазіргі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келген. Еңбек демалысындағы экс-сенатор биыл қараша айында 72 жасқа толады.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 30 шілдесі күні үшінші мегаполис Шымкент әкімі болып Ерлан Айтаханов тағайындалды. 47 жастағы шенеунік бұл қызметке келгенге дейін Түркістан облысы, Отырар ауданына басшылық еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1816009-symkent-kalasyny-kimi-erlan-ajtahanovty-tanymal-kesi-zajly-ne-bilemiz/