"Іш-құса болып, ауруға шалдығады": Баланы ата-әжесінің қолына берген дұрыс па?
Жарияланған күні:
Отбасылық дәрігер Гаухар Жұматқызы баласын ата-әжесінің тәрбиесіне беретін ата-аналарды сынға алды. Дәрігердің айтуынша, қазақы дәстүрге сүйеніп, ұл-қызын ата-енесіне табыстау – үлкен қателік деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Жақында бір оқырманнан хат келді. Ол бір жасар қызын күйеуінің айтуымен ата-енесіне беріп жібермекші екен. Келіншек баласын бергісі келмейді, бірақ, жолдасы бірінші баланың ата-әжеге тиесілі екенін айтып, бой бермейтін көрінеді.
Басқа амалы қалмаған анасы қызының тез үйреніп, ұмытып кететітінен ғана үмітті. Бұл мүлде дұрыс емес", - дейді дәрігер.
Гаухардың айтуынша, балаға ең бірінші кезекте тұлға деп қарау керек.
"Бала – тұлға! Оған дым түсінбейді деп қарамау керек. Жылағанының өзі қыңырлық пен еркеліктен бөлек, өзіндік бала тілі.
Балаларын дәстүрге сүйеніп, ата-әжесіне беретіндерге таңым бар. Тіпті, атасы мен әжесін "мама-папа" деп айтқызады. Өзінен шыққан балаға жақындауға, бетінен сүюге ұялатындар бар. Бұған себеп – ата-әжесінің ренжіп қалуы.
Біз, ересектер, өте эгоистпіз. Біз неге баланы ойламаймыз? Үлкендердің ренішінен қорқып, балаға өз махаббатымызды бере алмаймыз. Бұл өте өкінішті нәрсе", - дейді Гаухар.
Дәрігер бала үшін ананың орнын ешкім баса алмайтынын ашып айтты.
"Бала үшін ең жақын адам — анасы, оның орнын ешкім алмастыра алмайды. Байқаңызшы, сіз қанша ұрысып, көңіл бөлмесеңіз де бала сізден айналшықтап шықпайды.
"Енесі тепкен құлынның еті ауырмас" дейді қазақ. Бала мен ана арасында көзге көрінбейтін үлкен байланыс бар.
Бұл байланыс бала анасының құрсағына біткеннен бастап пайда болады. Аналық инстинкт те бала дүниеге келмей тұрып қалыптасады.
Сондықтан, баланы анасынан ажыратпау қажет. Дәстүрге сілтеп, балаңызды үлкендерге бермеңіз. Сәби өз ата-анасының мейіріміне бөленіп өсу қажет", - дейді ол.
Ата-әжесінің тәрбиесіне берілген бала үлкен стресс алып, іш-құса болады. Ал мұның арты үлкен дертке әкелуі мүмкін.
"Баланың болашағын ойлаңыз дегім келеді. Сәби үшін ата-анасынан артық ешкім жоқ. Ата-әжесі он жерден құшағына басса да, бала жақын адамынан айырылғандай күй кешеді.
Құса болып, стресс алып, кейін ауруға жиі шалдығады. Сырт көзге байқалмаса да, ондай балалар депрессияға бейім келеді. Екі жаққа жалтақтап, кімнің жағына шығарын білмей, өзіндік пікірін қалыптастырудан қалады.
Ал өтпелі, құбылмалы жасөспірім шақта ол психикалық жағдайларға тап болуы мүмкін. Осының салдарынан шизофрения, психозға шалдыққандар бар", -дейді дәрігер.
Гаухар Жұматқызының айтуынша, өз ата-анасынан жырақта қалған бала кейін көп ешкімге құлақ аспай, әке-шешесін тыңдаудан да қалады.
"Бала кейін әке-шешесін қабылдай алмайды, анасын "мама" деп атай алмайды.
Бізді де ата-әжеміз өсірді. Бірақ барлығы өз орнында еді. Әже әженің, ана ананың рөлін атқарды. Мен нағыз қазақы тәрбиемен өскен адаммын.
Бірақ дәл бұлай артық кетуге болмайды. Бала өз ата-анасымен өсу керек", - дейді дәрігер.
Ал сіз балаңызды ата-әжесінің тәрбиесіне берер ме едіңіз?
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1816339-depressiaga-bejim-bolady-balany-ata-zesini-kolyna-bergen-drys-pa/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.